Забур жырлары 118
Құдайдың сөзіне мойынсұнып, ризашылық білдіру
1
Пәк таза да тура жолмен жүріп,
Жаратқанның тәліміне бағынғандар бақытты!
2
Иеміздің ережелерін ұстанып,
Шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты!
3
Олар әділетсіздік істемейді,
Тек Жаратқанның жолымен ғана жүреді.
4
Ием, тұрақты орындауымыз үшін,
Өз бұйрықтарыңды шығарған едің.
5
Сенің жарлықтарыңа бағынып мен
Жүре берсем, шіркін, тура жолыңмен!
6
Сонда ден қойып бар өсиеттеріңе,
Ешқашан масқара болмас та едім.
7
Әділ шешімдеріңді үйренгенде
Сені дәріптеймін таза жүрекпен.
8
Мен жарлықтарыңды ұстана берем,
Жалғыз қалдыра көрме мені мүлдем.
9
Жастар қалай таза жолмен жүре алады?
Сөзіңе бағынып соны істей алады.
10
Шын жүректен Саған бет бұрып келемін,
Тайдыра көрме мені өсиеттеріңнен.
11
Күнә жасамауым үшін Саған қарсы,
Жүрегіме сақтадым айтқандарыңды.
12
Даңқталуға лайықсың, уа, Жаратқан,
Үйрете гөр жарлықтарыңды маған.
13
Мен дауыстап айтып та отырамын
Бар шешімдеріңді Өзің шығарған.
14
Жұрт шаттана қуанғандай мол байлыққа,
Мен ережелеріңмен жүремін шаттана.
15
Бұйрықтарың жайлы терең ойланамын,
Сенің жолыңа мұқият ден қоямын.
16
Жарлықтарыңды қуана орындаймын,
Сөздеріңді ешқашан ұмытпаймын.
17
Уа, Ием, мол мейірім көрсете гөр маған,
Сонда аман болып, сөзіңді сақтай аламын.
18
Рухани көзімді аша гөр менің,
Тәліміңнен кереметтер көрейін.
19
Бұ дүниеде жат жерлік кірмедеймін.
Өсиеттеріңді жасыра көрме менен.
20
Шешімдеріңді үйренуді сағынып,
Жаным әрдайым шөліркейді зарығып.
21
Сөгіп ескертесің тәкаппар адамдарды,
Өсиеттеріңнен тайған сол қарғалғандарды.
22
Масқара, қорлықты алып тастай гөр менен,
Ережелеріңді ұстанып келемін мен.
23
Әкімдер жиналып, мені өсектегенмен,
Жарлықтарың жайлы толғанамын, уа, Ием.
24
Ережелеріңнен рақат табамын,
Олар маған ақыл береді әрдайым.
25
Ажал аузында жанымның жатқаны-ай,
Аман сақтай гөр берген уәдеңе сай!
26
Жүрген жолдарымды айтып бергенімде
Өзің құлақ салып, жауап бердің де,
Жарлықтарыңды маған үйрете гөр енді.
27
Ұқтыра гөр бұйрықтарыңның мағынасын,
Кереметтерің жайлы терең ойланамын.
28
Жаныма қайғы батып, шаршап-шалдыққам,
Уәдеңе сәйкес күш сыйлай гөр маған.
29
Тәліміңді маған сыйлап рақымменен,
Жалғандық жолын алшақтата гөр менен.
30
Шындық жолымен жүруді таңдап алдым да,
Шешімдеріңді ұстаймын мен көз алдымда.
31
Берік ұстанамын Сенің ережелеріңді,
Уа, Жаратқан, ұятқа қалдыра көрме мені.
32
Менің жүрегімді азат еттің Сен,
Жүремін өсиеттеріңнің жолымен.
33
О, Ием, үйретсеңші жарлықтарыңның жолын,
Оны соңына дейін берік ұстанбақпын.
34
Түсінік сыйлашы, тәліміңді сақтамақпын,
Оған шын жүректен мойынсұнбақпын.
35
Жүргізе гөр мені өсиетіңнің жолымен,
Содан зор қуаныш тауып келемін мен.
36
Жан дүнием пайдақорлыққа салынбасын,
Оны ережелеріңе құштар етсең, шіркін!
