Марқа  15
Римдік әмірші Пилаттың әділетсіз соты және үкімі
1
Таң атысымен-ақ басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері, яғни бүкіл Жоғарғы кеңес, ақылдасып, шешім қабылдады. Олар Исаны байлатып, римдік әмірші Пилатқа
а
алып барып, табыс етті.
2
Пилат Исаға:
— Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса:
— Өзіңіз айтып тұрсыз, — деп жауап берді.
3
Басты діни қызметкерлер Исаға көптеген айып тақты.
4
Пилат Оған тағы сауал қойып:
— Ешбір жауап бермейсің бе? Қарашы, Саған қаншама көп айып тағып тұр! — деді.
5
Бірақ Иса бұған да еш жауап қайтармады, сондықтан Пилат қайран қалды.
6
Әмірші әдетте мейрамның құрметіне яһудилер сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін.
7
Сол тұста Барабба есімді біреу өзінің сыбайлас көтерілісшілерімен бірге түрмеде отырған еді. Олар бүлік кезінде кісі өлтірген болатын.
8
Енді халық алға қарай ұмтылып, Пилаттан әдеттегідей бір тұтқынды босатуын дауыстап сұрай бастады.
9
Пилат оларға жауап беріп:
— Сендерге «Яһудилердің Патшасын» босатып беруімді қалайсыздар ма? — деген сұрақ қойды.
10
Ол басты діни қызметкерлердің Исаны күншілдіктен ұстап бергендігін жақсы түсінді.
11
Бірақ басты діни қызметкерлер халық тобырын әміршіден: «Оның орнына Бараббаны босатып беріңіз!» деп талап етуге арандатты.
12
Пилат оларға:
— Ендеше, сендер «Яһудилердің Патшасы» деп атаған Адамға не істеуімді қалайсыңдар? — деген сауал қойды.
13
Олар қайтадан айқай салып:
— Айқышқа шегеленсін! — деп жауап қатты.
14
Пилат:
— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деп сұрады. Бірақ олар:
— Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті.
15
Сонда Пилат халықтың көңілінен шыққысы келіп, оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды.
Мәсіх Исаның азап шегіп, жанын құрбан етуі
16
Жасақшылар Исаны әміршінің ордасы болған сарайдың
ә
ішкі ауласына алып барып, сонда бүкіл әскер бөлімін шақырып жинап алды.
17
Олар Исаға бір қызыл шапанды
б
жауып, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, Оның басына кигізді.
18
Мұнан кейін олар: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп Оған сәлем бере бастады.
19
Исаның басын таяқпен ұрғылап, бетіне түкіріп, алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіді.
20
Мазақтап болғаннан кейін Оның үстіндегі қызыл шапанды шешіп алып, өз киімін кигізді.
Содан соң жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін қала сыртына қарай алып кетті.
21
Жолшыбай олар даладан қарсы келе жатқан Шимон есімді күренелік
в
ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап алып жүруге мәжбүр етті. Сол Шимон Ескендір мен Руфтың
г
әкесі болатын.
22
Осылай жасақшылар Исаны Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе»,
ғ
деген жерге алып барды.
23
Оған ішуге мүр шөбі қосылған сірке суын
д
ұсынды, бірақ Ол ішпеді.
24
Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін әрқайсысы өз үлесін алу үшін Оның киімдерін жеребе тастап бөлісті.
25
Исаны айқышқа шегелегенде сағат тоғыз болатын.
е
26
Оған тағылған айып «Яһудилердің Патшасы» деп бір тақтайшаға жазылған еді.
27
Жасақшылар Исамен бірге екі қарақшыны
ж
да, біреуін оң, екіншісін сол жағындағы айқыш ағаштарға керіп шегелеп тастап, тік көтеріп қойды.
28
(Киелі жазбада: «Ол қылмыскерлердің қатарында саналды»
з
деп алдын ала айтылған сөз осылай іске асты.)
29
Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап: «Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы!
30
Айқыштан түсіп, Өзіңді құтқарып ал!» — деп Оны келеке етті.
31
Сол секілді, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері де Оны мазақтап бір-біріне: «Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен!
32
«Исраилдің Патшасы Мәсіх» қазір-ақ айқыштан түссін! Көзімізбен көрейік, сонда Оған сенеміз», — десті. Жанындағы айқыштарға шегеленген қылмыскерлер де Исаны балағаттап тілдеді.
и
33
Ал тал түсте бүкіл жерді қараңғылық басып, ол үш сағатқа созылды.
к
34
Сағат үште Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Өз тілінде бұл «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?» дегенді білдіреді.
қ
35
Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естігенде: «Қараңдар, Ол Ілиясты
л
шақырып жатыр», — десті.
36
Біреуі жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды да: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны түсіріп алар ма екен көрейік!» — деп кекетті.
37
Ал Иса қатты дауыстап жіберіп, жан тәсілім етті.
38
Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық
м
жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді.
39
Исаның қарсы алдында тұрған жүзбасы Исаның осылай жан тәсілім еткенін көргенде: «Бұл Адам шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады.
40
Сол жерде алысырақтан қарап тұрған әйелдер де болды. Араларында мағдалалық Мәриям, кіші Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям
н
және Салома бар еді.
41
Олар Иса Ғалилеяда болған кезінде Оған еріп, қызмет етіп жүретін. Сондай-ақ Онымен бірге Иерусалимге келген басқа да көптеген әйелдер сол жерде тұрды.
о
Мәсіхтің қабірге қойылуы
42
Бұл күн діни демалыс күнінің алдындағы әзірлік күні — жұма болатын. Сондықтан кеш түспес бұрын
43
ариматеялық Жүсіп батылдықпен Пилатқа барып, одан Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрады. Жоғарғы кеңестің беделді мүшесі болған Жүсіп Құдайдың Патшалығының жер бетінде орнауын
ө
аңсап күтіп жүрген жан еді.
44
Пилат Исаның сонша тез өліп қалғанына таңданды; жүзбасыны шақырып алып, одан: «Ол өлгелі көп болды ма?» — деп сұрады.
45
Жүзбасынан солай екенін біліп алған соң, Пилат мәйітті Жүсіпке бергізді.
46
Жүсіп бәтес
п
кебін сатып алып келіп, Исаның мәйітін айқыштан түсіріп, кебінге орады. Содан оны жартастан үңгіп жасалған бір қабірге апарып қойды. Мұнан кейін қақпақ тасын
р
домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен жауып тастады.
47
Мағдалалық Мәриям мен Жүсіптің шешесі Мәриям мәйіттің қайда қойылғанына қарап тұрды.

