Матай  27
1
Таң ата елдің басты діни қызметкерлері мен рубасыларының бәрі Исаны өлтіру туралы кеңесіп, шешім қабылдады.
2
Оны байлатып, әмірші Пилатқа алып барып, табыс етті.
Сатқынның ақыры
3
Исаға опасыздық жасаған Яһуда Оның сотталғанын көргенде өзінің істегеніне өкініп, басты діни қызметкерлер мен рубасыларына өздері берген отыз күміс теңгесін қайтарып тұрып:
4
— Мен опасыздық жасап күнәға баттым: кінәсіз кісінің қаны төгілмекші! — деді. Олар:
— Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл — өз мәселең, — деп жауап берді.
5
Содан Яһуда ақшаны киелі үйдің ішіне лақтырып жіберіп, шығып кетті де, барып, асылып өлді.
6
Басты діни қызметкерлер күміс теңгелерді жинап алып: «Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, себебі ол төгілетін қанға байланысты», — деді.
7
Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының егіндік жерін сатып алып, оны шетелдіктердің зираты етпек болып шешті.
8
Сондықтан осы жер танабы күні бүгінге дейін «Қанды танап» деп аталады.
9
Еремия пайғамбардың мына тәрізді алдын ала айтқандары сол кезде жүзеге асты: Олар исраилдіктер Ол үшін белгілеген бағаны, отыз күміс теңгені,
а
алып,
10
соған құмырашының егіндік жерін сатып алды. Жаратқан Ие маған осылай айтқан еді.
ә
Мәсіхтің әмірші Пилат алдындағы әділ куәлігі, ал яһуди халқының жасаған опасыздығы
11
Сол уақытта Иса римдік әміршінің алдында тұрған еді. Ол Исаға:
— Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деген сұрақ қойды. Иса:
— Өзіңіз айтып тұрсыз, — деді.
12
Басты діни қызметкерлер мен рубасылар Өзін айыптағанда Иса еш жауап бермеді.
13
Сонда Пилат Оған:
— Бұлардың Өзіңе қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқанын естімей тұрсың ба? — деп сұрады.
14
Алайда Иса олардың бірде-бір сөзіне жауап қайтармады.
б
Оның бұлай істегеніне әмірші қатты қайран қалды.
15
Мейрамның құрметіне әміршінің халық сұраған бір тұтқынды оларға босатып беретін салты бар еді.
16
Сол кезде Барабба есімді, аты шулы бір тұтқын римдіктердің түрмесінде отырған болатын.
17
Сонымен яһудилер алаңға
в
жиналып болған соң, Пилат:
— Қайсысын босатып жіберуімді қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх
г
деп аталған Исаны ма? — деген сұрақ қойды.
18
Яһуди басшыларының Исаны күншілдіктен өзіне ұстап бергендігін әмірші жақсы білетін.
19
Бұған қоса, Пилат төрелік тағында отырған осы аралықта оған әйелінің мына сәлемі жетті: «Сол әділ Адамға еш жамандық істей көрме! Мен бүгін түсімде Оған бола қатты азап шегіп, қиналдым».
20
Бірақ басты діни қызметкерлер мен рубасылар халық тобырын Пилаттан Бараббаны босатып, Исаны өлтіруді талап етуге көндірді.
21
Әмірші қайтадан:
— Осы екеуінің қайсысын өздеріңе босатып бергенімді қалайсыңдар? — деген сауал қойғанда олар:
— Бараббаны! — деп айқай салды.
22
— Ендеше Мәсіх
ғ
деп аталған Исаға не істейін? — деп сұрады Пилат. Бәрі де:
— Айқышқа шегеленсін! — деп айқай салды.
23
Пилат:
— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деген сұрақ қойды. Халық:
— Айқышқа шегеленсін! — деп бұрынғыдан бетер шулап кетті.
24
Енді ештеңе істей алмайтынын, керісінше, халықтың толқуы өршіп бара жатқанын көрген Пилат су алдырып, жұрт алдында қолын жуып тұрып:
— Мына (әділ) Адамның төгілетін қанына мен кінәлі емеспін. Бұл — сендердің істерің! — деді.
25
Бүкіл халық:
— Оның қаны біздің және ұрпақтарымыздың мойнында болсын! — деп жауап берді.
26
Сонда әмірші оларға Бараббаны босатып берді. Ал Исаны қамшымен соқтырғаннан кейін, айқышқа шегелеп іліп өлтіруге жасақшылардың қолдарына тапсырды.
Мәсіхтің қатты азап шегіп жанын қиюы
27
Содан әміршінің жасақшылары Исаны ордасына алып барып, қасына бүкіл әскер бөлімін жинады.
28
Олар Исаның сырт киімін шешіп алып, Оның үстіне бір қызыл шапанды жапты.
29
Жасақшылар, сондай-ақ, тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізіп, оң қолына асатаяқ
д
ұстатып қойды. Исаның алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіп: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп келекеледі.
30
Бетіне түкіріп, қолындағы таяғын жұлып алып, сонымен Оның басын ұра берді.
31
Мазақтап болғаннан кейін Исаның үстіндегі шапанды шешіп алып, өз киімін қайта кигізді.
Содан кейін жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін алып кетті.
32
Қаладан шыға жолшыбай олар Шимон есімді күренелік
е
ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүр етті.