37
Бос нәрселерге түсірмей көзімді,
Өз жолыңда жаңарта гөр өмірімді.
38
Ием, орындай гөр маған берген сөзіңді,
Содан бәрі терең қастерлесін Өзіңді.
39
Менен алшақтата гөр үрейлі масқараны,
Себебі шешімдерің сондай жақсы!
40
Қалаймын бұйрықтарыңа бағынуды,
Әділдігіңмен сергіте гөр жанымды.
41
Уа, Жаратқан, маған рақымыңды түсіре гөр,
Берген сөзіңе сай мені құтқара гөр.
42
Сонда сөккенге жауап бере аламын,
Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
43
Шындық сөзін алып қойма аузымнан,
Шешімдеріңе үмітімді артамын,
44
Тәліміңді мен ұдайы ұстанамын,
Әрдайым оны орындайтын боламын.
45
Содан жүрісім де болады емін-еркін,
Себебі бұйрықтарыңа бет бұрып келемін.
46
Патшалар алдында ережеңді айтамын,
Сонда ешқандай қаймықпайтын боламын.
47
Өсиеттеріңді қатты ұнатамын,
Олардан жұбаныш пен рақат табамын.
48
Өсиеттеріңді сүйіп, қабылдаймын,
Жарлықтарың жайлы үңіле ойлаймын.
49
Ескере гөр пендеңе берген уәдеңді,
Өзің қалайсың соған үміттенуімді.
50
Сенің сөзің мені жандандырады,
Бұл мені жапа шеккенде жұбатады.
51
Паң жандар мені мазақтай бергенмен,
Тағылымыңнан тайып кетпедім мен.
52
Ежелгі шешімдеріңді еске аламын,
Уа, Жаратқан, содан жұбаныш табамын.
53
Тағылымыңнан безген зұлымдарды
Көргенімде ашу кернейді бойымды.
54
Жат жерлік болып тұрған жақтарда мен
Жарлықтарыңды жырлап жүремін.
55
Уа, Жаратқан, түнде атыңды есіме саламын,
Сенің тәліміңді ұдайы ұстанамын.
56
Бұл менің берік әдетіме айналды:
Іске асырамын берген бұйрықтарыңды.
57
Уа, Жаратқан, Өзіңсің менің үлесім,
Сөздеріңді сақтаймын деп уәде бердім.
58
Шын жүректен сиынып келемін Саған:
Уәдеңе сай рақымды бола гөр маған.
59
Жүрген жолдарыма түңіле толғандым,
Ережелеріңмен жүруге бел будым.
60
Мен өсиеттеріңді тез орындап,
Кешеуілдеткен жоқпын жалтақтап.
61
Зұлымдар шырмап алды айналамды,
Ал мен ұмытпадым тағылымыңды.
62
Сені әділ шешімдеріңе бола
Дәріптеймін, тұрып түн ортасында.
63
Мен Сені терең қастерлеген жандардың
Әрі бұйрықтарыңды ұстанғандардың
Барлығымен де жақын жолдаспын.
64
Жер мейіріміңе толы, о, Жаратқан,
Жарлықтарыңды үйрете гөр маған.
65
Берген сөзіңе сай, уа, Жаратқан,
Көп жақсылық жасап келесің маған.
66
Мені үйретші дұрыс түсінік пен білімге,
Себебі сенемін Сенің өсиеттеріңе.
67
Мен азап шекпес бұрын жолдан адасқан едім,
Ал енді Сенің сөзіңді сақтап жүремін.
68
Ізгісің Сен, істейсің игі істеріңді,
Үйрете көрші маған ережелеріңді.
69
Тәкаппарлар жапса да маған жалаларын,
Мен шын жүректен бұйрықтарыңа бағынамын.
70
Олардың жүрегі сезімсіз боп қасарысқан,
Ал мен рақат табамын тағылымыңнан.
71
Үйренуім үшін жарлықтарыңды,
Азап шеккенім маған жақсы болды.
72
Мыңдаған алтын-күміс ақшалардан
Аузыңнан шыққан тәлімің қымбат маған!
73
Сенің қолың мені жаратып қалыптастырды,
Енді түсінік сыйлап, үйрете гөр бұйрықтарыңды.
