Філіпіліктерге арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Құдайдың елшісі Пауыл өзіне сәлемдеме жолдаған філіпілік сенушілердің қауымына осы хатымен алғысын білдіреді әрі римдік патша сотындағы өз ісінің жуырда аяқталатынын хабарлайды. Сонымен қатар қауымның өзіне жіберген көмекшісі Епафродиттің жағдайын да баяндайды.
Філіпі Македониядағы маңызды жол торабына орналасқан қала болатын. Оның тұрғындары Римнің азаматтық хұқығын мақтан тұтып, римдіктерше киініп, латынша сөйлейтін. Араларында небәрі бірнеше яһуди ғана тұратын. Қаладағы алғашқы мәсіхші, солармен бірге Құдайға сиынатын басқа ұлт өкілі Лүдия еді. Көп кешікпей жаңа қауым пайда болды (Елш 6:9-40).
Хаттан Пауыл мен філіпілік сенушілер арасындағы жылы байланыс айқын көрінеді. Қауымның бастапқы кезеңінде Пауыл мен Сыйлас Ізгі хабарды уағыздағандары үшін азапталып, түрмеге қамалған еді. Філіпіліктер сенімі үшін тағы да түрмеге түскен елшіге жандары ашып, оны мұқтаж нәрселерімен қамтамасыз етіп отырды. Енді Пауыл өзінің барлық жағдайларда да риза екенін білдіріп, олардың көңілдерін жұбатады. Тіпті оның түрмеде болуы және кейбір қарсыластарының әрекеттері де Ізгі хабардың бұрынғыдан бетер кең жайылуына себепші болды.
Елші осы «қуаныш хатымен» філіпіліктерді қуануға жігерлендіреді. Оларды қуғын-сүргін кезінде де сенімдерінде берік тұрып, өздерінің Мәсіхпен байланыстарына шаттанып, ынтымақтас, кішіпейілді болуға шақырады. Соған байланысты Пауыл оларға Мәсіхтің үлгісін көрсетеді. Хаттың бұл бөлімі — Мәсіхтің шынайы болмысы және құрбандығы туралы ерекше маңызды анықтамалардың бірі (2:5-11).
Пауылдың қауымға тарап кеткен жалған ілімнен сақтандыруына тура келді: игі істер жасау адамды Құдай алдында ақтай алмаса да, бұл жайт сенушілер тәндік құмарлықтарына салына берсін дегенді білдірмейді! Керісінше, олар жуырда Билеуші ретінде қайтып келіп, Өзінің салтанатты ұлылығын өздерімен бөлісетін Мәсіхке бағышталған таза өмір сүруге тиіс (3:2-21).