Лұқа 7
Римдік жүзбасының зор сенімі
1
Иса Өзін тыңдап тұрған халыққа барлық сөзін айтып бітіргеннен кейін Қапарнаум қаласына кірді.
2
Сол кезде бір римдік жүзбасының ерекше бағалайтын қызметшісі ауырып, хал үстінде жатқан еді.
3
Жүзбасы Иса туралы хабар алған болатын. Сол себепті ол Исаға яһудилердің бірнеше ақсақалдарын жіберіп, Одан қызметшісін сауықтырып құтқаруын сұрады.
4
Олар Исаның қасына келгенде жалына өтініп: «Жүзбасы — Сіздің жәрдем беруіңізге лайықты кісі.
5
Ол халқымызды жақсы көреді, өзі бізге тіпті мәжілісхана салып берді», — деді.
6
Иса ақсақалдармен бірге жүрді. Ол сол үйге жақындап қалғанда, шетелдік жүзбасы Исаға достарын жіберіп, мынаны айтқызды:
— Келіп әуре болмай-ақ қойыңыз, Мырза, мен Сіздің шаңырағымның астына келуіңізге лайық емеспін.
7
Сондықтан да өзімнің Сізге келуімді жөн көрмедім. Тек бір сөз айтсаңыз болды, қызметшім сауығып кетеді.
8
Мұны білемін, себебі мен де біреудің қол астындамын, өзіме бағынышты жасақшыларым да бар. Біреуіне: «Бар!» десем, барады, басқасына: «Кел!» десем, келеді, қызметшіме: «Мынаны істе!» дегенімде, ол соны орындайды.
9
Мұны естіген Иса қайран қалып, соңынан еріп келе жатқан халыққа бұрылып: «Сендерге шын айтамын: Маған осындай сенім артқан кісі Исраил халқынан ешқашан кездескен емес!» — деді.
10
Жіберілгендер жүзбасының үйіне қайтып келгенде, ауру қызметшісінің сауығып кеткенін көрді.
Мәсіх Исаның жесір әйелдің қайтыс болған ұлын тірілтуі
11
Біраздан кейін Иса Наин атты қалаға барды. Оған шәкірттері және көп халық еріп жүрді.
12
Иса қала қақпасына жақындаған кезде жұрт біреудің мәйітін қабірге қоюға алып шығып келе жатты. Бұл бір жесір әйелдің жалғыз ұлы екен. Жесірге қаладан көп халық ілесіп шығып келе жатты.
13
Иеміз Иса әйелді көргенде оған жаны ашып: «Жыламаңыз!» — деп жұбатты.
14
Содан Ол жақындап барып, табытқа қолын тигізді. Табыт көтергендер тоқтағанда, Иса: «Балам, саған айтамын, түрегел!» — деді.
15
Сонда өлген жігіт түрегеліп отырып, сөйлей бастады! Иса оны шешесіне табыс етті.
16
Жұрттың бәрін үрей биледі. Олар: «Арамыздан ұлы Пайғамбар шықты!» «Құдай өз халқына игілік істеуге келді!» — деп Құдайды мадақтады.
17
Иса туралы осындай хабар бүкіл Яһудея аймағына және барлық төңірекке тарап кетті.
Жақия пайғамбардың сұрағы
18
Бұл туралы Жақия пайғамбар шәкірттерінен хабар алып тұрды.
19
Жақия олардың екеуін шақырып алды да, Иеміз Исаға жіберіп, Одан: «Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сізсіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?» — деп сұратты.
20
Олар Исаға келіп:
— Шомылдыру рәсімін жасаған Жақия бізді: «Келетіні ежелден-ақ уәде етілген Құтқарушымыз шынымен Сізсіз бе? Әлде басқа біреуді күтуіміз керек пе?» деп сұрауға жіберді, — деді.
21
Сол сәтте Иса көптеген адамдарды ауру-сырқауларынан сауықтырып, қинаған жындарынан арылтып, көп соқырларға рақым көрсетіп көздерін ашып жатты.
22
Сонда Иса жіберілген кісілерге:
— Сендер көріп-естігендеріңді Жақияға барып, айтып беріңдер: соқырлар көріп, сал болғандар жүріп, алапестер құлантаза сауығып, саңыраулар естіп, өлгендер қайта тіріліп, жарлыларға Ізгі хабар жарияланып жатыр.
23
Ал Маған деген сенімінен бас тартпаған әркім бақытты! — деді.
24
Жақияның жіберген адамдары қайтып кеткеннен кейін, Иса жұртқа Жақия туралы былай деп айта бастады:
— Сендер айдалаға нені көруге бардыңдар? Жел тербеткен бір қамысты ма? (Жақия ондай емес!)
