Нақыл сөздер 16
Әділдік пен ынтымақты Жаратқан Ие жақтырар
1
Адам жүрегінде жоспар құрар,
Ал соның жауабы Жаратқаннан болар.
2
Адамға күллі істері жөн іспетті,
Ал Жаратқан Ие тексереді ой-ниетті.
3
Жаратушыға сеніп тапсыр бар ісіңді,
Сонда құрған жоспарың болар өнімді.
4
Жаратқан Ие бәрін де өз мақсатына сай жасар,
Арамзаны Ол апатты күнге қалдырар.
5
Жаратқан Иеге жексұрын — жүрегі паңдар,
Шүбә жоқ, жазасыз қалмайды олар.
6
Рақыммен және шындықпен күнәлар кешірілер,
Жаратқанды шын қастерлейтін күнәдан аулақ жүрер.
7
Адамның жолы Жаратқанға ұнаса,
Тату қылар соның жауларын да.
8
Ағыл-тегіл арам кірістен гөрі,
Аз болса да адал пайда игі.
9
Жүрер жолын адам жүрегінде жоспарлар,
Ал оның қадамдарын Жаратқан Ие бағыттар.
Ізгі басшылықпен ел өркендер
10
Патшаның сөзі Тәңірдің шешімі іспетті,
Ол әділ билік айтуға тиісті.
11
Адал таразы — Тәңір Иенің талабы,
Өлшеуіш тастарға Ол назар аударады.
12
Патшаға зұлымдық жексұрын болар,
Әділдік оның тағын нығайтар.
13
Адал тілді патша жақтырар,
Ақиқат айтқанды ол ұнатар.
14
Патшаның қаһары — ажалдың жаршысы,
Ал ақылды жан оның қаһарын басады.
15
Патшаның жылы жүзі жігерлендірер,
Ризашылығы көктемгі жаңбырдай сергітер.
Ақылдыға естілік — өмір бұлағы
16
Даналық иемденгенің алтыннан да құнды,
Естілік иемденгенің саф күмістен тиімді.
17
Әділдің ақ жолы зұлымдықтан алшақтатар,
Жолына қырағы жан өмірін аман сақтар.
18
Менмендік — күйреудің басы,
Асқақтық — құлаудың алды.
19
Асқақпен олжа бөліскенше,
Кедеймен кішіпейіл болған артық.
20
Ақылмен еңбек еткен игілік табар,
Жаратқанға сенім артқан бақытты болар.
21
Жүрегі дананы зерделі дер,
Ұнамды тіл әсерлі тәлім берер.
22
Ақылдыға естілік — өмір бұлағы,
Ақылсызға ақымақтық — тартар жазасы.
23
Дананың ақылы сөзін де дана қылар,
Ол аузынан тәлімді сөз шығарар.
24
Ұнамды сөз балдай тәтті,
Жаныңа жағымды, тәніңе шипалы.
25
Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар,
Ақырында олар ажалға бастап апарар.
26
Тәбеті жұмысшыға жұмыс істетер,
Аштығы оған еңбек еткізер.
27
Сұрқия адам зұлымдық ойлайды,
Айтқан сөзі жалындай жалмайды.
28
Арамза араздық туғызар,
Өсекші достарды айырар.
Адамның ой-ниеті әшкере болар
29
Зорлықшыл адам жолдасын аздырар,
Еліктіріп оны теріс жолға салар.
30
Көзін сығырайтатын сұмдық ойластырар,
Ернін жымқыратын зұлымдық дайындар.
31
Ағарған шаш — салтанатты тәж,
Ақ жолмен жүрген соған қол жеткізер.
32
Қуатты жасақшыдан сабырлы жан артық,
Қаланы басып алғаннан ұстамды жан артық.
33
Лақтырған жеребең алдыңа түсер,
Оның шешімін Жаратқан Ие берер.