33
Осылай олар Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе»,
ж
деген жерге жетті.
34
Сонда Исаға ішуге өт қосылған сірке суын
з
ұсынды, бірақ дәмін татқан соң Ол оны ішуден бас тартты.
35
Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп, тік көтеріп қойды. Бұдан кейін Оның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды.
36
Содан олар сол жерде отырып, Исаны күзетті.
37
Оған тағылған айып: «Бұл — Яһудилердің Патшасы Иса»
и
деп бір тақтайшаға жазылған болатын. Жасақшылар тақтайшаны Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа бекітіп қойған еді.
38
Олар Исамен бірге екі қарақшыны
к
да, біреуін оң, екіншісін сол жағына айқыш ағаштарға керіп шегелеп, тік көтеріп қойды.
39
Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап:
40
«Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егер де Құдайдың рухани Ұлы болсаң, айқыштан түс!» — деп Оны келеке етті.
қ
41
Сол секілді басты діни қызметкерлер де дін мұғалімдерімен және рубасыларымен бірге Оны мазақтап:
42
«Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! Егер Ол Исраилдің Патшасы болса, Өзінің құдіретімен қазір-ақ айқыштан түссін! Сонда Оған сенеміз.
43
Ол Құдайға үмітін артқан екен. Егер Құдай Оған разы болса, қазір-ақ Оны құтқарып алсын!
л
Өйткені Ол Өзін Құдайдың рухани Ұлымын деді ғой», — десті.
44
Жанындағы айқыштарға шегеленген қарақшылар да Исаны солай тілдеді.
м
45
Тал түстен бастап бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды.
н
46
Сағат үш шамасында Иса қатты дауыспен айқайлап: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Бұның аудармасы «О, Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?»
о
дегенді білдіреді.
47
Сол жерде тұрғандардың кейбіреулері мұны естіп: «Ол Ілияс
ө
пайғамбарды шақырып жатыр», — десті.
48
Солардың біреуі дереу жүгіріп барып, бір сорғышты сірке суына батырып алды. Оны таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды.
49
Басқалары: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны құтқарып алар ма екен, көрейік!» — деп кекетті.
50
Иса тағы бір рет қатты дауыстап жіберіп, жан тапсырды.
51
Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық
п
кенеттен жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. Жер сілкініп, жартастар жарылып,
52
қабір үңгірлері ашылды. Марқұм болған көптеген әділдердің
р
сүйектері қайта тіріліп,
53
қабірлерінен шықты. Олар кейінірек, Иса қайта тірілген соң, қасиетті қалаға
с
барып, көптеген адамдарға көрінді.
54
Римдік жүзбасы және онымен бірге Исаны күзетіп тұрғандар жер сілкіністі және болған өзге оқиғалардың бәрін көргенде үрейлері ұшып: «Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп мойындады.
т
55
Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер де болды. Олар Исаға қызмет етіп, Ғалилеядан еріп келгендер еді.
у
56
Араларында мағдалалық Мәриям және Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям,
ұ
сондай-ақ Зебедей ұлдарының шешесі
ү
де бар болатын.
Мәсіхтің мәйітінің қабірге қойылып, күзетілуі
57
Кеш түспес бұрын Жүсіп есімді ариматеялық бір бай кісі келді. Өзі де Исадан тәлім алған шәкірті еді.
ф
58
Жүсіп Пилатқа барып, Исаның мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрап алды. Пилат мәйітті оған табыс етуге бұйырды.
59
Жүсіп сүйекті түсіріп алып, кіршіксіз таза бәтес кебінге орады.
60
Содан оны жартастан үңгіп жасаған өзінің жаңа қабіріне апарып қойды. Содан кейін қабірдің дәу қақпақ тасын домалатып әкеліп, қабірдің кіреберіс аузын сонымен мықтап жауып, кетіп қалды.
61
Сол жерге келген мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям
х
қабірдің қарсы алдында отырды.
62
Келесі күні, жұманың ертеңіне басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилаттың қасына жиналып,
63
былай деді:
— Тақсыр, әлгі «алдамшы» Кісінің тірі кезінде: «Үш күннен кейін қайта тірілемін» дегені есімізге түсті.
64
Сондықтан да қабірді үшінші күнге дейін күзетіп, қауіпсіз етуге бұйыра көріңіз. Әйтпесе Оның шәкірттері (түн ішінде) келіп, сүйегін ұрлап алып кетіп, халыққа «өлімнен қайта тірілді» деп жүрулері мүмкін. Сонда соңғы алдау алғашқысынан да бетер болар.
ц
65
Пилат:
— Мейлі, қарауыл тобын алыңдар.
ч
Барып, қабірді өздерің білгендеріңше күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіңдер, — деп шешті.
66
Олар барып, мазардың айналасына күзет қойып, қақпақ тасты мөрмен бекітіп тастады.
ш

