Марқа 6
Назареттіктердің кеуде көтеріп, қасарысулары
1
Иса сол жерден кетіп, Өзінің өскен жеріне барды. Шәкірттері қасына еріп жүрді.
2
Демалыс күні Иса мәжілісханада тәлім бере бастады. Тыңдап отырғандардың көбі қатты таңданып, өзара былай десті: «Мұның бәрі Бұған қайдан біткен? Оған қонған не қылған даналық? Осындай құдіретті істер қалайша қолынан келеді?
3
Өзі — ағаш ұстасы, Мәриямның ұлы, Жақып, Жүсіп, Яһуда, Шимондардың ағасы емес пе? Қарындастары осында арамызда тұрады ғой». — Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды.
4
Сонда Иса оларға: «Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас», — деді.
5
Содан да Иса сол жерде бірқатар науқас адамдарға қолын тигізіп сауықтырғаны болмаса, басқа кереметтер жасай алмады,
6
әрі жұрттың сенбеушілігіне таңғалды.
Он екі елшінің Құдайдың Патшалығын жариялауға жіберілуі
Бұдан кейін Иса сол өңірдегі ауылдарды аралап, халыққа тәлім берді.
7
Бірде Ол он екі елшісін қасына шақырып алды. Оларды екі-екіден жібермек болып, оларға жындарды қуып шығаратын билік берді.
8
Сонда Иса елшілеріне былай деп тапсырды: «Жолға тек таяқтан басқа еш нәрсе алмаңдар: нан, дорба әрі қалталарыңда ақша да болмасын,
9
жай аяқкиім киіп, артық киім алмаңдар! —
10
Оларға тағы былай деді:
— Бір жерде қай үйге түссеңдер, қайтадан жолға шыққанша сонда қалыңдар.
11
Егер бір жерде сендерді қабылдамаса және айтқандарыңа құлақ салмаса, сол жерден шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар. Бұл оларға ескерту болсын. (Сендерге шындығын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады-ау!)»
12
Сонымен елшілер жолға шығып, халыққа: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер!» деп уағыздап жүрді.
13
Олар адамдардан қыруар жындарды қуып шығарып, көптеген науқастарға май жағу рәсімін жасап сауықтырды.
Жақия пайғамбардың шейіт болуы
14
Исаның атағы кең тарағандықтан, Ол туралы Ирод (Антипас) патша да естіді. Кейбір кісілер: «Бұл — шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — десе,
15
басқалары: «Ол — дүниеге қайтып келген Ілияс пайғамбар», — деді. Ал тағы басқалар: «Ол — пайғамбар, ежелде өмір сүрген пайғамбарларға ұқсайды», — деп болжады.
16
Ал Ирод бұларды естігенде: «Бұл — өзім басын шаптырған Жақия екен, ол қайта тіріліпті!» — деп абыржыды.
17
Өйткені бұрынырақ Ирод кісі жіберіп, Жақияны тұтқындатып, түрмеге жаптырған еді. Себебі Ирод өзінің туған бауыры Філіптен әйелі Иродияны тартып алып, соған үйленген болатын.
18
Ал Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен еді.
19
Содан (Иродтың әйелі) Иродия Жақияға кек сақтап, оны өлтірмекші болды. Бірақ ол мұнысын жүзеге асыра алмады.
20
Себебі Жақияның әділ, қасиетті адам екенін білген Ирод одан қорқып, оны қорғап жүрді. Ол Жақияны тыңдаған сайын қатты абыржыса да, оған ризашылықпен ден қоятын.
21
Ақырында Иродияға зұлым ниетін жүзеге асырудың орайы түскен еді: Ирод өзінің туған күнінде уәзірлері, мыңбасылары және Ғалилеяның өзге көрнекті адамдарына арнап той жасады.
22
Иродияның қызы тойға келіп, бәрінің алдында би билеп, патшаға және оның қонақтарына қатты ұнап қалды.
Сондықтан патша бойжеткенге: «Менен қалағаныңды сұра, беремін», — деп уәде етті.
23
Бұған қосымша: «Не қаласаң да сұрашы, тіпті патшалығымның жартысына дейін беремін!» — деп ант та берді.
24
Қыз шығып, шешесіне:
— Не сұрасам екен? — деді. Шешесі:
— Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын сұра! — деп жауап берді.
25
Қыз дереу патшаға жүгіріп барып, одан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын дәл қазір табаққа салып, тарту етуіңізді қалаймын», — деп өтінді.
