Філимонға хат  1
Арнау және сәлем
1
Мәсіх Исаға арнаған қызметім үшін түрмеде отырған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден сүйікті қызметтесіміз Філимонға,
2
сондай-ақ бауырласымыз Әпияға,
а
бізбен бірге Ізгі хабар үшін жан сала қызмет етіп жүрген Арқыпқа және Філимонның үйінде жиналатын қауымға дұғай сәлем.
3
Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
Філимонның сүйіспеншілігі және сенімі үшін шүкірлік
4
Мен Құдайға сиынып сені есіме түсіргенде әрдайым шүкірлік етемін.
5
Өйткені Иеміз Исаға деген сенімің және Тәңір Иенің барлық адамдарына
ә
көрсеткен сүйіспеншілігің туралы естідім.
6
Мәсіхке деген сенімің және Құдайдың бәрімізге
б
берген күллі игіліктерін түсінуің арқылы басқа сенушілермен байланысың Мәсіхтің даңқын асыруға әсерлі болсын деп мінажат етемін.
в
7
Сенің сүйіспеншілігіңнен зор қуаныш пен жұбаныш таптық, өйткені сен, бауырым, Құдайдың адамдарының жүректерін орнықтырып келесің.
Філимонға өтініш
8
Сондықтан Мәсіхтің елшісі ретінде керек істі саған бұйыруға батылым барса да,
9
сүйіспеншілігіңе бола өтініп сұраймын. Иә, басқа біреу емес, мен — Пауыл қария, Мәсіх Исаға қызмет еткенім үшін қазір түрмеде отырған менің өзім,
10
сенен ұлым жайында өтінемін. Мен осында тұтқында отырып, оған Ізгі хабарды айтып берген едім. Қайта туылып, рухани ұлыма айналған сол жан — Онисым («Пайдалы»).
11
Ол өткен кезеңде сен үшін пайдасыз болғанмен, енді маған да, саған да пайдалы.
г
Оны өзіңе қайтарып отырмын,
12
ал онымен бірге өз жүрегімді жіберіп отырғандаймын!
ғ
13
Ізгі хабарға бола түрмеге қамалған мен оны сенің орныңда өзіме көмектесу үшін қарамағымда қалдыруды ойлаған едім.
14
Алайда жақсылық жасауың мәжбүрліктен емес, өз еркіңмен болсын деп, сенің келісіміңсіз ешбір шешім қабылдағым келмеді.
15
Мүмкін, оның уақытша сенен алшақтағанының мақсаты — оны мәңгілікке қабылдауың шығар.
16
Ал қазір ол құлың ғана емес, одан әлдеқайда жоғары — сүйікті бауырласың ретінде өзіңе қайта оралады. Ол мен үшін дәл сондай, ал сен үшін адам ретінде де, Иемізбен жүрген бауырласың ретінде де одан бетер жақын болады.
17
Сондықтан маған шынымен дос болсаң, оны мені қабылдағандай қабылдағайсың.
18
Ал егер ол саған жамандық жасаған не қарыздар болса, онысын менің мойнымда деп есепте.
19
Мен, Пауыл, өз қолыммен жазып отырмын: онысын өзім өтеймін! Алайда сенің өзіңнің рухани өмірің үшін маған қарыздар екеніңді айтпай-ақ қояйын.
20
Сонымен, бауырласым, Иеміз Мәсіх үшін маған осылай бір жақсылық етіп, Оған деген сүйіспеншілігің арқылы менің жүрегімді орнықтыршы.
21
Сен құлақ асар деп үміттеніп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды
д
біле отырып, осыны жаздым.
Соңғы сәлемдер және ақ бата
22
Сонымен бірге маған баспана дайындағайсың. Құдай мінажаттарыңа мейіріммен құлақ асып, Мені сендерге жіберер деп үміттенемін.
23
Мәсіх Исаға қызмет еткені үшін менімен бірге бұғауда отырған Епафрас
24
әрі өзге қызметтестерім Марқа, Арыстарқ, Димас, Лұқа да саған сәлем жолдауда.
25
Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін!

а  Яғни қарындасымыз не әпкеміз Әпияға (яки Апфияға). (Ол Філимонның жұбайы не анасы, ал Арқып оның ұлы не інісі болған шығар.)

ә  Яки: және Құдайға бағышталған барлық қасиеттілерге (Қол 1:4; Түсіндірмедегі «Киеліні» де қараңыз).

б  Немесе: сендерге.

в  Яки: Сен басқалармен сеніміңді бөлісуің арқылы Мәсіхтің даңқы үшін қабылдаған игіліктеріміз туралы одан әрі ұғына түсуіңді Құдайдан сұраймын.

г  Мұнда елші «пайда» сөзін қолданғанда ойнап айтты: қызметшінің есімі түпнұсқа тілінде «Пайдалы» дегенді білдіргенмен, Онисым қожайынына бұрынырақ пайдадан гөрі зиян келтірген еді.

ғ  Немесе: ал сен оны менің жүрегімді қабылдағандай қабылда!

д  Яғни Онисымның бас бостандығын беретініңді.