Матай жазған Ізгі хабар
Жазба туралы мәлімет
Осы «Ізгі хабар» — Мәсіх Исаның бір өмірбаяны. Оны жазып қалдырған Матай Леуі Исаның он екі шәкіртінің және елшісінің бірі еді. Матайдың бұрынғы кәсібі салық жинаушы болатын (9:9; 10:3; Мар 2:14).
Матай бұл жазбасында назареттік Исаның Құдай өз халқын құтқару үшін жіберуге уәде еткен Мәсіх екеніне өзімен ұлттас яһудилердің көздерін жеткізуді мақсат етті. Ол соны дәлелдеу үшін Көне Келісімнен, яғни Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларынан, көптеген үзінділер келтірген. Осылай Матай Исаның Өзінің ғажайып өмірі, айтқан тамаша сөздері, жасаған керемет істері және теңдесі жоқ құрбандық өлімі мен қайта тірілуі арқылы Таурат заңын орындап, пайғамбарлардың Өзі туралы алдын ала білдіргендерін де түгелдей жүзеге асырғанын көрсетеді. Иса — «Дәуіттің Ұрпағы» әрі уәде етілген Құдай Патшалығының Билеушісі. Осы Патшалық бұ дүниелік күшпен құрылған мемлекетті білдірмейді. Керісінше, онда Құдай Өзіне мойынсұнған адамдардың өмірінде игілікті билігін жүргізеді.
Бұл жазба Мәсіх Исаның Құдайдың Патшалығы туралы берген тәлімдерінің бес жиынтығын да қамтиды. Оларда сол Патшалықтың негізі, оның хабаршыларының ерекшеліктері, Патшалықтың қасиеттері, оған кірген адамдардың мінез-құлықтары және Мәсіхтің ақырзаманда Патша ретінде ұлы салтанатпен қайта оралуы жөнінде сөз болады. Осы бес тәлім жиынтығын жазбаның 5-7,10,13,18 және 24-26-тарауларынан табамыз.
Көптеген ойшылдар әлемге кеңінен белгілі «Таудағы уағызында» Мәсіхтің жариялаған мінез-құлық ережелерін адамзат тарихындағы ең ұлы, ең асқақ қағидалар деп атайды. Олар Құдайдың адамдарға тапсырған мінез-құлқының берік үлгісі.
Жаратқан Ие адамнан игі істер істеп, мейлінше жақсы болуын талап етіп қана қоймайды. Қайта, оларға Өзі сияқты мүлтіксіз болуды бұйырады. Алайда жалғыз Мәсіх Иса ғана осы үлгіге түгелдей сай келеді. Мәсіх адамдарды теріс жолдарынан қайтып, Өзінен үйреніп, тығыз қарым-қатынаста жүруге шақырды (11:28-29). Олардың Құдай алдында ақталып, шын мәнінде игілікті істер істей алулары үшін Мәсіх өз өмірін құрбан етті.
Алдымен яһудилерге жеткізілген «Матай жазған Ізгі хабар» барлық басқа ұлттарға да арналған. Бұл ондағы баяндалған оқиғалардан да көрінеді: шығыс өлкесінен келген ғұламалар жаңа туған Патшаға тағзым етіп ізет білдірді (2:1-11). Мәсіх қазіргі Ливан еліндегі Тир мен Сидон аймағында тұратын бір әйелдің қызын науқасынан кереметпен айықтырды (15:21-28). Бір шетелдік жүзбасы қатты ауырып жатқан қызметшісін Мәсіх Исаның сауықтыра алатынына ғаламат зор сенім артып, тілегі қабыл болды (8:5-13). Мәсіхтің азабы мен өлімін көріп тұрған басқа бір шетелдік жүзбасы да Оның Құдай жіберген Құтқарушы екеніне көзі жетіп, сенді (27:54).
Осы керемет жазбаның соңында Мәсіх Иса Өзінің әділ жолына түскендерге Ұлы аманатын тапсырады: енді олардың міндеті — Құдайдың күнәларды кешіретіні туралы Ізгі хабарды және Мәсіхтің игілікті тәлімінің бәрін де барлық халықтарға жариялап, үйрету. Осыны орындап жатқандарға Өзі әрдайым жар боламын деп сөз берді (28:18-20).