Миха пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Миха пайғамбар Яһуда еліне Жотам, Ахаз, Езекия патшалық құрған кезеңдерде (б.з.д. 705-686 жж.) Жаратқан Иеге қызмет етті. Миха Яһуданың Морешет атты қалашығында туып-өсті.
Пайғамбар Құдайдың атынан Исраил халқын ауыр күнәлары үшін әшкерелеп сынады. Олар жалған тәңірлерге табынып, сырт көзге ғана Құдайға қызмет еткенсіді, әрі басқа адамдарға озбырлық жасап, бейшараларды алдап отырды. Пайғамбар халық жетекшілерінің, тіпті діни қызметкерлердің де зұлым іс-әрекеттерін атап көрсетіп, Құдайдың оларды жаулары арқылы жоятынын ескертті.
Б.з.д. 734-732 жж. Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер Арама, Солтүстік Исраил және філістір елдеріне шабуыл жасап, Солтүстік Исраилдің басым бөлігін қолына түсірген еді. Ал б.з.д. 721 ж. оның астанасы Самария талқандалып, ел түгелдей жау қолына түсті. Халқының көбі Ассур патшалығының шалғай жерлеріне айдап әкетілді (Пат4 17:6). Яһуда елі де Ассурға бағынып, оған алым-салық төлеуге мәжбүрленді. Бірақ б.з.д. 701 ж. Яһуда патшасы Езекия Ассур патшалығына қарсы бас көтерді. Үш жыл өткеннен кейін Сеннахирим патша үлкен әскерімен Яһудаға шабуыл жасап, оның қамалды қалаларын басып алды (Пат4 18:13; Иш 26:1). Алайда Жаратқан Ие Яһуда астанасы Иерусалимді ғаламат кереметпен құтқарды (Пат4 19:32-37; Иш 27:33-38).
Енді Миха пайғамбар Иерусалимнің де талқандалатынын алдын ала хабарлады. Бірақ Жаратқан Ие Өзінің халқының сол апаттан аман қалғандарын құтқаруға уәде берді. Болашақта олардың өз патшасы Жаратқан Иенің жетекшілігімен және қорғауымен елге қайтадан билік жүргізетін болады.