Руларды санау  11
Шағымданған халықтың отпен жазалануы
1
Ал халық Жаратқан Иенің алдында ауыртпалықтарға шағымдана берді. Мұны естіген Жаратқан Иенің қаһары лаулап, Оның қасынан от лап етіп шықты. От халықтың арасына түсіп, ел қонысының шетін жалмап өртеп жіберді.
2
Сонда халық Мұсаға айқайлап жалбарынды. Мұса Жаратқан Иеге сиынып мінажат еткенде от басылды.
3
Жаратқан Иенің оты халықтың арасында жанып өртегендіктен, сол жер Табера (демек, Өрт) деп аталып кетті.
Мұсаның тым ауыр міндетінен түңілуі
4
Исраил халқының арасындағы жат жұрттық тобыр
а
өзге тағамдарға құмарлық танытты. Исраилдіктердің өздері де қайтадан күңкілдей жыланып: «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін!
5
Мысырдағы тегін балықты айтсаңшы! Қияр мен қарбыз, жуа, пияз әрі сарымсақ дегендерді айтсаңшы!
6
Ал енді, көзіміз мына маннадан басқа ештеңені көрмейді. Оны жей-жей тәбетіміз таусылып, өзегіміз талды ғой!» — деп шағымданды.
7
Ал манна болса, көжекөк
ә
өсімдігінің дәндеріндей, түсі ақшыл сары шайыр сияқты болды.
8
Адамдар далаға барып, маннаны жинап алатын, содан кейін оны қол диірменге тартып не келіде түйіп ұнтақтайтын. Содан олар оны қазанда пісіретін немесе одан күлше нан жасайтын. Маннаның дәмі май жағылған тәтті нанның дәміндей болатын.
б
9
Түнде қонысқа шық түскенде онымен бірге манна да түсетін.
10
Осылай Мұса халық әулеттерінің бәрі қостарының кіреберісінде шағымданып зарлап жатқандарын естіді. Жаратқан Ие оларға қатты қаһарланып, Мұса да соларына наразыланды.
11
Ол Жаратқан Иеге мінажат етіп:
— Неге мендей қызметшіңнің басына осы ауыртпалықты түсіріп тұрсың? Неге маған рақыммен қарамайсың? Мына күллі халықтың ауыртпалығын маған жүктеп, Өзің жек көретіндей мен не істедім?
12
Осы халыққа мен жүкті болдым ба? Оны дүниеге келтірген мен бе едім? Сенімді бала күтушінің сәбиді бауырына алып көтеріп жүретініндей, маған мына халықты ата-бабаларына сыйлауға уәде еткен елге көтеріп алып баруға сол себепті бұйырасың ба?
в
13
Бізге ет бер, ет жегіміз келеді деп жылап жүрген халыққа мен етті қайдан тауып беремін?
14
Осы халықтың ауыр жүгін мен жалғыз өзім көтеріп алып жүре алмаймын, бұл мен үшін тым қиын!
г
15
Егер Сен шынымен маған осылай етпекші болсаң, онда мейірімді болып мені қазір-ақ өлтіре сал. Басыма түскен осы пәлені көргеннен бұл әлдеқайда артық! — деді.
Мұсаға көмектесетін ақсақалдарға Құдайдың өз Рухын қондыруы
16
Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп жауап берді:
— Исраилдің жетпіс ақсақалын жинап ал! Өзің оларды халықтың қамын ойлайтын басқарушылары ретінде жақсы танып білуің керек. Сол адамдарды кездесу шатырының алдына алып кел. Осы жерде күтіп тұрыңдар.
17
Мен сол жерге түсіп, өзіңмен тілдесемін. Сендегі Рухтан алып, олардың әрқайсысына үлестіріп қондырамын. Сонда осы халықты басқарудың ауыр жүгін сен жалғыз өзің көтермейсің, олар да сенімен бірге көтерісетін болады.
18
Ал халыққа мынаны жеткіз: Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіп ертеңгі күнге дайындалыңдар! Ет жейтін боласыңдар. «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін! Мысырда жүрген кездеріміз жақсырақ болатын еді!» деген шағымдарың Жаратқан Иенің құлағына жетті. Енді Ол сендерге ет береді, соны жейсіңдер!
19
