Марқа жазған Ізгі хабар
Жазба туралы мәлімет
Иса Мәсіхтің осы өмірбаянын Құдайдың елшісі Шимон Петірдің қызметтес серігі болған Жохан Марқа жазып қалдырған (Пет2 5:13). Марқа жас шағынан-ақ Исаның ғажап өмірі туралы хабардар болса керек. Себебі оның шешесінің Иерусалимдегі үйінде сенушілер тобы жиналатын (Елш 12:12). Исаны ұстауға келген қарулы топтың дабырын естіп, жалғыз жамылғымен көшеге шыққан, кейін жасақшылардың қолынан сытылып, қашып кеткен жас жігіт Марқаның өзі болуы да ықтимал (14:51-52).
Бір кезде Марқа жақын ағасы Барнаба мен Пауыл елшіге еріп Ізгі хабарды тарату үшін сапарға шыққанда, орта жолдан Иерусалимге кері қайтқан болатын. Алғашқы қауым жетекшілерінің берген мәліметтері бойынша Марқа кейін Рим қаласында Петір елшіге аудармашы болып көмектесті. Сонда ол Римдегі сенушілер қауымдарының өтініші бойынша Петір елшінің Мәсіх Иса туралы айтқан уағыздарын тәптіштеп жазып, сақтап қойды. Сол жазғандарының жиынтығы — осы «Ізгі хабар». Оның үлкен бөлігі Исаның Матай мен Лұқа жазып қалдырған өмірбаяндарына ұқсас. Дегенмен соларға енбеген бірқатар қызық мәліметтер де бар. Оларды өз көзімен көрген куәгерлердің бірі — Исаның шәкірті Петірдің айтып бергені анық.
Сол кезде Римдегі қауымдар қатыгез Нерон патшаның тарапынан мейірімсіз қудалауға ұшырап жатты. Марқа оларға осы жазба арқылы Иеміз Исаны үлгі етті. Иса өз басына не түсетінін біле тұра Иерусалимге барып, шейіт болудан тайынбады. Иеміз, сондай-ақ, Өзінің тура жолымен жүрген адамдарына олардың да қуғындалуға дайын болулары керектігін ескертті. Ал заманның ақырында Өзі зор құдірет және салтанатты ұлылықпен көктен қайтып келіп, оларды құтқарып, Өзінің қасына жинап алатын болады (13:13,26-27).
Сонымен қатар Марқа Исаның таңғаларлық батыл да керемет істерін ықшамдап суреттеп, Оның Құдай ежелгі пайғамбарлар арқылы уәде еткен Құтқарушы Патша — «Мәсіх» екенін көрсетті. Осы Ізгі хабарда баяндалған Иеміз Исаның ғажап өмірі мен теңдесі жоқ құрбандық өлімі ғасырлар бойы сансыз көп адамды Иемізге баурап, Оның тура жолына тартып, адал болуға жігерлендіріп келеді.