Руларды санау 28
Күн сайын ұсынылатын сый-тартулар
1
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
2
«Исраилдің үрім-бұтағына мына нұсқауды жеткіз: Маған өртелу арқылы ұсынатын ерекше тартуларың Өзіме ұнамды да хош иісті әрі тамақ іспетті. Оларды белгілі мезгілдерде әкелуге мұқият болыңдар!
3
Оларға тағы мынаны айт: Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық ретінде күн сайын мінсіз бір жасар екі тоқтыдан әкеліп отырыңдар.
4
Бірінші тоқтыны таңертең, екіншісін кешке қарай шалып, өртеп ұсыныңдар.
5
Бұған қоса пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын төрт жарым қадақ ең таза зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсыну керек.
6
Бұл — Синай тауында бұйырылған, Жаратқан Иеге түгелдей өртелу арқылы ұсынылатын, Оған ұнамды да хош иісті әрі тұрақты тарту.
7
Әрбір тоқтымен бірге сұйық тарту да ұсынылсын. Ол екі жарым қадақ ашыған сусын болсын. Сұйық тарту киелі орында Жаратқан Иеге арнап құйылып ұсынылсын.
8
Ал екінші тоқтыны кешке қарай бірінші тоқты сияқты ұсынып, оған тиісті астық, сұйық тартуларын да дәл таңертең істегендеріңдей ұсынуларың керек. Бұл да Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған, Оған ұнамды да хош иісті тарту болмақ.
Діни демалыс күніндегі сый-тартулар
9
Діни демалыс күні мінсіз бір жасар екі тоқтыны, тиісті сұйық тартуын және пұттың оннан екі бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, астық тартуы ретінде ұсыныңдар.
10
Күн сайын тиісті сұйық тартумен бірге ұсынылатын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа қоса, діни демалыс күніне арналған түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандық — осы.
Айдың бірінші күніндегі сый-тартулар
11
Әр айдың бірінші күні Жаратқан Иеге арналған шалынып, түгелдей өртелетін құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жасар жеті тоқты шалыңдар. Олардың барлығы да мінсіз болсын.
12
Оларға тиісті астық тартуын: әрбір құрбандық бұқа үшін пұттың оннан үш бөлігі, әрбір құрбандық қошқар үшін пұттың оннан екі бөлігі,
13
әрбір құрбандық тоқты үшін пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар. Бұлар Жаратқан Иеге түгелдей өртеліп ұсынылатын, хош иісті де ұнамды тартулар.
14
Осы құрбандықтарға тиісті сұйық тартулар мынадай болады: әр бұқаға — сегіз қадақ, әр қошқарға — бес қадақ, әр тоқтыға — екі жарым қадақ мөлшеріндегі шарап. Жыл бойы, әр ай сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтардың ұсынылу тәртібі осындай.
15
Әр айдың бірінші күні Жаратқан Иеге күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір теке шалынсын. Ол күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандыққа және оған тиісті сұйық тартуына қоса ұсынылады.
Құтқарылу мейрамындағы сый-тартулар
16
Жыл сайынғы бірінші айдың он төртінші күні — Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамы. Бұл күні Оған арнап құрбандық шалынады.
17
Сол айдың он бесінші күні жеті күндік мейрам басталады. Осы жеті күн бойы ашымаған нан желінуі керек.
18
Мейрамның алғашқы күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп жұмыс істемеңдер.
19
Жаратқан Иеге түгелдей өртелетін құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқты әкеліңдер. Олардың барлығы да мінсіз болсын.
20
Осы құрбандықтарға тиісті астық тартуын: зәйтүн майымен араластырылған бидай ұнынан әрбір бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі
21
және жеті еркек тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыну керек.
22
Ал өздеріңнің жасаған күнәларыңның арамдығынан тазаруларың үшін тағы бір текені күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалыңдар.
23
Бұларды күн сайын түгелдей өртелетін таңертеңгі құрбандыққа қоса ұсынуларың керек.
24
Осылайша сендер мейрамның жеті күнінің әрбіреуінде тамақ іспетті тартуды өртеу арқылы ұсыныңдар. Олардың хош иісі Маған, Жаратқан Иеге, ұнамды. Оларды күн сайын түгелдей өртелетін құрбандықтар мен сұйық тартуларға қоса ұсыныңдар.
25
Ал жетінші күні Жаратқан Иеге бағышталған жиналыс өткізіңдер. Сол күні еңбектеніп, жұмыс істемеңдер.
Алғашқы өнім мейрамындағы сый-тартулар
26
Жаңа жиналған егіннен Жаратқан Иеге арнап астық тартуын Алғашқы өнім мейрамының кезінде алып келіңдер. Сол күні Оған бағышталған жиналыс өткізіңдер және еңбектеніп жұмыс істемеңдер.
27
Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін, Оған ұнамды да хош иісті құрбандық ретінде екі жас бұқа, бір қошқар, бір жылдық жеті еркек тоқты шалыңдар.
28
Осы құрбандықтарға тиісті астық тартуын: әрбір бұқа үшін — пұттың оннан үш бөлігі, қошқар үшін — пұттың оннан екі бөлігі,
29
жеті тоқтының әрқайсысы үшін — пұттың оннан бір бөлігі мөлшеріндегі таңдаулы бидай ұнын зәйтүн майымен араластырып, ұсыныңдар.
30
Өздеріңнің жасаған күнәларыңның арамдығынан тазаруларың үшін тағы бір текені күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалыңдар.
31
Осы құрбандықтарды күн сайын шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтар мен соларға тиісті астық тартуларына қоса ұсыныңдар да, оларға тиісті сұйық тартуларды да әкеліңдер. Құрбандықтардың барлығы да мінсіз болуы керек.