Матай 8
Көптеген аурулар мен жын қинағандардың сауығуы әрі римдік жүзбасының зор сенімі
1
Иса таудан түскеннен кейін Оның соңынан көптеген халық ерді.
2
Сонда алапеспен ауырған біреу Исаның алдына келді де, тізе бүгіп тағзым етіп:
— Мырза, егер қаласаңыз, мені құлантаза сауықтыра аласыз, — деп өтінді.
3
Иса қолын созып, денесіне тигізді де:
— Қалаймын, құлантаза сауығып кет! — деді. Сол сәтте-ақ ауру адам алапесінен арылып, тазарды.
— Байқа, бұл туралы ешкімге тіс жарушы болма! Бірақ діни қызметкерге барып, қарал. Содан кейін Мұса Тауратта бұйырған құрбандықты ұсын. Бұл жұртқа сенің сауыққаныңның дәлелі болады, — деді.
5
Иса Қапарнаум қаласына кіргенде, бір римдік жүзбасы алдына келіп:
6
— Мырза, қызметшім үйде сал болып қатты қиналып жатыр, — деген өтініш жасады.
7
— Жарайды, барып сауықтырайын, — деп жауап берді Иса.
— Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді.
9
Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды, — деді.
10
Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа қарап: — Шын айтамын, Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!
11
Сендерге шындығын айтайын: шығыс пен батыстан келген көптеген жат жұрттық адамдар Ыбырайым, Ысқақ және Жақыппен бірге Құдай Патшалығында дастарқан басына жайғасатын болады.
12
Ал Патшалыққа алдымен тағайындалғандар сыртқа, қара түнекке қуылмақ! Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады, — деді.
13
Содан кейін Иса жүзбасына:
— Үйіңе қайт, сеніміңе сай тілегің болсын! — деді.
Сол мезгілде-ақ оның қызметшісі ауруынан сауығып кетті.
14
Иса Петірдің үйіне келгенде, оның қайын енесінің безгекпен ауырып, төсек тартып жатқанын көрді.
15
Иса оның қолына алақанын тигізгенде, қызуы басылып сауығып кетті. Әйел орнынан тұрып, оларды күтіп қызмет ете бастады.
16
Күн батқанда жұрт жын соққан талайларды Исаға алып келді. Ол айтқан бұйрығымен жындарды қуып шығып, барлық науқастарды сауықтырып жіберді.
17
Осылай Ишая пайғамбардың: Ол «біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді» деп алдын ала айтқаны жүзеге асты.
Мәсіхтің жолымен жүруге белді бекем буу
18
Иса айналасына халықтың көптеп жиналғанын көріп, шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне өтейік», — деді.
19
Бір дін мұғалімі қасына келіп:
— Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен Сізге еремін, — деді.
20
Иса оған:
— Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ, — деп жауап берді.
21
Шәкірттерінің өзге біреуі:
— Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегін жерлеп келейін. Рұқсат етіңізші, — деп сұрады.
22
Иса оған:
— Маған шәкірт болып ер! Өлгендерін жерлеуді (рухани) өлілерге қалдыр! — деп тапсырды.
Исаның сұрапыл дауылды және жындарды бағындыруы
23
Содан кейін Иса қайыққа мініп алды. Шәкірттері Оған ілесіп, бәрі жағадан аттанды.
24
Кенеттен сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалды. Иса бұл кезде ұйықтап жатты.
25
Шәкірттері Исаға жақындап, Оны оятып:
— Мырза, құтқара көріңіз! Құритын болдық! — деп айқайлады.
26
Иса оларға:
— Сенімі аздарым-ай, неліктен соншама қорқасыңдар? — деді де, орнынан тұрып, жел мен көлге тыйым салды. Сонда жым-жырт тыныштық орнады.
27
Аң-таң болған қайықтағылар өзара: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — десті.
28
Иса шәкірттерімен бірге көлдің арғы бетіндегі Ғадара өңіріне жеткенде, жын соққан екі кісі Оған кездесе кетті. Қабірге арналған үңгірлер арасынан шыға келген олар құтырынған, аса қауіпті болатын. Сондықтан ешкім сол жолмен жүре алмайтын.
29
Кенеттен олар: «Құдайдың рухани Ұлы, бізде нең бар? Уақытынан бұрын бізді азаптауға келдің бе?» — деп айқай салды.
30
Алысырақта үлкен бір топ шошқа жайылып жүрген болатын.
31
Жындар: «Егер бізді қумақ болсаң, ана шошқаларға жібере гөр», — деп өтінді.
32
«Кетіңдер!» — деді Ол. Жындар сол екі кісіден шығып, әлгі хайуандарға енді. Кенеттен олардың бәрі тік жардан көлге қарғып, суға батып, қырылып қалды.
33
Бақташылары қашып кетіп, қалаға барып, бастарынан өткен оқиғаны әрі жын соққан екі кісімен не болғанын жұртқа түгелдей айтып берді.
34
Сонда бүкіл қала халқы Исамен кездесу үшін шықты. Оны көргенде: «Біздің жерімізден кетіңіз», — деп өтінді.