Марқа 3
1
Иса тағы бір сенбі күні мәжілісханаға барғанда, сол жерде қолы семіп қалған бір адам да болды.
2
Діншілдер Исаны айыптайтын сылтау іздеп, Ол әлгі кісіні демалыс күні болса да сауықтырар ма екен деп аңдыды.
3
Ал Иса қолы семген адамды: «Ортаға шықшы», — деп шақырды.
4
Сол діншілдерге Ол: «Демалыс күні қайсысын істеуге болады: жақсылықты ма әлде жамандықты ма; құтқаруды ма әлде құртуды ма?» — деген сұрақ қойды. Бірақ олар үндемеді.
5
Сонда Иса айналасындағыларға ашулана қарап, жүректерінің қасарысқандығына қайғырды. Әлгі кісіге: «Қолыңды созшы!» — деді. Сол адам семіп қалған қолын созғанда, ол бұрынғы сап-сау қалпына келді.
6
Ал парызшылдар болса сыртқа шығып, тездетіп Ирод әулетінің жақтастарымен бірге кеңес құрып, Исаның көзін құрту туралы ақылдасты.
Мәсіх Исаның халыққа Ізгі хабарды тарататын он екі елшісін тағайындауы
7
Иса шәкірттерімен бірге көл жағасына кетіп қалды. Оның соңынан Ғалилея, Яһудея,
8
Иерусалим және Идумеядан, Иордан өзенінің арғы бетінен әрі Тир мен Сидон қалаларының маңайларынан көп халық ілесті. Исаның істегендері жайында естіген осы адамдар Оған ағылып келіп жатты.
9
Қаптап келген халықтың Өзін қысып, сығыстырмауы үшін, Иса шәкірттеріне бір қайықты дайындатып қойды.
10
Себебі Ол көп кісілерді сауықтырып жібергендіктен, әр түрлі дертке ұшырап қиналғандар Оған қолдарын тигізуге тырысып, жақындай түсті.
11
Жын соққандар Оны көргенде, аяғына жығылып: «Сен Құдайдың рухани Ұлысың!» — деп айқайлады.
12
Алайда Иса оларға Өзінің кім екенін жариялауға қатаң тыйым салды.
13
Бұдан кейін Иса бір тауға көтеріліп, қалаған адамдарын Өзінің қасына шақырды. Олар таяп келгеннен кейін,
14
араларынан он екісін Өзімен бірге болуға тағайындап, «елшілер» деп атады. Оларды уағыз айтуға жіберді,
15
әрі оларға (ауруларды сауықтырып) жындарды қуып шығару билігін де тапсырды.
16
Исаның тағайындаған он екі елшісі мыналар еді: Өзі Петір деген қосымша ат қойған Шимон;
17
Зебедей ұлдары Жақып пен Жохан, бұл екеуіне Иса «Боанергес», яғни «Жауар күндей күркіреген жігіттер» деген қосымша ат берді;
18
сондай-ақ Әндір, Філіп, Барталмай, Матай, Тома, Әлпей ұлы Жақып, Тадей, Діншіл Шимон
19
және кейін Исаға опасыздық жасаған Яһуда Исқариот.
Құдайдың Киелі Рухына қарсы тұрудан сақтандыру
20
Мұнан соң Иса елшілерін ертіп бір үйге барды. Халық қайтадан олардың қастарына көптеп жиналғандықтан, тіпті тамақ ішуге де мұршалары болмады.
21
Исаның туыстары бұны естіп: «Ақылынан адасқан шығар», — деп ойлап, Оны ұстап алуға шықты.
22
Иерусалимнен келген кейбір дін мұғалімдері де Исаға:
— Оның бойында жындардың әміршісі белзебүл бар! Жындарды соның күшімен қуып шығарады, — деп жала жапты.
23
Ал Иса сол дін мұғалімдерін қасына шақырып алып, оларға астарлап былай деді:
— Шайтан шайтанды қалайша қуып шығара алады?
24
Егер бір патшалық жікке бөлініп, өзара соғысып жатса, ол берік тұра алмай, жойылып кетеді.
25
Өзара ұрысып-керісіп жатқан әр үйдің шаңырағы ортасына түсіп күйрейді.
26
Сол сияқты, егер шайтан өзіне қарсы көтеріліп, соғысса, оның да берік тұра алмай, жойылатын кезінің келгені.
27
Қайта, ешкім күштінің үйіне кіріп, алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін тонай алмайды. Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана оның үйін тонай алады.
28
Сендерге маңызды шындықты айтайын: адам баласының жасаған барлық күнәлары мен Құдайды қорлауларының қайсысына да кешірім беруге болады.
29
Бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға ешқашан кешірім болмайды, сол күнәсі оның мойнында мәңгі қалады.
30
Иса мұны әлгілердің «Оның бойында жын бар» дегендері үшін айтты.
Мәсіхтің рухани отбасы
31
Исаның шешесі мен туған бауырлары келіп, сыртта тұрып, Оған кісі жіберіп шақыртты.
32
Сол кезде Исаны айналдыра көп халық отырған еді. Біреу Оған:
— Сыртта шешеңіз, бауырларыңыз және қарындастарыңыз келіп, Сізді шақырып тұр, — деді.
33
Алайда Иса:
— Менің шешем мен бауырларымның кім екенін айтайын ба? — деп,
34
айналасында отырғандарға қарап тұрып:
— Міне, Менің «шешем» мен «бауырларым»!
35
Себебі Құдайдың еркін орындайтындар Маған бауыр, қарындас, шеше іспетті жақын! — деп жауап берді.