Забур жырлары 107
Рақымды Құдайдан жауға қарсы жар болуын сұрау
1
(Дәуіттің әні әрі жыры.)
2
Уа, Құдай, жүрегім Саған сенімді,
Өзіңе арнаймын мен ән-күйімді.
Жан дүнием, ояншы, сергек болайын,
3
Жетіген мен домбыра, болыңдар дайын!
Атар таңды әніммен оятайын.
4
Уа, Жаратқан, жұрт алдында Сені даңқтаймын,
Ұлттардың арасында мадақтап жырлаймын.
5
Себебі берік рақымың заңғар аспандай,
Әрі сенімділігің асқар бұлттардай.
6
Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын,
Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!
7
Сүйіктілерің лайым аман сақталсын
Деп ден қойып, құдіретіңмен құтқарғын.
8
Құдай былай деді киелі мекенінен:
«Мен шаттанып Сихемнің жерін бөлшектеймін,
Соқот аңғарын да халқыма үлестіремін.
9
Ғилақад пен Манаса да — Менің иелігім,
Ефрем руы болады басты қорғаным,
Яһуда руынан шығады патшаларым.
10
Моаб Маған шылапшындай пайдалы болады,
Едом жері де меншігіме айналады,
Філістір елі де бойсұнып Мені қуантады».
11
Кім мені қамалды қалаға кіргізеді?
Кім Едом елінің ішіне енгізеді?
12
Сол Сен емес пе, Құдай, бізден бас тартқан,
Әскерімізбен бірге шайқасқа шықпаған?
13
Жаулардың қыспағына қарсы қолдашы,
Еш жарамсыз — пенделердің қолдағаны,
14
Зор істер істейміз Құдай жар болғанда,
Жауларымызды таптайды Ол аяғына.