Матай 2
Шетелдік ғұламалардың Құдай жіберген Патшаға ізет білдіруі
1
Иса Иродтың патшалық құрған заманында Яһудея аймағындағы Бетлехем қалашығында дүниеге келді. Біраздан кейін Иерусалимге шығыс өлкесінен жұлдыз санаушы ғұламалар сапарлап келіп:
2
«Яһудилердің жаңа туған Патшасы қайда екен? Біз Оның жұлдызының шығыс жақтан туып, жарқырағанын көрдік. Жаңа туған Патшаға ізет білдіру үшін келіп тұрмыз», — деп сұрастыра бастады.
3
Ирод патша мұны естігенде қатты абыржып, онымен бірге Иерусалимнің бүкіл халқы да мазасызданды.
4
Патша елдің барлық басты діни қызметкерлері мен дін мұғалімдерін жинап алып, оларға:
— Мәсіх қай жерде дүниеге келуге тиіс? — деген сұрақ қойды.
5
Олар былай деп жауап берді:
— Яһудея аймағындағы Бетлехемде дүниеге келуге тиіс. Себебі (Миха) пайғамбар Құдайдың мына сөздерін жазып қалдырды:
6
«Ал сен, Яһуда жеріндегі Бетлехем, Яһуданың басты қалаларының арасындағы ең маңызсызы емессің: сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады».
7
Сонда Ирод жат жерлік ғұламаларды астыртын шақыртып алып, жұлдыздың аспанда қашан көрінгені туралы сұрап, біліп алды.
8
«Барып, осы Бала туралы мұқият сұрастырып біліңдер, Оны тапқан соң маған хабарлаңдар! Мен де барып, Оған ізет білдірейін», — деп, оларды Бетлехемге жіберді.
9
Ғұламалар патшаны тыңдап алып, жолға шығып кетті. Міне, қызық! Өздері бұрын шығыс жақтан көрген жұлдыз алдарында жылжып отырып, ең соңында Нәресте жатқан жердің үстінен тоқтады.
10
Жұлдызды байқаған олардың қуаныштары қойындарына сыймады.
11
Үйге кіргенде анасы Мәриямның қасындағы Нәрестені көрген ғұламалар жерге жүгіне кетіп, Оған иіліп ізет білдірді. Содан олар алып келген сандықшаларын ашып, Сәбиге сый-тартуларын: алтын әрі жұпар шайыр мен мүр атты хош иісті заттарды ұсынды.
12
Мұнан кейін ғұламалар көрген түстерінде Құдайдан «Иродқа қайта оралмаңдар!» деген бұйрық алғандықтан, өз елдеріне басқа жолмен қайтып кетті.
Мәсіхтің отбасының Мысырға қашып құтылуы
13
Ғұламалар кетіп қалғаннан кейін, Жаратқан Иенің періштесі Жүсіпке түсінде аян беріп: «Тұр, Нәресте мен анасын алып, Мысырға қашып құтылыңдар! Өзім айтқанға дейін сол жерде қала беріңдер. Себебі Ирод Нәрестені өлтіру үшін іздемекші», — деді.
14
Сонда Жүсіп орнынан тұрып, түн ішінде Сәбиді анасымен бірге алып, Мысыр еліне жөнелді.
15
Олар Ирод өлгенге дейін Мысырда тұрақтап қалды. Осылайша Жаратқан Иенің (Ошия) пайғамбар арқылы: «Мен рухани Ұлымды Мысырдан шақырып алдым» дегені жүзеге асты.
16
Жат жерлік ғұламалардың өзінен амалын асырып кеткенін түсінгенде Ирод долдана ашуланып, жасақшыларын жіберіп, Бетлехемдегі және соның маңайындағы екі жасқа дейінгі ер балалардың бәрін де өлтіртті. Бұл жасты ол ғұламалардан біліп алған мезгілге сәйкес белгілеген еді.
17
Сонда Құдайдың Еремия пайғамбар арқылы жіберген мына хабары іске асты:
18
«Рамақ жерінде зор қасіреттен
Дауыс естіледі зар еңіреген.
Рахила өлген балаларын жоқтап,
Жұбанудан бас тартады зар жылап:
Келмеске кетті олар көздері құрып!»
Мысырдан қайтып, Назаретке орналасу
19
Ирод патша өлгеннен кейін, Жаратқан Иенің періштесі Мысырда Жүсіпке түсінде аян беріп:
20
«Тұр, Нәресте мен анасын алып, Исраилге қайтыңдар! Себебі Нәрестенің өмірін құртқысы келгендер өлді», — деді.
21
Жүсіп орнынан тұрып, Нәресте мен анасын алып, Исраил еліне қайта оралды.
22
Алайда ол Яһудеяға әкесі Иродтың орнын басып Архелайдың билік құрғанын естіді. Сондықтан Жүсіп сол аймаққа барудан қорықты. Көрген түсінде Құдайдан алған бұйрыққа сай Жүсіп Ғалилея аймағына жөнелді.
23
Сол жердегі Назарет қаласына барып, сонда орын тепті. Пайғамбарлар жазбаларында (Мәсіх туралы) мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Ол назареттік деп аталатын болады. Бұл осылайша жүзеге асты.