Забур жырлары 101
Зор ауыртпалық шеккен адамның мінажаты
1
(Ауыртпалық шегіп, әлсіреген жанның Иемізге мұңын шаққан мінажаты.)
2
Уа, Жаратқан, мінажатымды естіші,
Көмек сұраған даусым Саған жетсінші,
3
Қиын кезде менен сырт айналмашы,
Маған құлағыңды түре көрсеңші,
Өзіңді шақырсам тез жауап берші.
4
Күндерім түтіндей лезде жоғалады,
Сүйектерім от шоғындай маздап жанады.
5
Шабылған шөптей қурады жүрегім,
Тамақ ішуді де ұмытып келемін,
6
Қатты қиналып ыңқылдағанымнан
Әбден жүдегенмін, құр сүлдерім қалған.
7
Құла түздегі бірқазанға ұқсаймын,
Һәм қираған орындағы жапалақтаймын,
8
Мен ұйықтай алмай ояу жатырмын,
Үй төбесіндегі құстай тым жалғызбын.
9
Дұшпандарым күнде балағаттайды,
Мені мазақтап, атымды қарғайды.
10
Нан орнына күлмен тамақтанамын,
Көз жасымды сусыныма қосамын.
11
Мұның себебі — ашу-ызаң Сенің,
Жоғары көтеріп, мені лақтырған едің.
12
Кешкі көлеңкедей өтеді күндерім,
Қураған шөптей әбден әлсіредім.
13
Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі боласың,
Бар ұрпақтарға жайылар Сенің даңқың.
14
Орныңнан тұрып, Сионға рақым етші,
Енді уақыт болды, мейірім көрсетші,
Соған белгілеген мезгілің жетті.
15
Құлдарың Сионның тастарын ұнатады,
Шаң-тозаңы аяныштарын оятады.
16
Бар ұлттар дірілдер Жаратқанның атынан,
Әлемнің патшалары да Оның даңқынан:
17
Жаратқан Ие Сионды қайта тұрғызбақ,
Өз салтанатымен сонда пайда болмақ,
18
Мұқтаждың мінажаттарын Ол тыңдайды,
Жалыныштарын жауапсыз қалдырмайды.
19
Болашақ ұрпақтар үшін бұл жазылмақ,
Келер буындар Жаратқанды даңқтамақ:
20
Жаратқан Ие көктен жер бетіне қарады,
Киелі үйінен Ол төмен көз тастады,
21
Тұтқындардың ыңқылдауын есту үшін,
Өлімге кесілгендерді азат ету үшін.
22
Содан Жаратқанның аты Сионда мақталмақ,
Даңқы Оның Иерусалимде асырылмақ,
23
Сонда бар халықтар бұл қалаға жиналар,
Патшалықтар Жаратушыға ғибадат қылар.
24
Өмір жолымда Тәңір мені қалжыратты,
Ғұмырымның күндерін Ол қысқартты.
25
Сонда мен былай дедім Жаратқанға:
«Уа, Құдайым менің, жарты жолда
Өмірімді көрмеші қысқарта!
Сен жасайсың ұрпақтан ұрпаққа,
26
Жердің негізін салғансың әуел баста,
Құдіретіңмен жараттың аспанды да.
27
Олар құриды, Сен боласың әр уақытта,
Киімдей тозады олардың барлығы да,
Көйлектей ауыстырасың Сен оларды,
Содан олар лақтырылып тасталады.
28
Ал Өзің өзгермей қалатын боласың,
Еш таусылмайды Сенің жасар жылдарың.
29
Құлдарыңның ұлдары тыныш тұрады,
Ұрпақтары көз алдыңда нық болады».