Сендер сол етті тек бір күн не екі күн емес, бес, он, жиырма күн емес,
20
тұтас бір ай бойы мұрындарыңнан шығып, өздерің ет атаулыдан жиренгендеріңе дейін жейтін боласыңдар.
ғ
Өйткені сендер Жаратқан Иеден бас тарттыңдар, ал Ол сендердің араларыңда. Сендер: «Неге ғана біз Мысырдан көшіп шықтық екен?!» деп Оның көз алдында шағымдана зарладыңдар.
21
Сонда Мұса Жаратқан Иеге былай деді:
— Міне, алты жүз мың жаяу жасақшысы бар халықтың арасында тұрмын. Ал Сен «Мен оларға тұтас бір ай бойы жейтін ет беремін» дейсің.
22
Отар-отар қой-ешкі мен табын-табын ірі қара сойып бергенде де бұл оларға жетер ме екен? Тіпті теңіздің бүкіл балығын аулап бергенде де бұл оларға жеткілікті болар ма екен? —
23
Жаратқан Ие Мұсаға жауап қатып:
— Немене, бұлай істеу Жаратқан Иенің қолынан келмейді деп ойлайсың ба? Айтқан сөзімнің іске асып-аспайтынын қазір көретін боласың, — деді.
24
Мұса шықты да, Жаратқан Иенің сөздерін халыққа жеткізді. Содан соң ол халықтың ақсақалдарынан жетпіс адамды жинап алып, оларды кездесу шатырын айналдыра тұрғызды.
25
Сонда Жаратқан Ие бұлт ішімен төмен түсіп, Мұсамен сөйлесті; Мұсаға қонған Рухтан алып, Оны сол жетпіс ақсақалға үлестіріп қондырды. Өздеріне Рух қона салысымен олар пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізе бастады.
д
Ал кейін олар бұларын тоқтатты.
26
Ақсақалдар ретінде Елдад пен Модад деген екі адам да тізімге енгізілген болатын. Бірақ олар басқалармен бірге кездесу шатырына кірмей, қоныста қалып қойған еді. Алайда Рух оларға да қонып, екеуі қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың сөзін жеткізді.
27
Бұны көріп қалған бір жас жігіт Мұсаға жүгіріп барып: «Елдад пен Модад қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізіп жатыр!» — деді.
28
Сонда жастайынан Мұсаға қызмет етіп келген Нұн ұлы Ешуа:
— Мырзам, Мұсеке, оларды тоқтата көріңіз! — деді.
29
Ал Мұса оған:
— Сен менің қамымды жейсің бе? Жаратқан Ие өз халқының бәріне де Өзінің Рухын қондырып, олардың барлығының да пайғамбар болып кетуін тілеймін,
е
— деп жауап қайырды.
30
Бұдан кейін Мұса ақсақалдармен бірге ел қонысына қайтып оралды.
Жаратқан Ие жіберген бөденелер
31
Ал Жаратқан Ие бір жел жіберіп, сол жел теңіз жақтан бөденелерді ел қонысына ұшырып алып келді. Құстар ел қонысын айналдыра екі бағытта бір күндік жол қашықтықта екі шынтақ биіктікке төмендеп түсті.
32
Халық шығып, сол күні және ертеңіне күні бойы бөдене жинап жүрді. Олардың әрқайсысы ең аз дегенде он үлкен қапқа сыярлық мөлшерде бөдене жинап алып, (бауыздады да, кептіру үшін) қоныстың айналасында жайды.
33
Алайда олар шайнап жеп жатқан еттерін әлі жұтып үлгірмей жатып-ақ, Жаратқан Ие оларға қаһарланып, сұрапыл апат жіберді.
34
Осы себепті сол жер Қиброт-Хатауа (демек, Құмарту қабірлері) деп аталып кетті. Өйткені ет жеуді аңсап құмартқандар сол жерде қабірге қойылды.
35
Қиброт-Хатауадан халық жолға шығып, Хасиротқа жетіп, сонда тұрақтады.

а  Яки: халыққа Мысырдан ере шыққан алуан жат жұрттықтар (Мыс 12:38; Леу 24:10).

ә  (Мыс 16:31) Яки: кориандр.

б  Мыс 16:4,31.

в  14:16; Иш 40:11.

г  Мыс 18:18.

ғ  11:31-32.

д  Яки: олар ерекше күйге еніп Құдайды мадақтай бастады (Пат1 10:5).

е  (11:25) Яки: барлығының да ерекше күйге еніп Құдайды мадақтауын тілеймін.