а  26:15; 27:3.

ә  Зәк 11:12-13. (Әдетте Зәкәрия пайғамбардың жазбасы бір үлкен шиыршық кітапқа Еремия пайғамбардың жазбасынан кейін жазылатын. Сол кітаптағы жазбалардың бәрі кейде «Еремия пайғамбардың кітабы» деп те аталатын.)

б  Иш 53:7.

в  Жох 19:13.

г  26:63; сол аяттағы түсініктемені де қараңыз.

ғ  Яғни Құтқарушы Патша (26:63; Түсіндірмені де қараңыз).

д  Қызыл шапан, тікенді «тәж» және асатаяқ патшалық билік белгілерінің келекеленген түрі болды (27:29-31; Мар 15:17-20; Лұқ 23:11).

е  Күрене: солтүстік Африкадағы өлке, қазіргі Либия мемлекетінің жерінде (Елш 2:10).

ж  Немесе: «Бассүйек орны».

з  Немесе: өт қосылған шарап (27:48; Жыр 68:22).

и  2:2; 27:11.

к  Яки: екі (ұлтшыл) көтерілісшіні (Мар 15:7; Лұқ 23:18-19; Жох 18:40; Иш 53:12).

қ  16:21; 26:61; 4:6-7; Жох 2:19.

л  Жыр 21:9.

м  Алайда сәл кейінірек екеудің біреуі күнәсіне өкініп, Иса оны кешірді (Лұқ 23:39-43).

н  Түсіндірмедегі «Уақыт белгілеу жүйесін» қараңыз.

о  Жыр 21:2; Мар 15:34; Жох 1:29; Пет1 2:24; Ғал 3:13.

ө  Ілияс пайғамбардың есімі түпнұсқадағы Ілои «Құдайым» деген сөзге ұқсас дыбысталады.

п  Бұл шымылдықпен киелі үйдегі ең қасиетті орын, яғни Құдайдың жер бетіндегі тұрағы, жабылып, адам көзінен тасаланатын (Мыс 26:33; 40:34-35; Евр 9:3-8; 10:19-22).

р  Яки: қасиеттілердің (Құдай жолын қуғандардың).

с  Яғни Иерусалимге.

т  27:43,45-46,50-52.

у  Лұқ 8:2-3.

ұ  Немесе: Жақып пен Жосидың шешесі Мәриям. (Жоси: Жүсіп есімінің қысқаша түрі. Осы Мәриям Исаның да шешесі еді: 13:55; Жох 19:25.)

ү  Яғни Исаның елшілері Жақып пен Жоханның шешесі (10:2; 20:20).

ф  Немесе: Ол да Исадан тәлім алған болатын.

х  Исаның шешесі (27:56).

ц  Сол дінбасылардың көпшілігі Исаны қабылдамай қиқарлық танытып, Оны тіпті «алдамшы» деп жариялады (Жох 5:16-32; 7:32-49).

ч  Немесе: Қарауылдарың бар ғой.

ш  Ресми мөрді рұқсатсыз сындырған әркім де, міндетін дұрыс атқармаған әр күзетші де ешбір кешірімсіз өлімге бұйырылатын еді (Елш 12:19).