Марқа  11
Мәсіхтің елдің астанасы Иерусалимге бейбіт Патша ретінде кіруі
1
Осылай Иса мен шәкірттері Иерусалимге таяп, Зәйтүн тауының беткейіндегі Бетфаге мен Бетания ауылдарына
а
жақындап келді. Сонда Иса шәкірттерінің екеуін жұмсап,
2
оларға мынадай тапсырма берді:
— Қарсы алдарыңдағы ауылға барыңдар. Оған кірген бойда байлаулы тұрған, әлі ешкім мінбеген бір тайқар есекті көресіңдер. Соны шешіп, алып келіңдер.
3
Егер біреу сендерден «Бұл не қылғандарың?» деп сұрай қалса, оған: «Ол Мырзамызға керек, жуық арада кері қайтарып жібереді» деп жауап беріңдер.
4
Екі шәкірт барғанда көше бойындағы бір үйдің қақпасына байлаулы тұрған жас есекті тауып, шылбырын шешті.
5
Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері: «Тайқарды шешіп не істемексіңдер?» — деп сұрады.
6
Екі шәкірт Исаның айтқанындай жауап берді. Содан әлгілер оларға кедергі жасамай, жайларына жіберді.
7
Екі шәкірт жас есекті Исаға алып келіп, үстіне шапандарын жапқаннан кейін, Иса оған мінді.
8
(Иерусалимге бара жатқан) көптеген адамдар
ә
жамылғыларын жолға жайса, өзгелері даладан жас бұтақшаларды кесіп әкеліп, соларды Исаның алдына төсеумен болды.
б
9
Осылай Исаның алды-артынан еріп жүргендер қатты дауыспен былай деп айқай салды:


«Тәңір Ие мадақталсын!»
в
«Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!»
г
10
«Арғы тегіміз Дәуіттің қайта орнайтын патшалығы жарылқанған!»
ғ
«Заңғар аспанда Жаратқан Ие мадақталсын!»
д


11
Осылай Иса Иерусалимге кірді де, ғибадатханаға барып, оны айнала қарап шықты.
е
Кеш батқанда Ол он екі елшісін ертіп қаладан шығып, Бетания ауылына барды.
Жеміссіз інжір ағашының қарғалуы, ғибадатхананың арамдықтан тазартылуы
12
Келесі күні олар Бетаниядан шыққанда, Исаның қарны ашты.
13
Алысырақтан жапырақ жайған інжір ағашын көрген Ол жемісінің бар-жоғын байқау үшін қасына барды. Бірақ ағаштан жапырақтан өзге ештеңе таппады. Жеміс беретін маусымы әлі болмаған еді.
ж
14
Сонда Иса: «Бұдан былай мәңгі ешкім де жемісіңнен дәм татпасын!» — деді.
з
Шәкірттері Исаның осы айтқандарын естіді.
15
Сонымен олар Иерусалимге жетті. Иса ғибадатхана алаңына кіріп, ондағы сатушылар мен алушыларды қуып шығара бастады: шетелдік ақшаны (зекет беру үшін жергілікті теңгелерге) айырбастаушылардың үстелдері мен (құрбандыққа шалынатын) көгершіндерді сатушылардың орындықтарын аударып тастады, әрі
16
жүк көтергендердің ғибадатхана ауласымен өтулеріне де тыйым салды.
17
Оларға: «Киелі жазбаларда: «Менің (киелі) үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады!»
и
делінген емес пе? Бірақ сендер оны «қарақшылар ордасына» айналдырғансыңдар!»
к
— деп қатаң ескертіп тәлім берді.
18
Мұны дін мұғалімдері мен басты діни қызметкерлер де естіп, Исаның көзін құртудың жолын іздеді. Себебі жұрттың бәрі Оның тәліміне қатты қайран қалғандықтан, олар Исадан қорқып жүрді.
қ
19
Кеш түсе Иса шәкірттерін ертіп қаладан шығып кетті.
Құдайға сеніммен, таза жүрекпен сиынудың зор күші
20
Ертеңіне інжір ағашының жанынан өткенде, олар сол ағаштың тамырына дейін қурап қалғанын көрді.
л
21
Осы оқиға есіне түскен Петір Исаға:
— Ұстаз, қараңызшы, Өзіңіз қарғаған інжір ағашы қурап қалыпты! — деді.
22
Иса жауап беріп шәкірттеріне былай деді:
23
— Құдайға сеніңдер! Сендерге шындығын айтайын: біреу мына тауға «Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!» деп, айтқан сөзінің іске асатынына жүрегінде еш күмәнданбай сенсе, сол өтініші орындалады.
24
Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайға сиынып (Оның еркіне сай) не сұрасаңдар да, соны қабылдадық деп сеніңдер! Сонда ол орындалмақ.
м
25
Ал сиынып тұрған кездеріңде біреуге өкпелерің болса, оны кешіріңдер! Сонда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешіреді.
26
(Егер өздерің кешірмесеңдер, көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.)
н
Исаның билігі туралы сұрақ
27
Осылай олар тағы да Иерусалимге келді. Иса ғибадатхананың ішінде жүргенде, бірқатар басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның қасына келіп:
28
— Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз?
о
Оларды істеуге Сізге кім билік берді? — деген сауал қойды.
29
Исаның жауабы мынау болды:
— Мен де бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңіздер! Содан кейін сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін.
30
Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен
ө
болып па еді, әлде адамның еркімен бе? Соған жауап беріңіздер!
31
Олар өзара пікірлесіп былай десті: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» дейтін болар.
32
Ал «адамның еркімен» десек...» — Олар бұлай деуге халықтан қорықты, себебі бүкіл жұрт Жақияны шынайы пайғамбар деп санайтын.
п
33
Сондықтан олар Исаға:
— Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса:
— Олай болса, Мен де сіздерге бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.

