Руларды санау 10
Белгі беретін күміс кернейлер
1
Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
2
«Исраил қауымына жиналу не жолға шығу туралы белгі беру үшін күмістен балғамен соққызып екі керней жасатып ал.
3
Кернейдің екеуі де тартылған кезде, бүкіл қауым кездесу шатырының алдында жиналсын.
4
Ал біреуі ғана тартылғанда тек жетекшілер — Исраилдің мыңбасылары ғана сенің алдыңа жиналсын.
5
Кернейлермен дабыл тартылғанда, кездесу шатырының шығыс жағында қостарын тіккен рулар жолға аттансын.
6
Кернейлермен екінші рет дабыл тартылғанда, шатырдың оңтүстігіндегі рулар жолға аттансын. Сонымен кернейдің дабыл берген дауысы жолға шығудың белгісі болады.
7
Ал қауымның жиналуына белгі бергенде, кернейлеріңді дабыл бермей, басқаша тартыңдар.
8
Кернейлерді тартатындар — Һароннан тараған діни қызметкерлер болсын. Бұл — болашақтағы ұрпақтарыңа да тиісті тұрақты ереже.
9
Елдеріңде өздеріңе зорлық жасаған жауға қарсы соғысқандарыңда да, кернейлерді дабыл беріп тартыңдар! Сонда Мен, Құдайларың Жаратқан Ие, сендерді ескеріп, жауларыңнан құтқаратын боламын.
10
Сендер қуана той тойлағанда, белгіленген мейрамдарыңды өткізген уақыттарыңда, әр айдың бірінші күні, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңды ұсынған кездеріңде де, кернейлеріңді тартыңдар! Сонда Мен сендерді ерекше ескеретін боламын. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін».
Исраилдің Синайдан Паран даласына көшуі
11
Сол екінші жылдың екінші айының жиырмасыншы күні Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырдың үстіндегі бұлт жоғары көтеріліп, алға жылжи бастады.
12
Сонда исраилдіктер Синай атты елсіз даладан шығып, бұлт жылжи Паран даласына келіп тоқтағанша көштерін жалғастырды.
13
Осылайша олар Жаратқан Иенің Мұса арқылы жақында берген нұсқауларына сай алғаш рет жолға шықты.
14
Яһуда тұрағындағы үш ру соның байрағының астында көш бастап шықты. Яһуда руы жасағының басшысы Әминадап ұлы Нағасон,
15
Исашар руы жасағының басшысы Суғар ұлы Нетанел,
16
Забулон руы жасағының басшысы Хелон ұлы Елиап болды.
17
Бұлардан кейін Леуі руының Герсон мен Мерариден тараған екі тармағы киелі шатырды жинап, оны көтеріп алып жолға шықты.
18
Олардан соң Рубен тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Рубен руы жасағының басшысы Шедеур ұлы Елисур,
19
Шимон руы жасағының басшысы Суришадай ұлы Шелумиел,
20
Ғад руы жасағының басшысы Рәгуел ұлы Әлиасаф болды.
21
Олардан кейін Леуі руының Қахаттан тараған тармағы киелі шатырдың жиһаздары мен жабдықтарын көтеріп алып жолға шықты. Бұлар қоныстанатын жерге келіп жетпес бұрын киелі шатыр құрылып, дайын тұратын.
22
Солардан кейін Ефрем руының тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Ефрем руы жасағының басшысы Амихуд ұлы Әлишама,
23
Манаса руы жасағының басшысы Педасур ұлы Гамалиел,
24
Бунямин руы жасағының басшысы Гидеони ұлы Абидан болды.
25
Бүкіл көштің соңын қамтып, Дан тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Дан руы жасағының басшысы Амишадай ұлы Ахиезер,
26
Ашир руы жасағының басшысы Охран ұлы Пагиел,
27
Нафталим руы жасағының басшысы Енан ұлы Ахира болды.
28
Көшкен кезде исраилдіктер жасақтарына сәйкес осындай тәртіппен жолға шығатын.
Жол көрсететін жетекші Хобаб
29
Мұсаның қайын атасы мадияндық Рәгуелдің ұлы Хобаб та сол жерде еді. Мұса (балдызы) Хобабқа былай деді:
— Жаратқан Иенің бізге табыстауға сөз берген еліне қарай бара жатырмыз. Сол елге бізбен бірге жүрсеңші. Жаратқан Ие Исраилге игіліктерді уәде етті. Біз де саған жақсылық жасайтын боламыз. —
30
Хобаб оған:
— Жоқ, бармаймын. Мен өз еліме, өз жұртыма қайтып оралмақшымын, — деп жауап қатты.
31
Ал Мұса:
— Өтінемін, бізді тастай көрме. Елсіз далада тұрақтауға болатын жерлерді жақсы білесің ғой. Біздің көзіміз іспетті жол бастаушымыз болсаңшы.
32
Егер бізбен бірге жүрсең, Жаратқан Иенің бізге сыйлайтын игіліктерін сенімен де бөлісеміз, — деді.
33
Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің тауынан шығып, үш күндік жол жүрді. Сол үш күн бойы Келісім сандығы оларға тынығып демалатын орын табу үшін алдарында жүріп отырды.
34
Күндіз қоныстан көшкенде Жаратқан Иенің бұлты олардың үстінде болды.
35
Келісім сандығы көшпен бірге жолға шыққан сайын Мұса былай деп сиынатын:
— Уа, Ием, көтерілші, жауларың шашырасын,
Өзіңді жек көретіндер алдыңнан қашсын!
36
Келісім сандығын көтеріп алып жүргендер тоқтап тыныққан сайын Мұса былай деп өтінетін:
— Уа, Жаратқан Ием, тұрақтай гөр қайта
Исраилдің сан мыңдағандарына!