Миха 4
Халықтардың Жаратқан Иенің тауында татуласып, жарылқануы
1
Кейінгі заманда Жаратқан Иенің
Киелі үйі тұрған Сион тауы
Бастысы болады бар тау-төбелердің,
Бәрінен де оның атақ-даңқы
Әлдеқайда жоғары болып қалады.
Сонда халықтардың адамдары
Соған қарай ағылатын болады.
2
«Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің,
Жақыптың халқы сиынған Құдайдың,
Сион тауындағы киелі үйіне
Өрлеп барайық барлығымыз, кәне!
Сол жерде Жасаған Иеміз бізге
Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік,
Оның әділ еркін орындай берейік!» —
Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп.
Сөзін таратады тәлімін үйретіп
Жаратқан Ие Иерусалимнен,
Сиондағы өз киелі үйінен.
3
Сонда Иеміз көп халықтар арасында
Төрелік етіп, алыс та алып ұлттарға
Шығаратын болады әділ үкімін.
Енді олар төс үстінде қаруларын
Қайта соғып, соқаға қылыштарын
Айналдырады, ораққа найзаларын.
Содан халықтар енді қайтып ешқашан
Бір-біріне қарсы қару көтермейді,
Олар соғысуды тіптен үйренбейді.
4
Әркім отырады өз жүзім бұтасының
Түбінде әрі өз інжір ағашының,
Ешкім оларды қорқытпайды енді!
Осыны нық айтқан Әлемнің Иесі.
5
Барлық басқа ұлттар өздерінің
Жалған тәңірлерінің жолын қуады,
Ал біз өз Құдайымыз Жаратқан Иенің
Жолымен жүретін боламыз ұдайы.
Құдайдың ізгілікті жоспары
6
Жаратқан Ие былай деп нық айтады: «Сол күні Мен ақсақтарды, жер аударылған және Өзімнен жапа шеккендерді жинап аламын.
7
Сонда ақсақтар тірі қалып, алысқа жер аударылғандармен бірге Менің мықты халқым болады. Мен, Жаратқан Ие, сол күннен бастап мәңгілікке Сион тауынан оларға патшалық құратын боламын.
8
Ал сен, Сион тауындағы қорған, отарымды қоритын мұнараға ұқсайсың. Бұрынғы билігің саған қайтарылып, Иерусалим қайтадан патшалықтың астанасы болады».
9
«Енді неге айқайлайсың? Сенде патша жоқ па еді, кеңесшілерің опат болып па еді? Толғақ қысқан әйелдей азаптанып жатқаның сол себептен бе?
10
Уа, Сионның халқы, толғатып жатқан әйелдей азаптан бұратылыңдар! Себебі сендер енді қаланы тастап, ашық далада түнеуге мәжбүр боласыңдар. Бабыл еліне кетесіңдер, бірақ сол жерде кейінірек құтқарыласыңдар. Сонда Жаратқан Ие сендерді жау қолынан азат етеді.
11
Ал қазір көптеген халықтар саған қарсы жиналып жатыр. Олар: «Ол арамдана берсін! Сионның қирағанын өз көзімізбен көріп, соған мәз болайық!» — деседі.
12
Алайда олар Жаратқан Иенің ой-ниетін білмейді. Ол соларды қырманға апарылатын бидай бауларындай жинап жатыр. Оның осы жоспарын олар түсінбейді.
13
Тұр да, бидайды бастыр, уа, Сион қаласы! Мен саған сол үшін темір мүйіз әрі қола тұяқ секілді құрал-сайман беріп отырмын. Сонда сен көптеген халықтарды быт-шыт қылып қиратасың. Олардың арамдықпен жинаған өнімдерін енді Жаратқан Иеге бағыштайсың. Иә, солардың байлықтарын бүкіл жер бетінің Иесіне ұсынасың».