Марқа 14
Мәсіх Исаның құрбандық өліміне даярлық
1
Құтқарылу және Ашымаған нан мейрамдарына екі-ақ күн қалған еді. Басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды.
2
Әйтсе де олар: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
3
Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. Сонда бір әйел Исаның қасына жақындап келді; оның қолында нард деген өсімдіктен жасалған таза, аса құнды иісмайға толы мөлдір тас құтысы бар еді. Әйел құтының аузын сындырып, иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.
4
Сол жердегілердің кейбіреулері бұған наразы болып, бір-біріне: «Иісмай неге бұлай ысырапталды?
5
Оны бір жылдық жалақыдан да артық бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой!» — десіп, әйелді сөгіп тастады.
6
Бірақ Иса оларға қарсы шығып былай деді:
— Бұл әйелге тимеңдер! Оны неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады.
7
Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, оларға қалаған кезде қайырым көрсете аласыңдар. Ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін.
8
Бұл әйел қолынан келгенін істеп, Менің денеме қабірге қоярдағы май жағу салтын алдын ала орындады.
9
Сендерге шын айтамын: осы Ізгі хабар қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.
10
Ал он екі елшінің біреуі, Яһуда Исқариот, Исаны ұстап беру ниетімен басты діни қызметкерлерге барды.
11
Мұны естігенде олар қатты қуанып, сол үшін Яһудаға күміс ақша беруге уәде етті. Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
Құтқарылу мейрамындағы ас
12
Ашымаған нан мейрамының бірінші күні әр отбасы ата-бабаларын Құдайдың құтқарғанын еске түсіріп, бір тоқтыны құрбандыққа шалатын. Сол кезде шәкірттері Исадан:
— Мейрам асыңызды қай жерге әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады.
13
Иса олардың екеуін жұмсап былай деді:
— Қалаға барып, кіріңдер. Сонда сендерге құмырамен су алып бара жатқан бір адам кездеседі. Соның артынан еріп,
14
ол кірген үйдің иесіне: «Ұстазымыз сізге сәлем айтып, Маған шәкірттеріммен бірге отырып мейрам асын ішуге болатын қонақ бөлмеңіз қайда екен деп сұрап жатыр» деңдер.
15
Үй иесі сендерге жоғарғы қабатта орналасқан, еденіне төсеніштер төселіп даярланған кең қонақ бөлмені көрсетеді. Асты бізге сол жерге дайындаңдар! —
16
Енді шәкірті жолға шығып, қалаға кіргенде, бәрі де Исаның айтқанындай болды. Олар мейрам асын сонда даярлады.
17
Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге сол үйге келді.
18
Олар дастарқан басына жайғасып, тамақ ішіп отырғанда, Иса:
— Сендерге шындығын айтайын: Менімен бірге тамақ ішіп отырған сендердің біреуің Маған опасыздық жасайды, — деді.
19
Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі:
— Сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.
20
Иса жауап беріп:
— Ол — осы он екіңнің бірі, табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің.
21
Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді, — деді.
Исаның құрбан болуы — Жаңа Келісімнің негізі
22
Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді. Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып:
— Алып жеңдер, бұл — Менің денем, — деді.
23
Иса тостағанды да алып, шүкірлік етіп, оларға берді. Одан бәрі де ішті.
24
Иса оларға:
— Бұл — көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.
25
Сендерге шын айтамын: Мен Құдайдың Патшалығы орнаған кезде жүзім шырынынан жаңа түрде ішетін боламын. Сол күнге дейін одан енді қайтып татпаймын, — деді.
26
Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.
Мәсіхтің жалғыздығы және мінажат етіп рухани күресуі
27
Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді:
— (Бүгін түнде) бәрің де Менен безіп кетесіңдер. Себебі (Пайғамбарлар жазбаларында мынадай сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «қойлары» бытырап кетеді.
28
Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. —
29
Ал Петір Оған:
— Бәрі безіп кетсе де, мен олай етпеймін! — деді.
30
Иса:
— Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — деп жауап қайтарды.
31
Алайда Петір одан бетер құлшына:
— Маған Сізбен бірге өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттер де осыны айтты.
32
Осылай олар бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда шәкірттеріне: «Мен сиынып мінажат еткенше, осы жерде отыра тұрыңдар», — деді.
33
Ол Петір, Жақып және Жоханды Өзімен бірге ала кетіп, жаны түршігіп қатты қинала бастады.
34
Иса үш шәкіртіне: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, ұйықтамай сергек болыңдар!» — деп тапсырды.
35
Иса сол жерден әрірек барып, жерге жығылды. Мүмкін болса, алдағы азапты кезеңнің Өзіне жоламай айналып өтуін сұрап:
36
«О, Абба, Әкем! Сенің қолыңнан бәрі де келеді. (Қаһарыңа толы) осы «тостағанды» Маған жолатпай алып кете гөр. Бірақ Менің емес, Сенің еркің болсын!» — деп мінажат етті.
