Миха 6
Жаратқан Иенің Исраилді айыптауы
1
Уа, Исраил халқы, Жаратқан Иенің не айтқанын тыңдаңдар: «Орындарыңнан тұрып, істеріңді алдыма жайып салыңдар! Тау-төбелер соны тыңдап куә болсын.
2
Сондай-ақ, уа, таулар, Жаратқан Иенің Исраилге тағатын айыбына да құлақ түріңдер! Уа, жердің берік негіздері, Оған құлақ салыңдар! Өйткені Жаратқан Ие өз халқына кінә тағады. Ол Исраилді айыптамақшы».
3
«Уа, халқым, Мен сендерге не істедім? Сендерді немен қалжыраттым? Маған жауап беріңдер!
4
Мен сендерді Мысыр елінен алып шығып, құлдықтың құрсауынан құтқарып азат еттім. Сендерді жетелеуге Мұсаны, Һарон мен Мәриямды жібердім.
5
Уа, халқым, есіңе түсірші: Моаб патшасы Балақ қандай жоспар құрып, Беғор ұлы Балағам оған не деп жауап берген еді? Шиттимнен Ғылғалға көшкендеріңде жолшыбай не болды? Сол оқиғаларды естеріңе алыңдар, сонда Мен — Жаратқан Ие істеген әділ істерімді ұғатын боласыңдар».
Жаратқан Иенің адамнан талап еткендері
6
— Мен Жаратқан Иенің алдына қандай сый-тартумен келейін? Көктегі Құдайға нені ұсынып, бас иіп тағзым ете аламын? Оның алдына келгенде құрбандыққа шалынып, өртелетін тайыншалар ұсынсам бола ма?
7
Жаратқан Иеге сан мыңдаған қошқар әрі он мыңдаған бұлақ болып аққан зәйтүн майын әкеліп Оны риза қылуға бола ма? Бас көтеріп теріс іс істегенім үшін тұңғышымды, жасаған күнәм үшін өз перзентімді құрбандыққа шалайын ба? (— Әрине, олай емес.)
8
— Уа, адам, Жаратқан Ие саған ненің игілікті екенін білдірген еді. Ол сенен нені талап етеді? Әділ істер істеп, мейірімділікті ұнатуыңды, әрі сиынатын Құдайыңмен тығыз байланыста болып кішіпейіл жүруіңді талап етеді емес пе?!
Алдамшылар мен зорлықшылдардың жазалануы
9
Жаратқан Иенің даусын тыңдаңдар! Егер шын дана болсаңдар, Жаратқан Иені терең қастерлейтін болыңдар! Ол Иерусалим қаласына мына үндеуді тастайды: «Таяқ іспетті жау әскеріне әрі оны тағайындап, осында жіберген Жаратқан Иеге назар аударыңдар!
10
Уа, зұлым әулет, сендердің арамдықпен жиып-тергендерің әлі бар емес пе? Сендердің әдейі азайтылған өлшеуіштеріңді жек көремін!
11
Таразысы алдамшы, әрі дорбасын жалған өлшеуіш тастарға толтырып алған кісіні Мен қалайша ақтаймын?
12
Қаланың байлары зорлықшыл, тұрғындары өтірікші, ауыздарынан шығатыны алдап-арбау.
13
Сол себепті Мен сендерді жарақаттап құртамын, күнәларың үшін күйретемін.
14
Сендер тамақ жейсіңдер, бірақ тоя алмайсыңдар, қарындарың бәрібір аш болады. Былай қойып сақтайсыңдар, бірақ ештеңе жинай алмайсыңдар. Тіпті сақтап қойғандарыңның өзін Мен семсермен еліңе басып кірген жауға табыстаймын.
15
Сендер тұқым себесіңдер, бірақ өнім алмайсыңдар, зәйтүн жемісін сығасыңдар, бірақ соның майын қолданбайсыңдар. Жүзім шырынын сығып аласыңдар, бірақ одан дәм татып ішпейсіңдер.
16
Сендер Омридың зұлым ережелерін, Ахабтың әулетінің барлық арам дәстүрлерін ұстанып, олардың көрсеткен жаман үлгілеріне еліктедіңдер. Сол себепті Мен қаланы күйретуге тастап, оның тұрғындарын масқаралап, басқаларға күлкі қыламын. Сонда сендер халықтардың табасына қаласыңдар».