Лұқа 15
Жоғалып, табылған қой және теңге туралы астарлы әңгімелер
1
Салықшылар мен өзге де күнәкарлар Исаны тыңдау үшін көптеп қасына жиналатын.
2
Бірақ парызшылдар мен дін мұғалімдері мұны көріп:
— Мына кісі күнәкарларды қабылдап, солармен тіпті дастарқандас болады! — деп күңкілдесті.
3
Сонда Иса оларға астарлап былай деді:
4
— Егер араларыңдағы біреудің жүз қойы болып, солардың бірін жоғалтып алса, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенін тапқанша іздемей ме?
5
Оны тауып алған соң, қуана-қуана иығына салып алады.
6
Үйіне келгеннен кейін: «Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!» — деп достары мен көршілерін шақырады.
7
Сендерге шын айтамын: сол сияқты, «Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ» дейтін тоқсан тоғыз «әділ» кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады!
8
Әлде он күміс теңгесі бар әйел біреуін жоғалтып алса, оны тапқанша шам жағып, үйді сыпырып, бар ынтасымен іздемей ме?
9
Тауып алған соң: «Жоғалтқан күміс теңгемді тауып алдым! Менің қуанышыма ортақ болыңдар», — деп достары мен көрші-қолаңдарын шақырады.
10
Сендерге шын айтамын: Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкар үшін де дәл солай қуанады!
Адасып, қайта оралған ұл туралы астарлы әңгіме
11
Иса тағы мына әңгімені де айтып берді: «Біреудің екі ұлы болыпты.
12
Кенжесі:
— Әке, маған тиісті еншімді бөліп беріңізші! — дейді. Сонда әкесі ұлдарына мал-мүлкін бөліп береді.
13
Көп уақыт өтпей кіші ұл бәрін жинап алып, алыс бір елге кетеді. Сол жерде ол азғындық жолға түсіп, еншісін шашып, ысырап қылады.
14
Бәрін жұмсап бітірген кезде сол елде қатты ашаршылық болып, жігіт мұқтаждық көре бастайды.
15
Елдің бір тұрғынына барып, жармасып жүріп, жалшысы болады. Сол оны даласына жіберіп, шошқаларын баққызып қояды.
16
Жігіт шошқалар жейтін қабықтарды жеп тойсам деп аңсайтын, бірақ оған соны да бермепті.
17
Сонда ол ақылға келіп, ішінен былай дейді: Әкемнің соншама көп жалшысы нанға тойып жүргенде, мен бұл жерде аштан өлетін болдым.
18
Қой, жолға шығып, әкеме қайтып барайын: Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім.
19
Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін. Мені жалшыңыздай қабылдасаңыз екен, — дейін.
20
Сонымен жігіт әкесіне баруға жолға шығады. Ол әлі де алыста келе жатқанда, әкесі баласын көріп, оған жүрегі елжіреп, алдынан жүгіріп шығады. Оны құшақтап бауырына басады да, бетінен сүйеді.
21
Баласы оған:
— Әке, мен Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін, — дейді.
22
Бірақ әкесі қызметшілеріне бұйырып:
— Тезірек ең жақсы шапанды әкеліп, балама жабыңдар! Қолына мөрлі жүзік, аяғына кебіс кигізіңдер!
23
Сосын бордақыланған өгізшені әкеліп, сойыңдар, ішіп-жеп, көңіл көтерейік!
24
Өйткені менің мына ұлым өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды! — дейді. Сөйтіп олар көңілді тойды бастап жібереді.
25
Ал әкенің тұңғыш ұлы далада жүр екен. Қайтып келе жатып, үйіне жақындағанда ол қуана ән салып жатқан дауыстарды естиді.
26
Қызметшілердің бірін шақырып алып:
— Бұл не? — деп сұрайды.
27
— Ініңіз қайтып келді! Әкеңіз оны аман-есен көргені үшін бордақыланған өгізшені сойып, той жасап жатыр, — деп жауап береді ол.
28
Үлкен ұл ашуланып, үйге кіргісі келмейді. Әкесінің өзі шығып, оны шақырады.
29
Сонда ол әкесіне былай деп жауап қатады:
— Міне, мен сізге қанша жыл бойы қызмет етіп келе жатырмын, еш уақытта бұйрығыңызға қарсы шыққан емеспін. Бірақ сіз маған достарыммен бірге отырып көңіл көтеруім үшін, тым болмаса, лақ та берген емессіз!
30
Алайда бұзылған әйелдермен бірге болып, мал-мүлкіңізді шашып-төккен мына балаңыз қайтып келгенде, сіз оған арнап бордақыланған өгізшемізді сойып, той жасап жатырсыз!
31
— Ұлым, сен әрдайым менімен біргесің. Барлық меншігім сенікі ғой.
32
Ал мына інің болса, өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды. Сондықтан қуанып, көңіл көтеруіміз керек қой! — дейді әкесі».