37
Қайтып келгенде Иса шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Шимон, ұйықтап жатырсың ба? Ең болмағанда, бір сағат ұйықтамай отыра алмағаның ба?
38
Азғырылмау үшін сергек болып сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.
39
Иса тағы да шеткері барып, сиынып бұрынғы сөздерін қайталап мінажат етті.
40
Бұдан кейін оралып келгенде, шәкірттері қайтадан ұйықтап жатты. Себебі көздерін ұйқы басқан еді. Олар Исаға не айтарларын білмеді.
41
Иса үшінші рет оңаша сиынып, қайтып келгеннен кейін шәкірттеріне: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Жетер енді, уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі.
42
Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!» — деді.
Мәсіхтің өз еркімен тұтқынға түсуі
43
Иса әлі де осыны айтып тұрғанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер мен сойыл ұстанған бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылары жіберген болатын.
44
Исаға опасыздық жасаушы Яһуда оларға белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқындап, абайлап алып кетіңдер», — деген еді.
45
Яһуда келген бойда-ақ Исаның қасына барып: «Ұстаз!» — деп, Оның бетінен сүйді.
46
Сонда Яһудаға еріп келгендер Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.
47
Бірақ сол жерде Исамен бірге тұрғандардың біреуі семсерін суырып алды. Соны бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді.
48
Ал Иса келгендерге: «Мені тұтқындауға, қарақшыға қарсы аттанғандай семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай?
49
Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп қастарыңызда болғанымда Мені ұстаған жоқсыздар. Бірақ Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандар осылай жүзеге асуға тиіс!» — деді.
50
Сол сәтте шәкірттерінің бәрі Исаны тастап, қаша жөнелді.
51
Ал жалаңаш денесіне бәтес жамылғы ғана оранған бір жас жігіт Исаның артынан ілесіп отырды. Жасақшылар оны ұстап алды.
52
Бірақ сол жігіт жамылғысын тастай сала, қолдарынан сытылып шығып, жалаңаш күйі қашып кетті.
Жоғарғы кеңестің әділетсіз соты және үкімі
53
Қарулы топ Исаны бас діни қызметкердің сарайына апарды. Сол жерге барлық басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері жиналды.
54
Петір Исаға алыстан ілесе отырып, бас діни қызметкердің сарайының ішкі ауласына дейін барды. Ол жерде Петір сақшылармен бірге отырып, отқа жылынды.
55
Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы айғақ іздестірді, бірақ ештеңе таба алмады.
56
Көптеген адамдар Исаға қарсы жалған куәлік берді, алайда олары бір-біріне сай келмеді.
57
Ақырында кейбіреулері тұрып:
58
— Біз Бұның: «Мен қолдан жасалған мына киелі үйді бұзып, қолдан жасалмаған басқасын үш күнде қайта тұрғызамын» дегенін естідік, — деп жалған куәлік келтірді.
59
Алайда бұл жайындағы айтқандары да өзара сәйкес келмеді.
60
Сонда бас діни қызметкер ортаға шығып, Исаға:
— Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деген сауал қойды.
61
Бірақ Иса еш жауап бермей үндемеді. Бас діни қызметкер Оған тағы да сұрақ қойып:
— Сен Мадақталғанның рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деді.
62
Иса:
— Мен Солмын. Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді.
63
Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып:
— Енді куәгерлердің қажеті қанша?
64
Ол Тәңірге тіл тигізді, мұны өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады.
Жиналғандардың барлығы да Оны өлім жазасына лайық деп шешті.
65
Бірқатары Исаға түкіре бастады. Оның бетін бүркеп, жұдырықтап: «Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі. Бұдан кейін сақшылар Исаны ұстап тұрып, соққылады.
Петірдің Мәсіх Исадан үш рет тануы
66
Бұл кезде Петір төменде, сарайдың ішкі ауласында, отырған еді. Бас діни қызметкердің бір қызметші қызы өтіп бара жатып,
67
отқа жылынып отырған Петірді көрді. Оған қадала қарап:
— Сен де назареттік Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді.
68
Алайда Петір:
— Не деп тұрғаныңды білмеймін де, түсінбеймін де, — деп мойындамады. Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді. Сонда әтеш шақырды.
69
Қызметші қыз Петірді тағы да көріп, сол жерде тұрғандарға: «Мынау — солардың біреуі!» — дей бастады.
70
Бірақ Петір қайтадан мойындамады.
Сәл кейінірек сонда тұрғандар да оған:
— Сен шынымен солардың біреуісің, ғалилеялықсың ғой! (Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр!) — деді.
71
Ал Петір:
— Сендер айтып тұрған Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады.
72
Сол сәтте-ақ әтеш екінші рет шақырып, Петірдің есіне Исаның «Әтеш екі рет шақырғанша, сен Менен үш рет танасың» деген сөзі түсті. Сонда ол қатты налып, жылады.