Руларды санау  3
Леуі руы жайлы нұсқаулар
1
Ал мынау — Жаратқан Иенің Мұсамен Синай тауында тілдескен кезінде Һароннан және Мұсадан тараған ұрпақтардың шежіресі:
2
Һаронның ұлдарының есімдері: тұңғышы Надаб, одан кейін Әбиһу, Елазар және Ітамар.
3
Һаронның өзі май жағу рәсімін орындап, Жаратқан Иеге арналған діни қызметке тағайындаған ұлдарының есімдері — осылар.
4
Алайда Надаб пен Әбиһу Синай атты елсіз далада Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынғандары үшін өлім құшқан болатын. Олардың арттарында бала да қалмаған еді. Сондықтан жалғыз Елазар мен Ітамар ғана әкелері Һаронның қасында діни қызмет атқаратын болды.
а
5
Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
6
«Леуі руын алға шығарып, оларды діни қызметкер Һаронның алдына тұрғыз. Олар оған қызмет ететін болсын.
7
Леуіліктер діни қызметкер Һарон және бүкіл халық үшін кездесу шатырының алдындағы күзету және қызмет ету жұмыстарын атқаратын болсын.
8
Олар кездесу шатырының барлық құрал-жабдықтарына күтім жасап, осылай Исраил халқына жүктелген киелі шатырдағы қызмет ету міндетін орындайтын болады.
9
Сонымен леуіліктерді Һарон мен оның ұлдарының қарауына тапсыр. Бүкіл Исраил халқының арасынан леуіліктер Һаронның құзырына тапсырылсын.
10
Һаронды және оның ұлдарын діни қызметтерін атқаруға тағайында. Ал бөтен адам сол қызметті атқарамын деп жақындаса, өлтірілсін».
11
Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді:
12
«Міне, Мен Өзіме исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына Леуі руын бағыштадым. Күллі леуіліктер Менікі.
13
Себебі тұңғыш атаулы Менікі. Мен Мысыр халқының барлық тұңғыштарының көздерін құртқан күннен бастап, Исраилдің барлық тұңғыш ұлдарын да, малдың тұңғыш төлдерін де Өзіме бағыштадым. Сондықтан олар Менікі болуға тиіс. Мен Жаратқан Иемін».
14
Жаратқан Ие Мұсаға Синайдағы елсіз далада мынаны да айтты:
15
«Барлық жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті леуіліктерді шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша түгендеп санақтан өткіз!»
16
Содан Мұса Жаратқан Иенің осы нұсқауына сай Леуі руын түгендеп санақтан өткізді.
17
Леуінің ұлдарының есімдері: Герсон, Қахат, Мерари.
18
Герсонның ұлдарынан тараған әулеттердің аттары: Лібіни, Шимей.
ә
19
Қахаттың ұлдарынан тараған әулеттер: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел.
20
Мераридің ұлдарынан тараған әулеттер: Мәхли, Мұши. Шыққан ата-тектері бойынша леуіліктердің әулеттері осылар.


21
Герсонға жататын әулеттер: Лібіни мен Шимей әулеттері.
22
Олардағы санақтан өткен, жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің жалпы саны жетпіс мың бес жүз болып шықты.
23
Герсондық әулеттер киелі шатырдың артында, яғни, батыс жақта орналасып қостарын тіксін.
24
Герсондық әулеттердің басшысы — Лаел ұлы Әлиасаф.
25
Герсондықтар киелі кездесу шатырында мына міндеттерді орындауға тағайындалды: шатырдың өзіне жабындарымен қоса, сондай-ақ кіреберісіндегі шымылдыққа,
26
ауланың перделеріне, киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланың кіреберісіндегі пердеге және арқандарға күтім жасау әрі соған байланысты барлық жұмыстарды атқару.