74
Сені қастерлейтіндер мені көргенде шаттансын,
Себебі Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
75
Сенің шешімдеріңнің әділдігін мойындаймын,
Мені жазалағаның да әділ, уа, Жаратқаным.
76
Осы пендеңе берген уәдеңе сай мейірімің
Маған ұдайы жұбаныш бола берсін.
77
Рақымың түсіп, мен аман болайын,
Тағылымыңнан қуаныш табайын.
78
Мені себепсіз езген паңдар масқаралансын,
Ал мен бұйрықтарың туралы толғанамын.
79
Қастерлеп Сені, ережелеріңді білетін
Кісілер маған бет бұрып, қосылса, шіркін!
80
Масқара болмауым үшін жүрегім менің
Жарлықтарыңа түгел адал бола берсін!
81
Құтқаруыңды аңсап шаршап келемін,
Бірақ Сенің сөзіңе үміттенемін.
82
«Мені қашан жұбатасың?» деп зарығып,
Көзім талды сөзіңнің іске асуын тосып.
83
Түтінге қақталған торсықтай мен
Еш нәрсеге жарамсыз көрінгенмен,
Шығармадым жарлықтарыңды есімнен.
84
О, Ием, мен тағы қанша уақыт тосайын,
Мені қудалағандарды қашан соттайсың?
85
Сол тәкаппарлар Сенің заңыңа қарсы
Мені құлатпақ болып терең ор қазды.
86
Күллі өсиет атаулың адал да ақиқат,
Жар бола гөр, жау артымнан қуады нақақ!
87
Олар мені аластата жаздады жерден,
Бірақ Сенің бұйрықтарыңнан безбедім мен.
88
Сақтауым үшін шығарған ережелеріңді,
Рақымыңа сай нығайта гөр өмірімді.
89
Сенің айтқан сөздерің, Жаратқан Ием,
Көкте тұр мәңгілікке бекітілген!
90
Күллі келер ұрпаққа адал боласың,
Жер бола береді, Сен оны орнаттың.
91
Шешімдеріңе сай бұған дейін бәрі тұрады,
Бір Өзіңе барлығы да қызмет қылады.
92
Сенің тәлімің мені жұбатып қуантпағанда,
Құрып кеткен болар едім мүшкіл жағдайымда.
93
Ешқашан ұмытпаймын ережелеріңді,
Солармен аман сақтайсың өмірімді.
94
Құтқара гөр мені, себебі Сенікімін,
Мен бұйрықтарыңа көңіл бөліп келемін.
95
Зұлымдар аңдып жүр мені құртуға,
Мен болсам үңілемін жарлықтарыңа.
96
Әр кемелдіктің шегі бар екенін түсіндім,
Ал аясы шексіз Сенің өсиеттеріңнің!
97
Сенің тәліміңді сондай қатты сүйемін!
Күні бойы сол жайлы ойланып та жүремін.
98
Өсиеттерің есімде мәңгі бақи қалады,
Олар мені жауларымнан парасатты қылады.
99
Бар ұстазымнан терең ұға аламын,
Себебі жарлықтарың туралы толғанамын.
100
Тіпті жасы үлкендерден де білімдірекпін,
Себебі бұйрықтарыңды сақтап келемін.
101
Сенің сөздеріңді ұстанып келемін,
Сол үшін теріс жолдан аулақ жүремін.
102
Сенің шешімдеріңнен тайып кетпеймін,
Өйткені Өзің маған тәлім беріп келесің.
103
Қандай тамаша Сенің сөзіңнің дәмі,
Ол тіпті тіл үйірген балдан да тәтті!
104
Ақыл-кеңес табамын бұйрықтарыңнан,
Бар жалған жолдар сондай жексұрын маған!
105
Сенің сөздерің қадамдарымды жарқыратады,
Өмір жолыма шам-шырақтай нұрын шашады.
106
Мен ант еттім әділ шешімдеріңді сақтауға,
Сөзімде тұрып, сертімді орындаймын да.
107
Уа, Жаратқан Ие, қиналып жүрмін тым қатты,
Берген сөзіңе сай өмірімді жаңартсаңшы!
108
Аузымнан шыққан мадақтауымды, уа, Жаратқан,
Ерікті сый-тарту деп менен қабылдасаң,
Әрі өз шешімдеріңді үйретсеңші маған,
109
Әрқашан жанымды қиюға дайынмын,
Сенің тәліміңді есімнен шығармаймын!