а  13:3; 8:11; Жох 11:1-2; 12:1.

ә  Бұл кез Құтқарылу мейрамынан алты күн бұрын болғандықтан, көп адамдар мейрамға дайындалуға Иерусалимге бара жатты (Жох 11:55).

б  Осы салтпен халық Исаны Құдай жіберген Құтқарушы Патша Мәсіх ретінде қарсы алды (1:3; 11:9-10; Зәк 9:9-10).

в  Түсіндірмедегі «Осаннаны» қараңыз.

г  Жыр 117:25-26; Мат 21:9; Лұқ 19:38.

ғ  Яки: «Арғы тегіміз Дәуіттің (Жаратқан Иенің атынан) қайтадан құрылмақ патшалығы жарылқаулы!» (Пат2 7:11-14; 23:1-3,5; Иш 9:6-7; 11:1,4,12)

д  11:9; Мат 21:9; Лұқ 2:14; 19:18; Жыр 148:1.

е  11:15-17.

ж  Сол өлкедегі інжір ағаштары наурыз айында бүршік жарып, жапырақтары сәуір айында шығады. Інжірдің сол кездегі жасыл бүршіктерін тамаққа пайдалануға болады. Ал оның өте дәмді жемісі маусым айында ғана пісіп, жиналады. Егер сәуірде інжір ағашының еш бүршігі болмай, тек жапырағы ғана болса, онда оның сол жылы жеміс бермейтіні анық.

з  Осы ағаш халықтың жағдайын бейнеледі: Құдай олардан рухани жеміс күткенмен, көпшілігі жұрт көзіне жақсы көріну үшін ғана діни салттарды орындаумен шектелді. Сондықтан халық Құдайдың қаһарына ұшырайтын болды (Мат 3:7-8; 6:1,5,16; 23:13; Жох 15:5-6; Лұқ 13:5-9; Ош 9:10; Ерм 24:1,8-10).

и  Яғни Маған бағышталған киелі үй (ғибадатхана) барлық халықтардың Өзіме сиынып дұға ететін үйі деп аталады (Иш 56:7).

к  Ерм 7:11; Мат 21:12-дегі түсініктімені қ.; Лұқ 19:46.

қ  12:12; 3:6; Жох 11:46-50.

л  11:13-14; Иш 5:4-5; Мат 21:19; Лұқ 3:9; 13:6-9; Жох 15:6.

м  Жох 15:7,16; 16:23-24; Рим 8:32.

н  Мат 6:14-15.

о  Яки: Ғибадатханада осыларды істеуге (12:15-17) қандай хақыңыз бар? (Дінбасылардың рұқсатынсыз бұлай істеуге тек Құдайдан келген Мәсіхтің ғана құқығы бар еді.)

ө  Яки: Құдайдың еркімен. (Діндар яһудилер Құдайдың атын бекерге атамау үшін соның орнына көбінесе «көк», «Тағала», «Мадақталған», «Құдірет Иесі» сияқты атауларды қолданатын: 14:61,62.)

п  1:2-6; Мат 11:9-10.