Забур жырлары  104
Уәдесіне берік Жаратқан Иені мадақтау
1
Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар,
Оның есімін атап сиыныңдар,
Ұлы істерін халықтарға хабарлаңдар!
2
Иемізге ән салып, Оны мадақтаңдар,
Барлық кереметтерін паш қылыңдар,
3
Оның киелі атымен мақтаныңдар,
Жаратқанға сиынатын сендер, шаттаныңдар!
4
Иемізге әрі құдіретіне ден қойыңдар,
Дәйім Оның еркін білуге ұмтылыңдар!
а


5
Ұмытпаңдар Оның жасаған кереметтерін,
Ғажап істері мен шығарған шешімдерін,
6
Уа, Оның құлы Ыбырайымның ұрпақтары,
Жақыптан тарағандар, таңдаулы адамдары!
7
Ол — біздің Құдайымыз, Жаратқан Ие,
Бүкіл әлемге Өзі билік жүргізуде.
ә


8
Мәңгі есінде сақтайды Ол өз Келісімін,
Келер мың буынға да бұйырған өсиеттерін —
9
Ыбырайыммен жасаған Келісімін,
Ысқаққа да антпен берген сол уәдесін,
б
10
Жақыпқа оны ереже қылып бекітті,
Исраил үшін тұрақты Келісім етті.
в
11
«Мұралық үлесің етіп беремін саған
Қанахан елін» деді сонда Жаратқан.


12
Сол кезде бұл әулет әлі де аз болатын,
Азғана кірме болып сонда тұратын.
13
Олар елден елге көшіп-қонатын,
Патшалықтарды аралап орнығатын.
14
Ал Құдай ешкімге соларды жәбірлетпеді,
Олар жайлы патшаларға қатаң ескертті:
15
«Тағайындағандарыма
г
еш тиіспеңдер,
Пайғамбарларыма зұлымдық істемеңдер!»
ғ


16
Тәңір Ие ашаршылық жіберді елге,
Талқандап тамақ қорының бәрін де.
17
Алдарынан шығарды Ол бір жігітті,
Мысырға құлдыққа сатылған Жүсіпті.
д
18-19
Тәңірдің сөзі оның мінезін сынап болғанша,
Алдын ала айтқандары орындалғанша,
Жүсіптің аяқтары қысылып бұғауланды,
Мойнына оның темір құрсау салынды.
20
Патша сонда адам жұмсап, Жүсіпті босатты,
Халықтардың билеушісі оны азат етті,
21
Тіпті өз сарайының басқарушысы қылды,
Жүсіпке бар иелігін басқартып қойды,
22
Төрелерінің үстінен оның бұйрығын жүргізді,
Жүсіпке басшыларын даналыққа үйреткізді.
е


23
Содан кейін Исраил Мысырға көшті,
Жақып жат жерлік боп Хам елінен қоныс тапты,
ж
24
Жаратқан Ие сонда халқын өсімтал етті,
Оның санын дұшпанынан басым етті,
25
Ол Мысырға Исраил халқын жек көргізді,
Өзінің құлдарына қарсы сұмдық жасатқызды.
26
Иеміз қызметшісі Мұсаны жолдады,
Сондай-ақ Өзі таңдап алған Һаронды.
27
Бұлар Жаратқан Иенің ғажап істерін —
Хам елі Мысырда Оның мына кереметтерін
Халық арасында іске асырып көрсетті:
28
Тәңір Ие қараңғы түсіріп түнек етті елді,
Себебі Мысыр Оның сөзіне бағынбай келді.
29
Елдің суларын Ол қанға айналдырды,
Ондағы балықтарды құртып жоқ қылды,
30
Мысырдың жерін қаптап кетті құрбақалар,
Патшаның бөлмесін де жайлап алды олар.
31
Иеміз айтқанда шыбын-шіркей құжынады,
Әрі масалар да бүкіл елді қаптады.


32
Жаратқан жаңбырды бұршақпен ауыстырды,
Найзағайдың отын жерге жаудырды.
33
Жүзім мен інжір ағаштарын құлатты,
Елдегі бар ағаштарды қиратты.
34
Иеміз айтқанда шегірткелер қаптады,
Сансыз көп шегіртке құрттары құжынады,
35
Жердің жасыл шөбінен түк қалдырмады,
Егіндіктегі бар астықты жалмады.
36
Ақыры Ол елдегі бар тұңғышты өлтірді,
Мысырлықтардың мақтанышы
з
солар еді.


37
Жаратқан Ие Мысырдан халықты
Сыйға алған алтын-күміспен алып шықты,
Руларындағы біреу де шаршап-шалдықпады.
38
Халық кеткенде мысырлықтар қуанды,
Өйткені қорқыныш биледі оларды.
39
Жаратқан Исраилді бұлтпен жапты,
Түнде от оларға сәулесін шашты.
40
Халық ет сұрағанда Ол бөденелер жіберді,
Аспаннан түскен нанмен тойындырды,
41
Жартасты жарып, содан су ағызды,
Су шөлді жерлермен өзендей сарқырады.


42
Себебі Жаратқан киелі сертін ескерді,
Қызметшісі Ыбырайымға соны берген еді.
43
Осылай Ол алып шықты халқын шаттықпен,
Таңдап алған адамдарын зор қуанышпен,
44
Өзге ұлттардың жерін оларға берді,
Бөтен халықтың еңбегін де иемдендірді,
45
Енді Оның халқы жарлықтарын орындасын,
Заңдарын да ұдайы берік сақтасын.


Лайым Жаратқан Ие мадақталсын!

а  Яки: Әрдайым Оның бет-жүзіне қарай бұрылып, Оған сиыныңдар.

ә  Немесе: Бүкіл елімізде Оның әділ шешімдері көрінуде (Иш 26:9).

б  Жар 12:6-7; 13:14-17; 15:18-21; 22:15-18; 26:2-5.

в  Жар 28:12-15; 32:28-30; 35:9-12.

г  Яки: Май жағу рәсімінен өткен адамдарыма (яғни Құдайдың діни қызметкерлеріне әрі патшаларына) (Түсіндірмені қараңыз).

ғ  Жар 20:7; 26:11,28-29; 28:13-15; 31:29.

д  Жар 37:28,36.

е  Жар 39:1,19-20; 41:14-16,38-41,44.

ж  (Жар 46:6) Ежелгі мысырлықтар Хамның ұрпақтары болып саналған (78:51; Жар 10:6). Исраил — Жақыптың қосымша аты (Жар 32:28).

з  (Мыс 12:29) Немесе: Бар күштерінің алғашқы өнімі.