Нақұм пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Нақұм пайғамбар Жосия патшалық құрған кезеңде (шамамен б.з.д. 640-615 жж.) Яһуда еліне Құдай Тағаланың хабарын жеткізді. Нақұмның есімі «Жұбаныш» дегенді білдіргендей, оның айтқандары халықты жұбатып, жігерлендіретін сөздерден тұрды.
Исраилдің қас жауы — Ассур патшалығының астанасы Ниневи құртылмақ! Бұдан жүз жыл бұрын Жүніс пайғамбар да қаланың ауыр күнәларына бола жуырда қиратылатыны жайлы жариялаған болатын. Сонда Ниневидің патшасы мен халқы күнәларынан бас тартқандықтан, Құдай оларды кешірді (Жүн 3:1-10).
Бірақ б.з.д. 700 ж. Ниневи Ассур патшалығының астанасы болып тағайындалғанда қайтадан менменсіп, зұлымдыққа салынды. Ассурдың әскері басқа елдерге қатыгездікпен басып кіріп, патшалары мен өзге де жетекшілерін қинап өлтіріп, халықтарын Ассур патшалығының алыс өңірлеріне айдап әкетті. Б.з.д. 722-721 жж. ассурлықтар Солтүстік Исраилді де жаулап алып, астанасы Самарияны талқандады да, халықтың басым бөлігін Ассурға жер аударды (Пат 4 17:6,22). Жаратқан Иеге адал болып қалған бірқатар исраилдіктер ғана уақытында оңтүстіктегі Яһуда еліне қашып құтылуға үлгерген еді.
Ассурлықтар Яһудаға да шабуыл жасады, ал Жаратқан Ие өз халқына Нақұм пайғамбар арқылы мына хабарын жеткізді: Ассурдың астанасы Ниневи қыңырлана істей берген зұлым істеріне бола жуырда талқандалмақ (3:1-7)! Бұл б.з.д. 612 жылы жүзеге асып, Ниневи Бабыл мен Мидия әскерлерінің алдында тізе бүгіп, қиратылды.
Күні бүгінге дейін Алла Тағаланың халқы Нақұм пайғамбардың жазбасынан маңызды тәлім мен жұбаныш алып келеді. Себебі «Жаратқан Ие ізгі, басыңа қиындық түскен кезде Ол паналайтын қорғаның болады» (1:7), бірақ «Ол айыптыны жазасыз қалдырмайды» (1:3).