Нақыл сөздер  17
1
Жанжалды үйдің мол етінен гөрі
Татулықпен жеген қатқан нан игі.


2
Арсыз ұлды ұғымпаз құлы билер,
Ағайындарымен бірге мұрасын бөлісер.


3
Алтынды отта балқытып, күмісті көрікте сынар,
Адам жүрегін Жаратқанның Өзі тексеріп сынар.


4
Зұлымдық істеуші залым тілге құлақ асар,
Өтірік айтушы сұмдық тілге ден қояр.


5
Кедейді тілдеген Жаратушысын қорлайды,
Сәтсіздікке қуанған жазасыз қалмайды.


6
Қарттардың тәжі — немере-шөберелері,
Балалардың мақтанышы — әке-шешелері.
Ақылды жан даналықты назарда ұстар
7
Өрелі сөз ақымаққа еш жараспас,
Өтірік сөз мырзаға
а
одан бетер жараспас.


8
Сый-тарту беруші оны сиқырлы тастай көрер,
Қайда барса да, ол табысқа қол жеткізер.
ә


9
Қатені кешіретін достығын нығайтар,
б
Ал оны айта беретін досынан айырылар.


10
Ақылсызға берген жүз дүреден гөрі
в
Ақылдыға берген бір сөгіс әсерлі.


11
Зұлым жан тек бүлікті көздер,
г
Оған қарсы қатал өкіл жіберілер.


12
Наданның ақымақтығына тап болғаннан гөрі
Қонжығынан айырылған аюға тап болған игі.


13
Жақсылыққа жамандық қайтарған —
Өз үйіне үздіксіз пәле шақырған.


14
Басталған ұрыс тасқын суға ұқсас,
Жанжал қызбай тұрып, дауды бас.


15
Ақтау кінәліні, айыптау кінәсізді —
Екеуі де Жаратқан Иеге жиренішті.


16
Даналықты меңгеруге құлшынысы
ғ
болмаса,
Наданның қолындағы ақшадан не пайда?


17
Шынайы дос әрдайым жақсы көрер,
Қиыншылықта бауырыңдай көмектесер.
д


18
Ұғымсыз жан қол алысар,
Басқаның қарызына кепіл болар.
е


19
Жанжалды сүйген күнәні ұнатқан,
Кеудесін тым көтерген
ж
пәле шақырған.


20
Қастық ойлаған жақсылық таппайды,
Жалған сөйлеген пәлеге ұшырайды.


21
Надан ұл өзін туғанға сор,
Ақымақтың әкесі қуаныштан құр.


22
Көтеріңкі көңіл шипа болар,
Жабырқаңқы көңіл тәнді қуартар.


23
Арамза жасырын пара алар,
Әділет жолын бұрмақ болар.


24
Ақылды жан даналықты назарында ұстар,
Ақымақтың көзі жер түбін шарлар.


25
Надан ұл әкесін қапаландырар,
Туған анасын ашындырар.


26
Әділ жанды жазалау игі болмас,
Адал жүрген мырза жанды дүрелеу жараспас.
з
Тілде өмір мен өлімнің билігі бар
27
Есті адам байыппен сөйлер,
Ұғымды жан байсалды жүрер.


28
Үндемесе тіпті наданды саналы дер,
Аузына ие болса, ол дана болып көрінер.



а  Яки: жомарт билеушіге (17:26; 19:6; 26:1).

ә  18:16; 19:6.

б  10:12.

в  Яки: жүз соққыдан гөрі.

г  Немесе: Бүлікші тек зұлымдық көздер.

ғ  Немесе: зердесі.

д  Немесе: Бауырың қиыншылықта көмектесу үшін дүниеге келген.

е  6:1-5; 11:15; 22:26.

ж  (16:18; 29:23) Яки: Тәкаппарлықпен үйінің қақпасын тым биік салған.

з  Яки: Мырза жанға адалдығы үшін соққы беру жөн болмас.