Нехемия 4
Қабырғаның құрылысына қарсы әрекеттер
1
Санбаллат біздің қала қабырғасын тұрғызып жатқанымызды білгенде, зығырданы қайнап қатты ашуланды. Ол біздерді, яһудилерді, келекелеп,
2
өзінің ағайын-достары мен Самария әскерінің алдында: «Мына бейшара яһудилер не істеп жүр? Олар шынымен-ақ біраз малдарын құрбандыққа шалып, бір-ақ күннің ішінде қабырғаны қалпына келтіре қоймақ па? Әлде күл-қоқыс үйінділерінен тастарды шығарып алып, қайта жандандыра ала ма? Олар өртеніп, әбден сынғыш болған ғой, ха-ха!» — деп мысқылдады.
3
Оның жанында тұрған аммондық Тобиях та: «Өй, сол тұрғызып жатқандарына бір-ақ түлкі шыға қалса, тас қабырға деп жүргендерін опырып қиратып тастар!» — деп мазақтады.
4
«Уа, Құдайымыз, қандай масқараға қалып тұрмыз, бізге құлақ сала гөр! Олардың мазағын өз бастарына келтіре гөр! Өздерін бөтен елде тұтқынға түсіп, тоналатын ете гөр!
5
Кінәларын жазасыз қалдырмай, жасаған күнәларын көз алдыңнан өшіріп тастай көрме! Себебі олар құрылысшылардың алдында Сенің қаһарыңды өршітті ғой».
6
Халық жұмысты бар ықыласымен істегендіктен, біз бүкіл қаланы қоршаған қабырғаны бұрынғы биіктігінің жартысына дейін тұрғызып тастадық.
7
Бірақ Санбаллат, Тобиях, арабиялықтар, аммондықтар және азоттықтар: «Иерусалимнің қабырғаларын жөндеу жұмыстары алға жылжып, оның құлаған жерлері бітелуде» дегенді естігенде, олар бұған қатты ашуланды.
8
Барлығы бірге ақылдасып: «Иерусалимге қарсы тап беріп, онда аласапыран жасаймыз!» деп сөз байласты.
9
Сол себепті біз Құдайымызға сиынып, олардан қорғану үшін күні-түні қабырғаға қарауыл қойдық.
10
Сол кезде Яһуданың адамдары: «Жүк тасушылар титықтап шаршап қалды! Күл-қоқыс тым көп! Өз күшімізбен қабырғаны тұрғыза алмаймыз!» — деп түңіле бастады.
11
Бұның үстіне дұшпандарымыз: «Олар не болып жатқанын көріп, білгенге дейін-ақ, біз келіп, оларды өлтіріп, жұмыстарын тоқтатып тастаймыз!» — деп қоқан-лоқы көрсетіп те жүрді.
12
Солардың қастарында тұратын яһудилер он рет келіп, бізге: «Олар жан-жақтан аттанып, бізге тап бермек!» — деп айта берді.
13
Сондықтан мен халықты семсер, найза және садақпен қаруландырып, қабырғаның ең аласа, ашық жерлерінің арғы жағына әулеттері бойынша қарауылға тұрғыздым.
14
Сосын бәрін тексеріп қарап шыққаннан кейін биіктеу жерге тұрдым да, жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Олардан қорықпаңдар! Ұлы да айбынды Жасаған Иені естеріңнен шығармаңдар! Өз ағайындарың, ұл-қыздарың мен әйелдерің әрі үй-жайларың үшін шайқасыңдар!»
15
Осылай дұшпандарымыз өздері құрған жоспарларының бізге белгілі болып қалып, бұларын Құдайдың Өзі бұзғанын естіп білді. Сонымен бәріміз қабырға құрылысына қайта оралып, әрқайсымыз өз ісімізге кірістік.
16
Сол күннен бастап, өз қызметшілерімнің жартысы құрылыс жұмыстарына қатысып, екінші жартысы найза, қалқан, садақтарын асынып, сауыттарын киіп тұрды. Қолбасшылар
17
қабырғаны салып жатқан яһудалықтардың арт жағында тұрды. Жүк таситындар бір қолдарымен жүк тасып, екінші қолдарымен қару ұстап жүрді.
18
Әрбір құрылысшы беліне семсерін тағып алып жұмыс істеді. Дабыл қағатын кернейші әрқашан қасымда жүрді.
19
Мен жетекшілер мен қызметкерлерге және бүкіл халыққа сөз сөйлеп былай дедім: «Жұмыс өте көп және кең көлемде жасалуы керек. Ал біз қабырғаның бойына тарап, бір-бірімізден едәуір алшақтап жүреміз.
20
Кернейдің даусын ести салысымен-ақ, керней тартылған біздің қасымызға лезде жиналып келіңдер! Сонда Құдайымыз біз үшін шайқасатын болады!»
21
Осылайша біз таң атқаннан жұлдыздар жымыңдай бастағанға дейін жұмысымызды істей бердік. Ал ер адамдардың жартысы найзаларын ұстап тұрды.
22
Сол кезде мен халыққа тағы да тіл қатып: «Әрбір адам өз қызметшісімен бірге Иерусалимнің ішінде түнеп шықсын! Сонда олар қаланы түнде қорғауға, күндіз жұмысын істеуге дайын болады!» — дедім.
23
Содан өзім мен ағайындарым да, қызметшілерім әрі қасымда еріп жүретін күзетшілерім де ешқайсымыз үстіміздегі киімімізді шешпей әрдайым дайын жүрдік. Әркім өз қаруын тіпті су алуға барған кезде де тастаған жоқ.