Нақыл сөздер 1
Жазбаның мақсаты — даналыққа үйрету
1
Бұл жазбада Исраилдің патшасы Дәуіт ұлы Сүлейменнің нақыл сөздері берілген.
2
Нақыл сөздердің мақсаты мынау:
Даналық пен тағылымды білдіріп,
Парасатты сөздерді ұғындыру,
3
Әділдік, дұрыс іс, ақ ниетке бағыттап,
Тәрбиелі, саналы өмірді иеленту,
4
Ақылы толмағанға ақыл беріп,
Жастарға білім, саналылық сыйлау.
5
Саналы жан тыңдап, ақыл-кеңес табады,
Дана жан біліміне білім қосады,
6
Осылай нақыл да астарлы сөздерді,
Данышпан адамдар айтып кеткендерді
Һәм олардың жұмбақтарын түсінеді.
Білімнің бастауы
7
Білімнің бастауы — Жаратқан Иені
Терең қастерлеп, Оған мойынсұну.
Ал Құдайдан безген надандар болса,
Елемейді даналық пен тәрбиені.
8
Балам, әкеңнің тәрбиесін тыңда,
Шешең берген тәлімнен де бас тартпа!
9
Олар басыңдағы тәждей тамаша,
Мойныңдағы моншақтай ұнамды да.
Арам табыстан сақтандыру
10
Балам, күнәкарлар еліктіргенде
Айтқандарына сен ешқашан көнбе,
11
Олар сені шақырып былай десе:
«Кәнеки, кеттік, біреуді аңдиық!
Сол бір айыпсыздың жолын ториық,
Аңдаусызда бас салып, қанын төгейік!
12
Сондайларды тып-типыл тонайық,
Көрге түсіргендей түгел бітірейік.
13
Алуан асыл заттарға ие боламыз,
Үйлерімізді олжаға толтырамыз.
14
Тәуекелге бізбен бірге бел байла,
Бар байлығымыз ортақ болады сонда!»
15
Балам, мұндайлармен бірге жолға шықпа,
Олардың жолдарына мүлдем жолама!
16
Қылмыс жасауға олар құлшынады,
Қан төгуге асыға құмартады.
17
Ал тор құру құстардың көз алдында
Құр бекер, пайдасыз іс болмай ма?
18
Сол адамдар өз жандарын аңдиды,
Өздеріне тор құрып, соңында құриды!
19
Арам табысқа құмардың тағдыры сол:
Дүниеқор иесін жалмайды ол.
Даналықтың ұраны
20
Даналық көшелерде шақырады,
Алаңдарда дауыстап жар салады,
21
Жұрт жиналған жерлерде даусы шығады,
Қала қақпасы алдында уағыз айтады:
22
«Аңғалдар, қашанғы аңғалдықты сүйесіңдер,
Мазақшылдар, қашанғы мазақтай бересіңдер,
Ақымақтар, қашанғы білімді жек көресіңдер?
23
Кәне, менің тәрбиеме құлақ түріңдер!
Сонда сендерге рухымды молынан төгемін,
Айтатын сөздерімді түгел білдіремін.
24
Бірақ шақырсам да, тыңдаудан бас тарттыңдар,
Құшағымды жайсам да, назар аудармадыңдар,
25
Ақыл-кеңесіме мүлдем ден қоймадыңдар,
Ескертулерімді де қабылдамадыңдар!
26
Сол үшін қиналған кездеріңде күлемін,
Үрейлерің ұшқанда келеке етемін.
27
Қорқыныш сұрапыл дауылдай соққанда,
Зобалаң бастарыңа құйындай туғанда,
Қайғыға ұшырап сендер тарыққанда.
28
Сонда естімеймін мұндайлар шақырғанмен,
Мені таппайды шарқ ұрып іздегенмен,
29
Өйткені олар білімді жек көрген,
Жаратқанды қастерлегілері келмеген,
30
Ақыл-кеңесімнен менің безіп кеткен,
Бар ескертулерімді менсінбей жүрген.
31
Сондықтан олар істерінің жемісін жейді,
Өз қулық-сұмдықтарына «кенеледі».
32
Аңғырттың қыңырлығы өзін күйретеді,
Аңғалдың бейқамдығы өз түбіне жетеді.
33
Ал мені тыңдаған қауіпсіз тұрады,
Еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады».