Нақыл сөздер 7
Даналықтың жүгенсіздіктен сақтауы
1
Балам, сөздерімді есіңде ұстап,
Ережелерімді жадыңда жүр сақтап,
2
Өмір сүр, өсиетімді орындап,
Ілімімді көз қарашығыңдай сақтап,
3
Саусаққа байлап алғандай жүр ұстанып,
Жүрегіңнің түкпіріне қойғын жазып.
4
Даналыққа қарашы туған бауырыңдай,
Парасатты да көрші туысқаныңдай.
5
Сонда олар қорғайды азғын әйелден,
Сені баурамақ болғаннан майда сөзімен.
6
Бір күні қарап тұрсам терезеден,
7
Тәжірибесіз жастардың арасынан
Жас жігітті байқадым, ақылы толмаған.
8
Әйел тұрған бұрыштан жігіт өтті,
Соның үйіне апаратын жолмен кетті.
9
Бұл күн батып, ымырт түскен кез еді.
10
Міне, әйел жігіттің алдынан шықты,
Жезөкшедей киінген, айлалы еді.
11
Ол үйінде тұрмас, жүгенсіз де даурықпа,
12
Торып жүр көше, алаң, бұрыштарды.
13
Жігітті сол арсыз құшып алып, сүйді,
Шімірікпей оған қарап былай деді:
14
«Мен тиісті құрбандығымды шалдым,
Антымды бүгін түгел орындадым.
15
Кезігу үшін өзіңе үйден шықтым,
Сені іздеп, енді, міне, тауып алдым!
16
Төсегіме әдемі көрпе салдым,
Түрлі түсті мысырлық жабын жаптым,
17
Хош иісті мүр, алоэ, дәмқабық шаштым.
18
Кәне, жүр, таң атқанша бірге болайық,
Махаббаттың ләззатымен сусындайық!
19
Үйде ерім жоқ, ол алыс сапарға кетті,
20
Күміс толы дорбасын ала кетті,
Ай толғанда ғана қайтып келеді».
21
Майда тілмен ол жігітті арбап алды,
Жылы сөйлеп дегеніне көндірді.
22
Жігіт әйелге еріп жүре берді,
Сойылуға бара жатқан өгіздей,
Әрі торға түсіп қалған бұғыдай,
23
Садақ оғы әлі бауырына қадалмай,
Тұзаққа зымырай ұшқан құстай,
Өмірмен қоштасарын кетті ол ұғынбай.
24
Сонымен, балалар, мені тыңдаңдар,
Айтқан сөздеріме құлақ салыңдар!
25
Жүгенсіз әйелдің ізіне түспеңдер,
Жолына еліктеп, адасып жүрмеңдер!
26
Көп адам осылайша құлап қалды,
Күштілер оның қолынан қаза тапты.
27
Оның үйі көрге қарай жетелейді,
Тозақтың дәл түбіне түсіреді.