а  Лұқ 3:1; 13:1.

ә  Немесе: қамалдың (Елш 21:37).

б  Жасақшылар киетін қызыл шапан патшалық жамылғыға біраз ұқсайтын.

в  Күрене: солтүстік Африкадағы өлке, қазіргі Либияның жерінде (Елш 2:10).

г  Рим 16:13.

ғ  Немесе: «Бассүйек орны».

д  Немесе: мүр қосылған шарап. (Кейбір жақтастары осы дәрімен Исаның азабын жеңілдеткілері келген шығар. Бірақ Ол адамзаттың күнәсі үшін құрбан боларында сана-сезімінің толықтай айқын болуын қалады: Иш 53:5-6; Пет1 2:22-24.)

е  Яки: (таң атқаннан кейінгі) үшінші сағат толған еді (Түсіндірмедегі «Уақыт белгілеу жүйесін» қараңыз).

ж  Яки: екі (ұлтшыл) көтерілісшіні (14:48; 15:7; Мат 27:38).

з  Иш 53:12; Лұқ 22:37.

и  Ал кейін екеудің біреуі күнәсіне өкініп, Иса оны кешірді (Лұқ 23:39-43).

к  15:25-тегі түсініктемені қараңыз.

қ  Жыр 21:2; Мат 27:46; Жох 1:29; Пет1 2:24; Ғал 3:13.

л  Ілияс пайғамбардың есімі түпнұсқа тілінде Ілои (яки: Элохи) деген «Алла» есімінің қаратпа түріне ұқсап дыбысталатын.

м  Киелі үйдің ең қасиетті бөлімі — Құдайдың жер бетіндегі тұрағы осы шымылдықпен жабылып адам көзінен тасаланатын (Мыс 26:33; 40:34-35; Евр 10:19-22).

н  Немесе: (жасы) кіші Жақып пен Жосидың шешесі Мәриям. (Осы Мәриям Исаның да шешесі еді: 6:3; Жох 19:25.)

о  Лұқ 8:1-3; 23:49.

ө  1:15; Мат 6:10; 12:28; 24:14; 25:34; Лұқ 23:50-51.

п  Яки: асыл кенеп.

р  Яғни әктастан қашап жасалған, дәу диірмен тасы тәрізді дөңгелек тасты (16:3).