Марқа  13
Ғибадатхананың қиратылатыны әрі сенушілердің қудалануы жайлы
1
Иса ғибадатханадан шыққанда, шәкірттерінің бірі Оған:
— Ұстаз, қараңызшы: тастар қалай әшекейленген, ғимараттар қандай тамаша! — деді.
2
Ал Иса оған:
— Мына зәулім ғимараттарды көріп тұрсың ғой? Бұлардың қаланған бірде-бір тасы қалмай барлығының да күл-талқаны шығатын болады! — деп жауап қайтарды.
3
Кейінірек Иса Зәйтүн тауының ғибадатханаға қарама-қарсы беткейінде
а
отырғанда, Петір, Жақып, Жохан және Әндір Оған оңашада мына сұрақты қойды:
4
— Бізге айтыңызшы: бұл қашан болады? Осының бәрінің іске асатын кезін қандай белгі білдірмек?
ә
5
Иса оларға жауап беріп былай деді:
— Сақ болыңдар, ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін!
6
Себебі көп кісілер Менің атымды жамылып келіп: «(Құтқарушы Мәсіх) Менмін!» деп, көпшілікті алдап азғыратын болады.
7
Сендер жақын маңдағы шайқастар мен алысырақтағы соғыс жаңалықтары туралы естігенде, зәрелерің ұшпасын! Олар болуға тиісті, бірақ заманның ақыры әлі де бұл емес.
8
Себебі ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанып, түрлі жерлерде жер сілкіністер мен ашаршылық (және дүрлігіс) болады. Бұлар тек жаңа дәуір туар алдындағы «толғақтың» бастапқы азабы іспетті.
б
9
Өздеріңе сақ болыңдар! Жұрт сендерді соттарға ұстап беріп,
в
мәжілісханаларда дүре соғатын болады. Менің жолыма түскендеріңе бола әміршілер мен патшалар алдына да апарыласыңдар. Осылайша солардың алдында Мен туралы ашық айтуға мүмкіндік аласыңдар.
г
10
Осы заманның ақыры болмастан бұрын Ізгі хабар барлық ұлттарға да уағыздалуға тиіс.
ғ
11
Адамдар сендерді сотқа апарып, ұстап бергенде, не айтатындарыңды ойлап уайымдамаңдар! Сол сәтте ауыздарыңа салынған сөздерді айтыңдар! Осылай өздерің емес, сендер арқылы Киелі Рух сөйлейтін болады.
д
12
Сонда тіпті бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап береді, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді.
13
Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады.
е
14
Бір кезде сендер (Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, Құдайдың киелі үйін) арамдап бос қалдыратын жексұрын нәрсенің тұрмауға тиісті орында тұрғанын
ж
көретін боласыңдар. — Мұны оқып отырған әркім соның мәнісін ұғып алсын! — Сонда Яһудея аймағында тұратындар дереу тауларға қашып құтылсын!
15
Кім үйінің жалпақ төбесінде отырса,
з
сол бір нәрсесін алуға үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, бірден қашып құтылсын!
16
Кім далада жүрсе, ол да шапанын алуға үйіне қайтпастан, дереу қашып кетсін!
17
Сол күндері аяғы ауыр және бала емізіп жүрген әйелдер қандай қасіретке ұшырайтын болады!
18
Бұл кез қыс мезгілі болмасын деп Құдайдан сұраңдар.
19
Себебі сол күндері жаратылыс басталғаннан бері күні бүгінге дейін ешқашан болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең бастарыңа түседі.
20
Егер де Жаратқан Ие бұл күндердің санын қысқартпағанда, ешбір жан құтқарыла алмас еді. Бірақ Ол Өзінің таңдап алған адамдарына бола сол кезеңді қысқартып қойған.
21
Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх мұнда!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, иланбаңдар!
22
Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығатын болады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алған адамдарын да алдап, теріс жолға адастыру үшін кереметтер мен ғажаптарды көрсететін болады.
23
Ал өздерің сақ болыңдар! Мен сендерге барлығын да алдын ала айтып тұрмын.
Мәсіхтің көктен қайтып келуіне дайын болу қажет
24
Бірақ сол күндері, сол бір қиын-қыстау кезеңнен кейін күнді қараңғылық басады, ай да жарқырамайтын болады.
25
Жұлдыздар аспаннан құлап түсіп, аспан күштері шайқалады.
и
26
Сонда адамдар Менің Билеуші ретінде ғаламат құдіретпен, салтанатты ұлылықпен бұлттарда көктен келе жатқанымды көреді.
к
27
Мен періштелерімді жіберіп, әлемнің о шетінен бұ шетіне дейін, дүниенің төрт бұрышынан
қ
Өзімнің таңдап алған адамдарымды жинап әкелетін боламын.
28
Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер.
29
Сол сияқты, сендер осы оқиғалардың болғанын көргенде Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде таяп,
л
есік алдына келіп қалғанымды білетін боласыңдар.
30
Сендерге шындығын айтайын: осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады.
31
Аспан мен жер жойылатын болады,
м
бірақ Менің сөздерім еш жойылмайды.
32
Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатынын ешкім білмейді. Бұл жайт көктегі періштелерге де, Құдайдың рухани Ұлына
н
да белгілі емес, жалғыз Оның Әкесіне ғана мәлім.
33
Ұдайы сақ та сергек болыңдар (әрі Құдайға сиыныңдар), себебі Менің қайтып келген кезімнің қашан болатынын білмейсіңдер.
34
Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында үй-жайын басқаруды қол астындағы қызметшілеріне аманаттайды. Әрқайсысына атқаратын жұмыстарын үлестіріп беріп, қақпашыға сергек күзетуін тапсырады.
35
Сондықтан сергек болыңдар! Үй иесінің қашан келетінін: кешке ме, түн ортасында ма, әтеш шақырған кезде ме, әлде таң ата ма, қызметшілері білмейді. (Сондай-ақ, сендер де Менің қашан қайтып келетінімді білмейсіңдер.)
36
Кенеттен келе қалған кезімде рухани ұйықтап жатпаңдар!
37
Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!

