Руларды санау 8
Киелі шатырдағы жеті шамды орнату
1
Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
2
Һаронға мынаны айт: «Шам қойғыштың жеті май шамын дайындатқанда жарығы оның алдыңғы жағына түсіп тұратын етіп орнат!»
3
Һарон солай істеп, Жаратқан Иенің Мұсаға берген нұсқауына сай шам қойғышқа жеті май шамын орнатты. Олардың жарығы алдыңғы жаққа түсіп тұратын болды.
4
Шам қойғыш тұғырынан бастап жоғарғы жағындағы бүршіктеріне дейін түгелдей алтыннан балғамен соғылып жасалған еді. Бұл Жаратқан Иенің Мұсаға көрсеткен үлгісіне сай істелінді.
Леуіліктерді Құдайға қызмет етуге тағайындау
5
Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
6
«Леуіліктерді басқа исраилдіктердің арасынан бөліп алып, тазару рәсімінен өткіз.
7
Оларды тазарту үшін былай істе: олардың үстіне тазарту суын бүркіп шаш. Олар денелеріндегі шашы мен түгін түгел қырып алып тастап, киімдерін жуып, өздерін осылайша тазартсын.
8
Содан соң леуіліктер бір жас бұқаны және тиісті астық тартуын, яғни зәйтүн майымен араластырылған таңдаулы бидай ұнын, әрі күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа арналған екінші жас бұқаны әкелсін.
9
Леуіліктерді кездесу шатырының кіреберісіне алып келіп, Исраилдің үрім-бұтағының бүкіл қауымын жина.
10
Леуіліктерді Жаратқан Иенің алдына алып келгенде, исраилдіктер олардың үстіне қолдарын қойсын.
11
Содан Һарон леуіліктерді Исраил халқының Жаратқан Иеге жасаған ерекше тартуы ретінде Оған ұсынып, Оның қызметіне бағыштасын.
12
Леуіліктер қолдарын екі жас бұқаның бастарына қойсын, содан кейін біреуін күнәнің құнын өтейтін, екіншісін түгелдей өртелетін құрбандық ретінде өздерін күнәларының арамдығынан тазарту үшін шалып, Жаратқан Иеге ұсынсын.
13
Бұдан соң леуіліктерді Һарон мен оның ұлдарының алдына тұрғызып, оларды Жаратқан Иеге арналған ерекше тарту ретінде бағышта.
14
Осылайша леуіліктерді басқа исраилдіктердің арасынан бөліп ал. Леуіліктер Менің ерекше меншігім болады.
15
Леуіліктерге тазару және Маған ерекше қызмет атқаруға бағышталғанын көрсететін рәсімдерді жасап болғаннан кейін олар кездесу шатырына барып, сол жердегі қызметтеріне кіріссін.
16
Себебі исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдары Менікі, бірақ олардың орнына Мен Исраил халқының арасынан леуіліктерді Өзіме тұрақты қызмет етуге таңдап алдым.
17
Мысыр елінің тұңғыштарына апат жіберген кезде Мен исраилдіктердің тұңғыштарын, адам болсын, мал болсын, Өзіме бағыштап таңдап алып қойғанмын.
18
Сонда Мен леуіліктерді исраилдіктердің тұңғыштарының орнына Өзіме бағыштадым.
19
Мен леуіліктерді діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына көмекші болсын деп тапсырдым. Содан леуіліктер исраилдіктердің күнәларының арамдығынан тазартатын құрбандықтарын шалып, ұсынуға және олардың Жаратқан Иенің кездесу шатырында істеуге міндетті басқа жұмыстарын атқаруға тиіс. Өзге исраилдіктердің киелі орынға өз беттерімен жақындап келгендіктерінен бастарына апат түспеуі үшін осылай істедім».
20
Содан да Мұса, Һарон және Исраил халқының бүкіл жамағаты леуіліктерді Жаратқан Иеге бағыштап, Оның леуіліктер туралы Мұсаға айтқан нұсқауларының барлығын мұқият орындады.
21
Леуіліктер күнәларынан тазару рәсімінен өтіп, киімдерін жуды. Һарон оларды Жаратқан Иеге ерекше тарту ретінде ұсынып, оларды күнәларының арамдығынан тазартатын құрбандық шалды.
22
Осыдан бастап леуіліктер діни қызметкер Һарон мен оның ұлдарына көмектесіп, кездесу шатырындағы тиісті міндеттерін атқаруға кірісті. Осының барлығын леуіліктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы өздеріне берген нұсқауына сәйкес жасады.
23
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
24
«Жасы жиырма беске жеткен леуіліктер орындауға тиісті ереже мынау: олар осы жастан бастап кездесу шатырында қызмет етуге тиіс.
25
Жасы елуге жеткенде олар бұл қызметтерінен босатылып, жұмыс істемесін.
26
Жасы елуге жеткеннен кейін олардың өзге леуіліктерге кездесу шатырындағы күзетшілік қызметтерін атқаруға көмектесулеріне болады, бірақ басқа жұмыс істемесін. Леуіліктердің қызмет ету тәртібін осылай белгілеулерің керек».