110
Зұлымдар маған тор салып, тұзақ құрған,
Ал мен тайып кетпедім бұйрықтарыңнан.
111
Ережелеріңді қабылдадым мәңгі мұраға,
Жүрегімді кенелтеді олар қуанышқа.
112
Жүрегімде нық шешім қабылдадым бағынуға
Ақырына дейін Сенің жарлықтарыңа.
113
Жалтақтайтын жандарды еш жақтырмаймын,
Сенің тәліміңді қатты ұнатамын!
114
Сен қорғанымсың әрі қалқаным,
Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
115
Әй, әділетсіздер, аулақ кетіңдер қасымнан,
Құдайымның өсиеттерін ұстанатын болам.
116
Тірі қалуым үшін мені қолдасаңшы,
Берген уәдең бойынша нығайтсаңшы,
Үмітім Өзіңде: ұятқа қалдырмасаңшы.
117
Мені қолдай гөр, сонда аман қаламын,
Жарлықтарыңа ұдайы ден қоямын.
118
Жарлықтарыңнан безгендерді құлатасың,
Құр бекер — айлалы қылықтары олардың.
119
Қоқыстай шығарасың жердің бар зұлымдарын,
Ережелеріңді сондықтан қатты ұнатамын.
120
Тұла бойым дірілдеп Сенен қорқамын,
Шешімдеріңді елемеуден шошынамын.
121
Қуғыншылардың қолына түсіре көрме мені,
Жасап келемін ғой әділ де дұрыс істерді.
122
Осы пендеңді игілікке жеткізіп, қолдай гөр,
Паң жандардың жәбірінен мені сақтай гөр!
123
Әділ уәдеңнің іске асуын тосып,
Көзім талды құтқаруыңды аңсай күтіп.
124
Осы пендеңе рақымшылықпен қарай гөр,
Жарлықтарың жайлы тәлім бере гөр.
125
Пендеңмін, түсінік сыйлай гөр маған,
Сонда ережелеріңді ұғына аламын.
126
Уа, Жаратқан, шара қолданатын уақытың жетті:
Адамдар Таурат заңыңа бағынбай кетті!
127
Ал мен Сенің өсиеттеріңді алтыннан
Артық көремін, әрі саф алтыннан!
128
Содан бар бұйрықтарыңды әділ деп санаймын,
Бүкіл бұрыс жолдарды да жақтырмаймын.
129
Сондай керемет — Сенің ережелерің,
Сондықтан оларға шын жүректен көнемін.
130
Мәнісі ашылғанда сөздерің нұрын шашады,
Білімсіздердің де санасын оятып ашады.
131
Аузын ашып, ауаға зәру болған кісідей,
Мен шексіз құштармын Сенің өсиеттеріңе.
132
Есіміңді сүйген өзгелерге істегеніңдей,
Маған да бет бұрып, көрсете гөр мейіріміңді.
133
Қадамдарымды табанды ете гөр сөзіңмен,
Еш жамандық жүргізбесін маған өктемдігін!
134
Мені құтқара гөр адамдардың езгісінен,
Сонда бұйрықтарыңды сақтай аламын мен.
135
Уа, Ием, маған нұрын төгіп бет-жүзіңнің,
Үйрете гөр ережелеріңді Өзіңнің.
136
Көпшілік көнбегендіктен тағылымыңа,
Көз жасым менің көл болып ағылуда.
137
Уа, Жаратқан Ие, Сен әділсің,
Әрі әділетті күллі шешімдерің!
138
Әділдікпен және шексіз адалдықпен
Ережелеріңді белгілеп бердің Сен.
139
Сөздеріңді менсінбейді дұшпандарым,
Соған қатты налып, шаршап-шалдығамын.
140
Уәделеріңнің шындығы іс жүзінде сыналған,
Уа, Ием, оларды қатты ұнатамын сондықтан.
141
Жұрт менсінбей, кішік болғаныммен,
Бас тартпаймын Сенің ережелеріңнен.
142
Сенің әділдігің — мәңгі бақи хақ,
Әрі тағылымың — нағыз ақиқат.