26
Патша еңсесі түсіп қатты қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін аяқсыз қалдырғысы келмеді.
27
Дереу бір жасақшысын жіберіп: «Жақияның басын алып кел!» — деп бұйырды.
28
Ол түрмеге барып, Жақияның басын шауып, табаққа салып, қызға әкелді. Қыз оны шешесіне апарып берді.
29
Жақияның шәкірттері мұны естігенде келіп, оның денесін алып кетіп, қабірге қойды.
Мәсіх Исаның бес мыңнан астам адамды тамақтандыруы
30
Исаның жіберген елшілері қайта оралып, Оның қасына жиналған соң, өздерінің жасаған істері мен берген тәлімдері туралы түгелдей баяндап берді.
31
Бұдан кейін Иса: «Тек өздерің ғана Маған еріп оңаша бір жерге барып, біраз тынығып демалыңдар!» — деді. Себебі келіп-кетіп жатқан жұрт көп болғандықтан, олардың тамақтануға да мұршалары болмады.
32
Сонымен Иса мен шәкірттері жалғыз өздері ғана қайықпен оңаша бір жерге жөнелді.
33
Ал олардың кетіп бара жатқандарын жұрт байқап қалды. Көпшілігі оларды танып, бүкіл қалалардан шығып, жаяу жүгіріп, баратын жерлеріне олардан бұрын жетті.
34
Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көріп, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлар сияқты бейшара еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді.
35
Біршама уақыт өткеннен кейін шәкірттері Исаның қасына келіп:
— Бұл — құлазыған дала, ал кеш түсіп барады.
36
Адамдарды таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, тамақ сатып алсын, — деген ұсыныс жасады.
37
Бірақ Иса:
— Оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттері:
— Онда біз барып, екі жүз күндік жалақыға нан сатып алып, бұларды тамақтандырайық па? — деп сұрады.
38
Ал Иса оларға:
— Қанша нандарың бар? Барып, қарап келіңдер! — деп тапсырды. Біліп келген олар:
— Бес күлше нан мен екі кепкен балық бар екен, — деді.
39
Сонда Иса шәкірттеріне адамдарды топ-топқа бөліп, көгалдың үстіне жайғастыруды тапсырды.
40
Сонымен жұрт жүзден, елуден топтасып жайғасты.
41
Иса бес күлше мен екі кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті. Нанды халыққа тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, екі балықты да бәріне бөліп, үлестірді.
42
Барлығы да жеп тойды.
43
Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда он екі себет толды.
44
Ал тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді.
Көл бетінде және сол маңайда орын алған кереметтер
45
Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасындағы Бетсайдаға баруға бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды.
46
Иса жұртты қайтарып жіберген соң, (көктегі Әкесіне) сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты.
47
Кеш түскенде қайық көл ортасында еді, ал Иса құрлықта жалғыз тұрды.
48
Сонда Ол ескек есіп бара жатқан шәкірттерінің қиыншылыққа тап болғанын көрді. Себебі жел қарсы соғып тұрған еді. Таңғы алагеуімде Иса оларға көл бетімен жақындап келіп, қастарынан өтіп кетпекші болды.
49
Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттері елес екен деп ойлап, айқайлап жіберді.
50
Өйткені бәрі де Оны көріп, қорқып кетті.
Иса оларға дереу тіл қатып: «Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын!» — деп көңілдерін орнықтырды да,
51
олардың қайығына мінді. Сонда жел де басылды. Шәкірттері қатты қайран қалып, аң-таң болды.
52
Себебі нанмен болған кереметті түсінбеген олар Исаның кім екенін әлі де шын жүректен ұқпаған еді.
53
Осылай Иса шәкірттерімен бірге көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңына жетіп, жағаға тоқтады.
54
Қайықтан түсісімен Исаны халық бірден-ақ таныды.
55
Олар бүкіл төңіректі тездете аралап шығып, ондағы ауру-сырқауларды жатқан төсеніштерімен көтеріп алып келе бастады. Олар Исаның қай жерде жүргенін естіп білгенде, науқас адамдарын сонда апарды.
56
Иса қай жерге бармасын — қай ауылға, қай қалаға не елді мекенге кірсе де, жұрт ауру-науқастарды сонда әкеліп, базар алаңдарына орналастырды. Науқастар Исадан тек Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Оған қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!