Забур жырлары  105
Тұрақсыз халқының Құдайдан кешірім сұрауы
1
Мадақтаңдар Жаратқан Иені!


Жаратқан Ие ізгі, мақтаңдар Оны,
Мәңгі ұласады берік рақымы!
2
Құдіретті істерін кім айта алар,
Иемізді кім лайықты мадақтай алар?
3
Әділдікті ұстанғандар жарылқанар,
Ұдайы олар әділ істер жасар.


4
Халқыңа көрсеткенде мейіріміңді,
Уа, Жаратқан Ие, мені де ескерші,
Көмекке келіп, мені құтқара көрші.
5
Содан мен де таңдаған адамдарыңның
Көретін игілігіне ортақ болайын,
Халқыңның қуанышын да бөлісейін,
Меншікті халқыңмен бірге Сені құрметтейін.


6
Біз ата-бабамыздай күнә жасадық,
Заңсыздық істеп, зұлымдыққа баттық.
7
Ата-бабамыз Мысырда болған кезде
Керемет істеріңнің мәнін түсінбеді,
Істеген жақсылықтарыңды ұмытты,
Қамысты теңізде Өзіңе қарсы шықты.


8
Бірақ құдіретті күшін таныту үшін
Өз атына бола Құдай құтқарды халқын.
9
Қамысты теңізді құрғатты бұйрығымен,
Жай бастап алып жүргендей айдаламен
Алып шықты оларды теңіздің түбімен.
10
Құдай өз халқын дұшпандарынан құтқарды,
Жау қолынан оларды босатып алды.
11
Қанаушыларының барлығын су басты,
Жаулардың біреуі де аман құтылмады.
12
Сонда халық Оның сөздеріне иланды,
Оған арнап мадақтау әндерін шырқады.


13
Бірақ олар тез ұмытты Тәңірдің істерін
Әрі сұрап күтпеді Оның ақыл-кеңесін,
14
Айдалада құмарлықтарына салынды,
Құла түзде Құдайды еркінсіп сынады.
15
Құдай халыққа сұрағандарын берді,
Бірақ әлсірететін індет те жіберді.
а


16
Қоныста олар күндеп қызғанды Мұсаны
Әрі Жаратқанға бағышталған Һаронды.
17
Сонда жер жарылып, Датанды жұтып қойды,
Абиронның тобын да көміп тастады.
18
Олардың жиынында жалын лаулады,
От жалыны зұлымдарды жалмап қойды.
ә


19
Хориб беткейінде халық жас бұқаны
Құйып жасап, сол мүсінге табынды,
б
20
Олар сиынып келген салтанатты Құдайын
Алмастырды мүсінімен шөп жейтін бұқаның,
21
Өздерін құтқарған Құдайды ескермеді,
Ол Мысырда ұлы істер жасаған еді,
22
Хамның елінде кереметтер істеген еді,
Әрі үрейлі істер Қамысты теңізде.
23
Сонда Құдай халықты құртамын деді,
Бірақ Өзі таңдаған Мұса пайғамбар өтінді,
Құртамын деген ашуынан қайтуын тіледі.
в


24
Кейін халық аңсаған елін
г
менсінбеді,
Құдайдың уәдесіне сенім жүктемеді,
25
Шатырларында Оған қарсы күңкілдеді,
Жаратқанның даусына құлақ түрмеді.
26
Сонда Ол қол көтеріп оларға ант берді:
«Айдалада құритын боласыңдар! — деді,
27
— Халықтар арасында ұрпақтарың өледі,
Жат жерлерге олар шашырайды!» — деп шешті.


28
Пеғорда халық Бағалға құлшылық етті,
Өлі «тәңірлердің» құрбандықтарын жеді,
29
Арам істерімен Құдайды ашуландырды,
Сондықтан індет араларына жайылды.
30
Ал Пінехес тұрып, зұлымдыққа қарсы шықты,
Індеттің апаты осылайша тиылды.
31
Сол үшін Пінехес Құдай алдында ақталды,
ғ
Ұрпақтан ұрпаққа мәңгі бақи мақталды.


32
Халық Құдайды Меріба суының маңында да
Ызаландырып, жапа шеккізді Мұсаға,
33
Олар Мұсаны кейітіп өшіктірді,
Сонда ол қызбаланып ағат сөйледі.


34
Халық Қанахандағы азғын ұлттарды
Жаратқан Ие бұйырса да құртпады.
35
Қайта, олармен қоян-қолтық араласты,
Солардың арам істеріне ортақтасты.
36
Жат ұлттардың пұттарына
д
бірге табынды,
Осылайша торға түсіп, арамданды,
37
Өз ұл-қыздарын жын-перілерге арнады:
Құрбандыққа шалып, ешбір аямады!
38
Кінәсіз жандардың олар төкті қанын,
Қанаханның пұттарына өз ұл-қыздарын
Құрбандыққа шалып, олардың қанын ұсынды,
Сол қанмен Қанахан елін арамдады.
39
Осындай істерімен халық өзін қорлады,
Қасиетті Келісімге сатқындық жасады.
е


40
Содан халқына қарсы қаһарланды Жаратқан,
Әбден жиренді Өзінің меншікті халқынан.
41
Оларды бөтен ұлттарға тапсырды,
Үстерінен жек көрген жаулары билік құрды,
42
Сол дұшпандары қыспақтап қанады,
Халықты билеп-төстеп қорлады.
43
Жаратқан Ие көп рет халқын құтқарды,
Ал олар бас көтерулерін жалғастырды,
Күнәларының кесірінен құлдырады.


44
Дегенмен Құдай халықтың қиыншылығына
Көзін салып, құлақ түрді жалыныштарына,
45
Халқымен жасаған Келісімін ескерді,
Зор рақымымен оларды есіркеді,
46
Содан Ол халқын тұтқында ұстаған бар елдерді
Оларды аяп мүсіркеуге мәжбүрледі.


47
О, Құдай Иеміз, құтқарып ала гөр бізді,
Ұлттар арасынан жинап ала гөр кері,
Сонда біз дәріптейміз киелі атыңды,
Қуана мақтан тұтамыз ұлы даңқыңды.


48
Исраилдің Құдай Иесі мадақталсын,
Мәңгіліктен мәңгілікке Ол даңқталсын,
Барша халық мақұлдап «Аумин!» десін!


Лайым Жаратқан Ие дәріптелсін!

а  (77:29; Рул 11:31-34) Немесе: Бірақ жан дүниелеріне жұтаңдық (тапшылық) жіберді.

ә  Рул 16:46.

б  Мыс 32:4.

в  Мыс 32:10-14.

г  Яғни Құдай оларға беруге уәде еткен Қанахан жерін (Рул 14: 2-10).

ғ  Яки: Пінехес Құдай алдында әділ деп есептелді (Рул 25:10-13; Жар 15:6).

д  Яғни қанахандық халықтар табынған жалған тәңірлердің мүсіндеріне.

е  Яки: (Жалған тәңірлерге табынып) азғындыққа салынды (Мыс 34:15).