Нақыл сөздер 3
Тәлім алып, Тәңір Иеге мойынсұнудың зор пайдасы
1
Балам, берген нұсқауларымды еш ұмытпа,
Өсиеттерімді менің жүректе сақта!
2
Өйткені олар ғұмырыңды ұзартар,
Амандық пен тыныштық молынан дарытар.
3
Мейірім мен шындықтан ешқашан безбе,
Мойныңа байлап, жазып қойғандай жүрекке.
4
Сонда ұнамды болып Құдай мен адамға,
Ие боласың зор құрмет-абыройға.
5
Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме,
Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе.
6
Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді,
Сонда Ол тура жолмен жетелер сені.
7
Паңданып өзіңді «данышпанмын» деп ойлама,
Иеңді шын қастерле, зұлымдыққа жолама,
8
Тұла бойың сергіп, сауығатын болар сонда.
9
Жаратқанды құрметтеп сыйға бер мал-мүлкіңнен,
Алған бар өніміңнің алғашқы түсімінен.
10
Сонда астыққа кенелер қамбаларың,
Ернеулеп толар шырынға ыдыстарың.
11
Балам, Тәңір сені тәрбиелегенде
Онысын ешқашан менсінбей жүрме,
Ол сені жөнге келтіргенде
Лайым еңсең түсіп жүнжіме!
12
Иеміз Өзі сүйетін әркімді
Түзетеді әрі тәрбиелейді.
Әкесі сүйікті баласын да
Жазалайды қажет болғанда.
Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан
13
Қандай бақытты даналықты тапқан адам,
Ақыл-парасатты иемденген әрбір жан!
14
Өйткені оған қол жеткізу күмістен құнды,
Алтыннан жоғары оның берер пайдасы.
15
Даналық әлдеқайда құнды асыл тастан,
Құмартқан ешбір нәрсең тең келмес оған.
16
Ол саған берер ұзақ ғұмыр — оң қолында,
Әрі байлық пен қадір-құрмет — сол қолында.
17
Даналық ұнамды жолдармен жүргізер,
Соқпақтары адамды тыныштыққа жеткізер.
18
Ие болғанға даналық — шын өмірдің ағашы,
Оны мықтап ұстанған әркім қандай бақытты!
19
Жердің негізін Жаратқан Ие салды даналықпен,
Аспанды мықтап орнатты ақыл-парасатпен.
20
Оның даналығымен терең көздер ашылды,
Аспандағы бұлттардан жауын жауа бастады.
21
Ей, балам, мыналарды назарыңнан тайдырма:
Дұрыс ой мен естілікті сақтап жүр әр уақытта!
22
Олар шынайы өмірге жаныңды кенелтер,
Мойынға таққан моншақтай сені көркейтер.
23
Сонда өмір жолыңда алаңсыз жүрерсің,
Аяғың тайып, сүрініп те кетпессің,
24
Төсекте жатқанда ешқандай қамықпассың,
Қауіпті уайымдамай, жайлы ұйықтарсың,
25
Кенеттен келер апаттан қорықпассың,
Зұлымдардың күйреуінен қаймықпассың.
26
Өйткені Жаратқан Ие сүйенішің болар,
Жүрген өмір жолыңда сені тордан сақтар.
Қатыгездіктен сақтандыру
27
Қолыңнан келіп тұрғанда мұқтаждарға
Жақсылық көрсет, соған лайық жандарға.
28
Көршіңе қажет нәрсе сенде бар болғанда:
«Ертең кел, сонда берермін» деп оны қайтарма.
29
Жаныңда бейқам тұрып жатқан көршіңе
Ешқандай қастандықты сен ойлап жүрме.
30
Өзге жан саған жамандық жасамаса,
Еш себепсіз онымен жанжалдаспа.
31
Озбырлық жасайтынмен бақталаспа,
Теріс жолдарының ешбірін таңдап алма!
32
Азғын жанды Жаратқан Ие жек көреді,
Әділ жанға Ол өз еркін ашып білдіреді.
33
Жаратқан Ие зұлымның мекенін қарғайды,
Ал әділ адамның шаңырағын жарылқайды.
34
Тәңір мазақтаушылардың өздерін мазақтайды,
Ал езілген кішіпейілдерге рақымын сыйлайды.
35
Даналар қадір-құрметті иемденеді,
Надандар болса, масқараны иеленеді.