Руларды санау
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазбада Исраил халқының Синай түбегіндегі иен далада көшіп-қонғаны туралы баяндалған. Жаратқан Ие халықты Мысырдан азат етіп, Хориб (Синай) тауының түбінде олармен қасиетті Келісімін жасаған болатын. Енді Ол Мұса пайғамбарға он екі руға санақ жүргізуді бұйырды. Пайғамбар елсіз далада көшіп-қонғанда тұрақтағы киелі шатырдың айналасынан әр руға өзіне тиісті орынды белгілеп беруге де міндетті болды. Жаратқан Ие Мұсаға Леуі руының мүшелерінің айрықша міндеттері туралы да нұсқаулар берді.
Қырық жыл өткеннен кейін исраилдіктер Иордан өзенінің шығысындағы Моаб еліне қарай көш бастады. Бірақ олар жолшыбай біркелкі тамақтан жалығып, судың тапшылығынан, әрі Қанахан елінде күшті бекінген қалалар, алып жауынгерлер бар деген хабарды естігеннен үміттерін үзіп, мақсаттарынан түңілді. Сонда халық Жаратқан Иенің уәделеріне сенбей, шағымдана күңкілдеп, уәделі елге қадам басудан бас тартты. Ал Тәңір Ие олардың мұқтаждықтарының бәрін қамтамасыз етіп келді. Сондықтан халық осы бағынбаушылығының жазасы ретінде тағы қырық жыл бойы айдаланы кезіп жүріп көшіп-қонуға тиіс болды. Сол ұрпақтан тек Құдай Тағаланың уәдесіне сенген Ешуа, Халеп есімді екі адам ғана айдалада туып-өскен жаңа ұрпақпен бірге уәделі елге аяқ басуға рұқсат алды.
Ақыр соңында Исраил халқы солтүстікке жылжып, Иордан өзенінің шығыс жағасына жетті. Сол жерді мекендеген Моаб тайпасының патшасы танымал көріпкел Балағамды оларға қарғыс айтуға шақырды. Бірақ Жаратқан Ие Балағамға халыққа қарғыстың орнына бата айтқызды. Бірақ кейін исраилдіктер сол тайпаның сиынған жалған тәңіріне табынып күнәға батты, әрі соның жазасын тартты. Екі аморлық патша Исраилге қарсы соғыс ашқанда, өздері ойсырап жеңіліп қалды. Олардың билігіндегі жерлерді халық иемденіп алды. Екінші рет санақ жүргізілгеннен кейін, Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуаны Мұсаның ізбасары етіп тағайындады. Ешуаға халықты уәделі елге енгізіп, соны иеліктеріне алуға бастап, жерді руларға үлестіру міндеттері жүктелді. Жаратқан Ие Ешуаға осыған көмектесетін рубасыларын да тағайындап берді.
Айдаланы кезіп жүрген бүкіл кезінде Исраил халқы Жаратқан Иенің әрдайым сөзінде тұрып, халқын жарылқауға дайын болғанына куә болды.