а  Зәйтүн тауы: Иерусалим қаласының шығысында. Ол — Қидрон сайының (Жох 18:1) арғы жағындағы жота, қырат (11:1).

ә  Яки: кезін қандай ерекше оқиға не құбылыс алдын ала білдірмек?

б  Немесе: Бұл — «толғақ азабының» бастамасы. (Мәсіхтің қайтып келуімен жаңа дәуір басталмақ. Сол дәуір тумас бұрын толғақ іспетті азапты кезең болуға тиіс: Мат 24:8; Рим 8:22.)

в  Немесе: сендерді (жергілікті) кеңестерге ұстап беріп.

г  Яки: солардың алдында Ізгі хабар туралы куәлік бересіңдер.

ғ  16:15; Мат 24:14; 28:19-20; Елш 1:8.

д  Пат2 23:2; Елш 6:10; 7:55; Қор1 2:13.

е  Мат 10:22; 24:13; Лұқ 21:19,28; Аян 2:10-11.

ж  Яки: (киелі үйді) арамдайтын жалған тәңірдің бейнесінің киелі үйдің ең қасиетті бөлімінде орнатылғанын (Дан 9:27; 11:31; 12:11).

з  Сол өлкедегі үйлердің төбесі жалпақ, демалуға ыңғайлы (2:4; Елш 10:9).

и  Немесе: аспан денелері шайқалады (Иш 13:10; 34:4-5).

к  (8:28; Дан 7:13; Мат 16:27; Аян 1:7) Немесе: Сонда адамдар Құдай тағайындаған Билеушінің («Адам Ұлының») ғаламат құдіретпен... келе жатқанын көреді.

қ  Немесе: періштелерімді жіберіп, жел соғатын төрт жақтан, жердің шетінен бастап аспанның шетіне дейін (Жыр 138:8-10; Зәк 2:6).

л  (Мат 24:33; Лұқ 21:31) Немесе: көргенде бұл заманның ақырының таяп.

м  Пет1 3:7,10; Аян 21:1.

н  1:1; сол аятқа берілген түсініктемені де қараңыз.