Нақыл сөздер 4
Даналық пен әділдікті ұстануға арналған әке өсиеті
1
Балалар, әке өсиетіне құлақ түріңдер,
Парасатқа ықылас бөліп, меңгеріп алыңдар,
2
Өйткені мен сендерге игі тәлім беремін,
Бас тартып кетпеңдер үйреткен өсиетімнен!
3
Өзім де әкемнің қасындағы ұлы болдым,
Көзінің қарасы, шешемнің жалғызы едім.
4
Әрдайым былай деп әкем маған үйрететін:
Жүрегіңе сөздерімді берік тоқып алғын,
Өсиеттерімді орындап өмір сүргін.
5
Парасатқа ие болып, даналыққа кенелгін,
Сөздерімді ұмытып, бас тартып жүрмегін.
6
Даналықтан безбе, сонда ол сені қорғайды,
Ұдайы оны сүйсең, сені аман сақтайды.
7
Ең бастысы — даналық, даналыққа кенелгін,
Қолыңдағы барыңмен парасатқа ие болғын.
8
Жоғары оны бағала, дәрежеңді көтерер,
Айырылма одан, абыройыңды асырар.
9
Даналық басыңа шір таққандай көрік берер,
Тәж орнатқан секілді құрмет-даңққа кенелтер.
10
Балам, зейін қойып сөзімді қабыл ал,
Сонда сенің ғұмырың ұзақ болар.
11
Мен саған даналық жолын көрсетемін,
Ұдайы сені тура жолмен жетелеймін.
12
Сол жолмен бөгелмей еркін жүресің,
Жүгірсең де ешқашан сүрінбейсің.
13
Тәлімімнен мықтап ұстан, айырылып қалма,
Шын өмірге жеткізеді, соны есіңде сақта.
14
Қылмыскерлер жолына аяғыңды салма,
Зұлымдардың соқпағымен жүретін болма!
15
Бас тартып одан, әрқашан айналып өт,
Бойыңды аулақ ұстап, бұрылып кет.
16
Зұлымдық істемей олар ұйықтай алмас,
Біреуді құлатпай еш тыным таппас.
17
Оларға зорлық пен әділетсіздікті
Істеу тамақ ішкендей үйреншікті.
18
Әділдің жолы таң шапағы іспетті
Тал түс болғанша жарқырай түседі.
19
Ал қылмыстының жолы түнекке ұқсайды,
Ол неден сүрініп, құлағанын ұқпайды.
20
Балам, сөзімді жүрегіңе тоқып ал,
Айтқандарыма мұқият құлақ сал.
21
Сөзімді назарыңнан тыс қалдырмай,
Жүрегіңнің түкпіріне сақтап қой.
22
Шын өмір сыйлайды ол мәнісін тапқанға,
Денсаулық береді оның тұла бойына.
23
Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді,
Өйткені ол — өміріңнің қайнар көзі.
24
Лайым аузыңнан өтірік шықпасын,
Тілің жалғандықтан қашықтасын!
25
Алға қарай көзің тура қарасын,
Алған бағыттан назарың таймасын,
26
Көңіл бөл жүретін жолыңа өзіңнің,
Лайым берік болсын жолдарың сенің.
27
Алға басып, оңға-солға бұрылма,
Аяғыңды жамандықтан аулақ ұста.