Забур жырлары
Жазбалар туралы мәлімет
Забур жырлары жазбаларында ежелгі заманнан жеткен, рухани күш-қуаты керемет мадақтау жырлары, мінажаттар және тәлім сөздері сақталған. Оларды біздің жыл санауымыздан 1000 жылдай бұрын өмір сүрген, Құдайдың Киелі Рухы дарыған Дәуіт пайғамбар және басқа да қасиетті адамдар шығарған. Бұлар жаратылыстағы кереметтерге, Құдай Тағаланың мейірімділігі мен қамқорлығына таң-тамаша болды. Содан Жаратқан Иеге Өзінің ерен ұлылығы әрі шексіз рақымы мен жарылқауы үшін шын жүректен шүкірлік пен мақтау айтты. Олар, сондай-ақ, өздерінің мұқтаждықтары мен қайғы-қасіреттерін және жауларының зорлық-зомбылығына деген наразылықтарын да білдіріп отырды.
Осы жырларды жазғандар Құдай Рухының жетелеуімен сол елдің мәдениетіндегі ақындық өнердің түрлі тәсілдерін ұтымды қолданды. Осылайша өздерінің ой-пікірлері мен арман-тілектерін, қуаныштары мен қорқыныштарын барынша келісті етіп суреттеді. Мысалы, қайталау әдісінде бір ой-пікір екі жолда өзара ұқсас сөздермен бейнеленеді. Берілген ойдың мағынасын тереңдетіп, кеңейту үшін екінші жол бірінші жолдың аздап қана өзгерген түрі болып келеді. Сонымен қатар ақындар көптеген салыстыруларды, ауыспалы сөз тіркестерін және басқа да шешендік әдістерді үлкен шеберлікпен пайдаланған. Осы аудармада жырлардың өнерлік күшін мүмкіндігінше айқын беру көзделді. Сонымен қатар түпнұсқа мазмұнын да барынша ұқыпты сақтап, оны бүгінгі оқырмандарға анық та түсінікті етіп жеткізу қажет болды.
Жүз елу Забур жыры ежелде бес жазбада жинақталған. Көп жырдың басында оның сөздерін жазған немесе сол жыр құрметпен бағышталған адамның аты-жөні берілген. Кейбірінің кіріспесінде Дәуіт пайғамбардың басынан өткен оқиғаға сілтеме жасалған, әрі ән-күйдің жетекшісіне жырды орындағанда қолданылатын саз аспаптары мен әуендер жайлы нұсқау берілген. Бірнеше жыр патшаның таққа отыру рәсімінде не өзге де белгілі бір кездерде айтылатын.
Кейінірек Иеміз Иса және Оның елшілері Забур жырларынан үзінді келтіріп, қолданып жүрді. Иеміздің тура жолымен жүргендер бұл жырлар мен мінажаттарды ерте кезден бастап-ақ Құдайға сиынып, Оған ғибадат еткенде айтып келеді. Сенушілер қауымдары қазір де олардан қуаныш пен жұбаныш тауып, рухани күш-қуат алады.