Матай  20
Жұмысшылардың жалақысы туралы астарлы әңгіме
1
Иса сөзін жалғастырып былай деді: «Құдай Патшалығындағы жайт мынау сияқты: бір қожайын таң сәріде жүзім бағына жұмысшы жалдау үшін үйінен шығыпты.
2
Жұмысшылармен күніне бір күміс теңгеден
а
төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді.
3
Сағат тоғызда қожайын қайтадан үйінен шығып, базардан әлі де жұмыссыз тұрған басқаларды көргенде,
4-5
оларға:
— Сендер де жүзімдігіме барыңдар! Тиісті ақыларыңды төлеймін, — дейді.
Олар да сонда кетеді. Қожайын түскі сағат он екі және үш шамасында да солай істейді.
6
Соңғы рет сағат бесте барса, жұмыссыз тұрған тағы бірнеше адамды көріп, оларға былай деп тіл қатады:
— Неліктен сендер күні бойы бос тұрсыңдар?
7
— Бізді ешкім жалдаған жоқ.
— Онда сендер де жүзімдігіме барыңдар! — дейді қожайын.
8
Кешке ол шаруашылығын басқарушысына:
— Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын төле. Ең соңғыларынан бастап, алғашқы барғандарымен аяқта, — деп тапсырады.
9
Сонда сағат бесте жалданғандар келіп, бір күміс теңгеден алады.
10
Алғашқы болып келгендер көбірек алармыз деп үміттенгенмен, оларға да бір-ақ күміс теңгеден тиеді.
11
Соны алған олар қожайынға өкпелеп:
12
— Соңғылар бір сағат қана жұмыс істесе, біз осындай ыстықта күні бойы жұмыс істедік. Дегенмен сіз бәрімізге бірдей ақы төледіңіз! — деп күңкілдейді.
13
Қожайын біреуіне жауап қайтарып:
— Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бір күміс теңгеге келіспеп пе едік?!
14
Ендеше ақыңды ал да кете бер. Соңынан жалданған мыналарға саған бергендей ақы төлеуді өзім қалап тұрмын.
15
Әлде менің меншігімді өз қалауымша жұмсауға еркім жоқ па?! Яки оларға жомарттық жасағанымды көре алмайсың ба? — дейді.
16
Осылайша соңғылар алдыңғы қатарға шығады, ал алдыңғы қатарлылар соңғылар болады!»
ә
Мәсіхтің Өзінің өліп, қайта тірілетінін шәкірттеріне екінші рет білдіруі
17
Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екі шәкіртін бөлек шақырып алып, оларға өз басынан өткізетіндері туралы былай деді:
18
«Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні
б
басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп,
19
Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақтап, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!»
Бір ананың тілегі және Мәсіхтің ізбасары болудың шарты
20
Сол уақытта Зебедейдің әйелі ұлдарын ертіп Исаның қасына келді. Әйел бір өтініш білдірмек болып Оған тізе бүгіп тағзым етті. Иса:
21
— Сіз не қалайсыз? — деп сұрады. Әйел:
— Патшалығыңызда осы екі ұлымның біреуіне оң, екіншісіне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді.
22
Алайда Иса жауап беріп:
— Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішпекпін». Ал сендер солай істей аласыңдар ма?
в
— деді. Екі шәкірт:
— Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса:
23
— Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішетін боласыңдар. Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады.
24
Қалған он елші мұны естігенде екі ағайынды жігітке қатты наразы болды.
25
Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді:
— Билеушілері қол астындағы халықтарды билеп-төстейді, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер.
26
Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін!
27
Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін!
28
Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім.
г
Екі зағиптың көздерінің ашылып, Мәсіхке еруі
29
Иса шәкірттерімен Иерихон қаласынан
ғ
шыққанда, Оның соңынан халықтың үлкен тобы ілесті.
30
Сонда жол жиегінде отырған екі соқыр кісі қастарынан Исаның өтіп бара жатқанын естіп: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп айқайлады.
31
Халық оларға ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ екеуі одан бетер айқайлап: «Уа, Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды.
32
Иса тоқтай қалып, оларды қасына шақырып:
— Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар:
33
— Тақсыр, көзімізді аша көріңіз! — деп өтінді.
34
Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ көздері ашылып, көретін болды! Содан олар Исаға еріп жолға шықты.

а  Немесе: бір денарионнан (демек, жай жұмысшының бір күндік жалақысынан).

ә  Немесе: алдыңғы қатарлылар соңғылар болады! Өйткені шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз (22:14).

б  Билеуші ретінде көктен түскен Мені («Адам Ұлын»: 8:20; 9:6).

в  Немесе: сендер содан іше аласыңдар ма? (Мұндағы «тостаған» Құдайдың адамзаттың күнәлары үшін Мәсіхке тартқызатын қаһарлы жазасын астарлап білдіреді: 26:39,42; Аян 16:1; 14:19-20; Иш 53:5-6,12; Жүн 2:2-6.)

г  26:28; Жох 13:13-14; 1:29; 11:50.

ғ  Мар 10:46; Лұқ 18:35; сондағы түсініктемені де қараңыз.