Забур жырлары 117
Жеңіс үшін айтылған шүкірлік
1
Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны,
Мәңгіге ұласады берік рақымы!
2
«Мәңгіге ұласады берік рақымы!»
Деп жарияласын Исраил халқы.
3
«Мәңгіге ұласады берік рақымы!»
Деп мойындасын Һаронның ұрпақтары.
4
«Мәңгіге ұласады берік рақымы!»
Десін Иемізді қастерлейтін барлығы.
5
Мүшкіл халімде шақырдым Жаратқанды,
Ол жауап беріп, мені азат етіп алды.
6
Ием маған жар, қорықпаймын ешбір жайттан,
Не істей алады адам баласы маған?
7
Ием маған жар, Ол — Қолдаушым менің,
Жаудың жеңілісін әлі де көремін.
8
Адам баласына сенім артқаннан гөрі
Жаратқан Иені паналау сондай игі!
9
Әмірші, әкімдерге сенім артқаннан гөрі
Жаратқан Иені паналау сондай игі!
10
Барлық ұлттар айнала қоршап алды,
Жаратқанның атымен құрттым оларды.
11
Жан-жақтан олар мені қоршап алды,
Жаратқанның атымен құрттым оларды.
12
Айналамда олар арадай құжынады,
Бірақ жанған бұтадай тез өшіп қалды,
Жаратқанның атымен құрттым оларды.
13
Құлатпақ болып сол жаулар қатты итерді,
Ал Жаратқан Ие мені қолдап демеді.
14
Күш-қуатым әрі жырым — Жаратқаным,
Ол болды, міне, менің Құтқарушым.
15
Құтқарылу мен жеңістің шаттық айқайы
Әділдердің үйлерінде жаңғырады:
«Жаратқан Иенің құдіретті оң қолы
Қандай ғажап кереметтер жасайды!»
16
Сонда көтерілді Иеміздің оң қолы:
«Жаратқан Иенің құдіретті оң қолы
Қандай ғажап кереметтер жасайды!»
17
Енді өлмеймін, өмір сүре беремін,
Жаратқанның істерін паш етемін.
18
Жаратқан мені қатты жазалады,
Бірақ жанымды ажалға қимады.
19
«Әділдік қақпаларын» маған ашшы,
Оған кіріп, мадақтайын Жаратқанды.
20
Мына қақпа — Жаратқанның қақпасы,
Әділ жандар оған кіре алады.
21
Сені мадақтаймын, маған құлақ салдың,
Уа, Ием, менің Құтқарушым Сен болдың.
22
Құрылысшылар менсінбеген тас енді
Үйдің басты іргетасына айналды!
23
Жаратқанның Өзі соны істеді,
Көз алдымызда бұл керемет болды!
24
Иеміз жаратты бізге бұл күнді,
Шаттанып қуанайық осы күні.
25
Уа, Жаратқан, бізді құтқаршы,
Уа, Иеміз, табыс сыйлашы!
26
Жаратқанның атынан келе жатқан жарылқанған,
Оның киелі үйінен бата береміз соған.
27
Жаратқан Ие — Құдай, Ол бізге нұрын шашқан.
Мейрамның құрбандық малын апарыңдар,
Үстелдің мүйіздеріне байлап қойыңдар.
28
Сен Құдайымсың, Саған мақтау айтамын,
Сен Құдайымсың, даңқыңды асырамын.
29
Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны,
Мәңгіге ұласады берік рақымы!