25
Тегі, нені көруге бардыңдар? Қымбат киім киген біреуді ме? Жоқ, қымбат киім киіп, молшылықта өмір сүріп жатқандар патша сарайларында тұрады ғой.
26
Сонда нені көруге бардыңдар? Бір пайғамбарды ма? Иә, сендерге айтамын: Жақия тіпті пайғамбардан да артық!
27
Киелі жазбада Құдайдың мынадай сөздері бар: Біліп ал, Мен алдыңнан хабаршымды жіберемін. Ол жүретін жолыңды дайындап қояды. Мұндағы хабаршы — Жақия.
28
Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақиядан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдайдың Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен.
29
Мұны тыңдаған бүкіл халық, тіпті салықшылар да Құдайдың әділдігін мадақтады. Олар Жақия пайғамбар орындаған шомылдыру рәсімінен өткен болатын.
30
Алайда парызшылдар және Таурат заңын үйретуші ғұламалар бұл рәсімнен өтпей, Құдайдың өздеріне арнаған мақсатын қабылдамады.
31
Иеміз Иса тағы былай деді:
— Ендеше қазіргі ұрпақтың адамдарын кімге ұқсатайын, олар кімге ұқсас?
32
Олар тентек балаларға ұқсайды. Солар далада отырып, бір-біріне айқайласып:
«Сендер үшін сыбызғы тартсақ та, би билемедіңдер,
Сосын жоқтау айтсақ та, жылап еңіремедіңдер!»
— деп шағымданады.
33
Өйткені шомылдыру рәсімін жасаған Жақия пайғамбар келгенде, кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Сендер оны «жынды» дейсіңдер.
34
Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда сендер:
«Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді және салықшылармен, күнәкарлармен дос болып жүр!»
деп жамандайсыңдар.
35
Алайда даналықтың игілігі оны қабылдағандардың ізгі істерімен дәлелденеді, — деді.
Парызшыл адам және күнәға батқан әйел
36
Бірде парызшылдар тобының бір мүшесі Исаны тамаққа шақырды. Иса парызшылдың үйіне келіп, дастарқан басына жайғасты.
37
Қалада тұратын бір күнәкар әйел Исаның парызшылдың үйінде дастарқан басында отырғанын естіп қалды. Сонда ол иісмайға толған мөлдір тас құтысын алып, әлгі үйге келді.
38
Әйел Исаның аяқ жағында тұрып, жылай берді. Көз жасын Оның аяғына төгіп, шашымен сүрте бастады. Сосын аяқтарын сүйіп, үстіне иісмайын құйды.
39
Исаны қонаққа шақырған парызшыл адам мұны көргенде іштей: «Егер Бұл нағыз пайғамбар болса, Өзіне қолын тигізгеннің кім екенін және қандай әйел екенін білер еді. Ол күнәға батқан ғой», — деді.
40
Иса оған:
— Шимон, саған айтайын деген бір ауыз сөзім бар, — деп үн қатты.
— Айта беріңіз, Ұстаз! — деді ол.
41
Сонда Иса:
— Қарыз беруші бір адамның екі кісіде ақшасы болыпты. Олардың біреуі бес жүз күміс теңгеге, ал екіншісі елуге борышты екен.
42
Олардың қарызын қайтаратын еш нәрселері болмағандықтан, сол адам екеуінің де қарызын кешіпті. Айтшы, кәне, бұлардың қайсысы оны көбірек жақсы көреді? — деген сұрақ қойды.
43
Шимон:
— Көбірек қарызы кешірілгені деп ойлаймын, — деді. Иса:
— Дұрыс айттың, — деп жауап қатты.
44
Содан әйелге бұрылып, Шимонға тағы былай деді:
— Мына әйелді байқадың ба? Мен үйіңе кіргенде, сен Маған аяғымды жуатын су берген жоқсың. Ал ол аяғыма көз жасын төгіп, шашымен сүртті.
45
Сен Мені бетімнен сүймедің. Ал ол Мен келгеннен бері тоқтамастан аяғымды сүйіп отыр.
46
Сен басыма май құйып құрмет көрсетпедің. Ал ол тіпті аяғыма иісмай құйды.
47
Сондықтан саған айтамын: оның көптеген күнәларының бәрі де кешірілді, бұл оның зор сүйіспеншілігінен көрініп тұр. Ал кімге аз кешірілсе, сол азғана жақсы көреді. —
48
Мұнан соң Иса әйелге: — Күнәларың кешірілді! — деді.
49
Сонда Исамен бірге дастарқан басындағы кісілер іштерінен: «Күнәларды да кешіретін Бұл кім Өзі?» — деп ойлады.
50
Бірақ Иса әйелге:
— Сен сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, — деді.