Марқа 2
Құдай тағайындаған Билеуші — Исаның күнәларды кешіру билігі
1
Бірнеше күннен кейін Иса Қапарнаумға қайта оралды. Жұрт Оның сол қаладағы бір үйде екенін естіп-білді.
2
Содан адамдар сол жерге көптеп жиналып, тіпті есік алдында тұратын орын да қалмады. Иса оларға Ізгі хабарды жариялады.
3
Сол кезде төрт кісі сал болып ауырған бір адамды Исаға көтеріп алып келді.
4
Бірақ халықтың көптігінен олар Оған жақындай алмады; сондықтан үйдің сыртқы сатысымен жоғары көтеріліп, жалпақ төбесін ашты. Содан олар аурудың жатқан төсенішін арқанмен байлап, оны төменге Исаның алдына түсірді.
5
Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді.
6
Сол жерде отырған бірнеше дін мұғалімдері:
7
«Бұл Кісі неге солай деп Құдайды қорлап тұр? Жалғыз Құдайдан басқа кім күнәларды кешіре алады?» — деп ойланып қалды.
8
Олардың бұл ойларын Иса бірден ұға қойып:
— Неге солай ойлайсыздар?
9
Сал адамға қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, төсенішіңді жинап алып, жүре бер!» деу ме?
10
Ал көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін білулеріңіз үшін,.. — деді де, сал адамға қарап:
11
— Саған айтамын: орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды.
12
Ауру адам сол сәтте-ақ сауығып, орнынан тұрды да, төсенішін жинап алып, бәрінің көзінше шығып кетті! Барша жұрт таңғалысып: «Біз ешқашан да мұндайды көрген емеспіз!» — деп, Құдайға мақтау айтты.
Мәсіхтің күнәкарларды теріс жолдан қайтуға шақыруы әрі салықшы Матай Леуінің шәкірттерге қосылуы
13
Иса сыртқа шығып, тағы да көл жағасына барды. Күллі халық қасына жиналып, Иса оларға тәлім берді.
14
Сол жерден кетіп бара жатып, Ол салық кеңсесінің қасында отырған Әлпей ұлы Леуіні көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Леуі орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді.
15
Кейін Иса Леуінің үйінде дастарқан басында отырды. Исамен Өзінің шәкірттері де, көптеген салық жинаушылар мен тағы басқа күнәкарлар да дастарқандас болды. Себебі сондайлар Оған көптеп еріп жүре бастаған еді.
16
Ал дін мұғалімдері мен парызшылдар Исаның салық жинаушылармен және өзге де күнәкарлармен дастарқандас болып тамақ ішіп отырғанын көргенде, Оның шәкірттеріне:
— Ол неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді.
17
Мұны естіген Иса әлгі діндарларға былай деп жауап берді:
— Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім.
Діндарлардың ораза және демалыс күні туралы қойған сұрақтары
18
Жақия пайғамбардың және парызшылдардың шәкірттері жиі ораза ұстайтын. Кейбіреулер Исаға келіп:
— Жақияның және парызшылдардың шәкірттері ораза ұстайды, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады.
19
Иса оларға астарлап былай деп жауап берді:
— Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер ораза ұстай ала ма? Әрине, ұстай алмайды.
20
Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады; сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
21
Ескі киімді жаңа матамен жамамас. Олай етсе, жамау отырып, ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады.
22
Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған жас шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс.
23
Бір демалыс күні Иса егіндік арасымен өтіп бара жатқанда, шәкірттері біраз масақ үзіп ала бастады.
24
Парызшылдар Исаға:
— Қараңыз, мыналар демалыс күні тыйым салынған жұмысты неге істеп жүр?! — деп наразылық білдірді.
25
Иса оларға былай деп жауап қайырды:
— Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағылар мұқтаждық көріп, ашыққан кезде не істегенін оқымап па едіңдер?
26
Абиятар бас діни қызметкер болған сол заманда Дәуіт Құдайдың киелі үйіне кіріп, тарту ретінде ұсынылған нанды өзі де жеп, қасындағыларға да берді емес пе? Ал заң бойынша сол күлшелерді діни қызметкерлерден басқа ешкімге де жеуге болмайды ғой. —
27
Бұдан кейін Иса: — Адам демалыс күні үшін емес, демалыс күні адам үшін жаратылған!
28
Сондықтан көктен келген Мен демалыс күнінің де Иесімін, — деп қорытты.