143
Ауыртпалыққа ұшырап, қысылып қалдым,
Ал өсиеттеріңнен жұбаныш пен рақат таптым.
144
Мәңгілік әділетті ережелерің Сенің,
Түсінік сыйлай гөр шын өмір сүруім үшін.
145
Уа, Ием, шын жүректен Саған сиынамын:
Құлақ сала гөр, жарлықтарыңа бағынамын.
146
Мені құтқара гөр деп Саған жалынамын,
Ережелеріңді ұстанатын боламын.
147
Таң атпас бұрын Сені көмекке шақырамын,
Сенің берген сөзіңе сенімімді артамын.
148
Сөзіңе терең үңілу мақсатында
Ұйқыдан бас тартамын таң алдында.
149
Уа, Ием, рақыммен үніме құлақ сала гөр,
Әділдігіңе сай өмірімді нығайта гөр!
150
Сұм жоспар құрғандар таяп қалды маған,
Олар алшақтап кетті тағылымыңнан.
151
Ал, Жаратқан Ие, Сен маған жақынсың,
Нағыз шындық — күллі өсиет атаулың.
152
Баяғыда-ақ мен Сенің ережелеріңнен
Оларды мәңгілік орнатқаныңды білгенмін.
153
Мүшкіл халіме көз салып құтқарсаңшы,
Есімнен шығармадым тағылымыңды.
154
Сен мені жақтап, мүддемді қорғасаңшы,
Уәдеңе сәйкес өмірімді сақтасаңшы.
155
Құтқарылу тым алыс зұлымдардан,
Өйткені олар безеді жарлықтарыңнан.
156
Уа, Ием, ұлан-ғайыр — Сенің мейірімің,
Шешіміңе сай нығайта гөр өмірімді менің.
157
Мені қудалауда жаулар сонша көптеген,
Бірақ мен бас тартпаймын ережелеріңнен.
158
Опасыздарды көргенде жиренемін,
Олар сақтамайды сөздеріңді Сенің.
159
Бұйрықтарыңды қалай сүйетініме қарасаңшы,
О, Ием, рақымыңа сай өмірімді нығайтсаңшы.
160
Түп-тамырымен ақиқат Сенің сөздерің,
Әділетті де мәңгілік әрбір шешімің.
161
Басшылар жазықсыз мені қудалайды,
Ал жүрегім сөздеріңді қастерлеп қалтырайды.
162
Зор олжаға тап болған адам сияқты,
Сенің сөздеріңе қуанамын сондай қатты!
163
Жалғандықты жек көріп, одан жиренемін,
Өзіңнің тағылымыңды қатты сүйемін!
164
Өзіңді әділетті шешімдерің үшін
Сені күніне жеті рет дәріптеудемін.
165
Тәліміңді сүйгендер тыныштыққа кенелер,
Ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүрер.
166
Уа, Ием, өсиеттеріңді іске асырамын,
Мені құтқарасың деп үміттене тосамын.
167
Ережелеріңді жан дүниемде сақтап келемін,
Өйткені мен оларды қатты сүйемін.
168
Мойынсұнамын ережелерің мен заңдарыңа,
Барлық жүрген жолдарым Сенің көз алдыңда.
169
Жалбарынған үнім құлағыңа жетсе екен,
Түсінік сыйлай гөр уәдеңе сай, уа, Ием.
170
Өтінішім Өзіңнің алдыңа жетсінші,
Берген сөзіңе сай мені құтқара көрші.
171
Сен маған үйреткендіктен ережелеріңді,
Лайым аузым мадақтай берсін Өзіңді.
172
Тілім сөздеріңді ән-жырға қоса берсін,
Өйткені әділ күллі өсиеттерің Сенің.
173
Бұйрықтарыңды орындаймын деп шешкенмін,
Құдіретті қолың маған көмектесе көрсін.
174
Уа, Жаратқан Ием, құтқаруыңды аңсап тосамын,
Сенің тағылымыңнан зор қуаныш табамын.
175
Жаным аман қалып, Сені дәріптей берсін,
Шешімдерің тірек болып мені қолдай көрсін.
176
Жоғалған қой іспетті адасып келемін,
О, Ием, іздеп мені, қасыңа қайтарсаң екен,
Өсиеттеріңді енді шығармаймын есімнен.