27
Қахаттан тараған әулеттер: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел әулеттері.
28
Бұлардағы санақтан өткен, жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілерінің жалпы саны сегіз мың алты жүз болып шықты. Олардың жауапкершілігінде киелі шатырдағы қызмет болды.
29
Қахаттық әулеттер киелі шатырдың оңтүстік жағында орналасып қостарын тіксін.
30
Қахаттық әулеттердің басшысы — Ұзиел ұлы Елісапан.
31
Қахаттықтар Келісім сандығын, (нан тартулары қойылатын) үстелді, шам қойғышты, құрбандық үстелін және хош иісті заттарды түтету үстелін, киелі шатырдағы қызметте қолданылатын құрал-саймандарды және шымылдықты қарап, оларға байланысты барлық жұмыстарды атқаруға тағайындалды.
32
Леуі руы басшыларының жетекшісі діни қызметкер Һаронның ұлы Елазар болды. Ол киелі шатырдағы түрлі қызметтерді атқаратындардың үстерінен қарады.


33
Мерариге жататын әулеттер: Мәхли, Мұши әулеттері.
34
Олардағы санақтан өткен жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің жалпы саны алты мың екі жүз болып шықты.
35
Мерарилік әулеттердің басшысы — Әбихаил ұлы Суриел. Мерарилік әулеттер киелі шатырдың солтүстік жағында орналасып қостарын тіксін.
36
Мерариліктердің орындайтын міндеті киелі шатырдың бөренелеріне, көлденең сырықтарына, бағаналарына, тағандарына және барлық құрал-жабдықтарына күтім жасап, соларға байланысты бүкіл қызметті атқару болды.
37
Олар, сондай-ақ, киелі шатырдың айналасындағы ауланың бағаналары, тағандары, қазықтары мен арқандарына байланысты қызметтерді де атқаратын.


38
Киелі шатырдың алдында, оның шығыс жағында Мұса, Һарон және оның ұлдары қостарын тігетін болды. Оларға исраилдіктердің атынан киелі шатырды басқарып, бақылап қорғау міндеті жүктелді. Ал соған жақындаған бөтен адам өлтірілуге тиіс болды.
б


39
Мұса мен Һарон Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай Леуі руын өз әулеттері бойынша түгендеп санақтан өткізгенде, олардағы жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің тіркелген жалпы саны жиырма екі мың болып шықты.
Тұңғыш ұлдар жайлы нұсқаулар
40
Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп нұсқады: «Исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары барлық еркек кіндікті тұңғыштарын санақтан өткізіп, аты-жөндерін тізімге тірке.
41
Осылайша исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді Маған бағышта; Мен Жаратқан Иемін. Исраилдіктердің малының барлық алғашқы төлінің орнына леуіліктердің малы да Менікі».
в
42
Содан Мұса Жаратқан Иенің нұсқауына сай исраилдіктердің арасындағы барлық тұңғыш туған еркек кіндіктілерді түгендеп санақтан өткізді.
43
Сонда есімдерінің тізіміне сәйкес есептегенде, исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті тұңғыш болып туғандарының жалпы саны жиырма екі мың екі жүз жетпіс үш болды.
44
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
45
«Исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді, барлық малының орнына леуіліктердің малын ал. Леуіліктер Менікі болып Маған арнайы қызмет етуге тиіс; Мен Жаратқан Иемін.
46
Леуіліктердің санынан асып түсетін екі жүз жетпіс үш тұңғыш болып туған исраилдіктің құнын өтеп, (міндеттерінен) босату үшін
47
олардың әрқайсысы үшін бес мысқал күмістен қабылдап ал. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын киелі орында қолданылатын ресми өлшем.
г
48
Исраилдіктердің босатылуы үшін төленген осы құнды Һарон мен оның ұлдарына бер».
49
Сонда Мұса саны леуіліктерден артылып қалған тұңғыш болып туған исраилдіктердің құны ретінде төленген күмісті жинап алғанда,
50
ол киелі орынның ресми өлшемі бойынша салмағы бір мың үш жүз алпыс бес мысқал тартатын күміс
ғ
болды.
51
Мұса Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай төленген осы құнды Һарон мен оның ұлдарына табыс етті.

а  Леу 10:1; 16:1.

ә  Мыс 6:17; Шеж1 6:17.

б  1:51.

в  3:12,45.

г  18:16; Мыс 30:13; Леу 27:25.

ғ  Шамамен 15,5 кг күміс.