Лұқа 10
Мәсіх Исаның халыққа жетпіс хабаршысын жіберуі
1
Содан кейін Иеміз Иса тағы басқа жетпіс шәкіртін таңдап алып, оларды Өзі баратын барлық қалалар мен ауылдарға Өзінен бұрын екі-екіден жіберді. Иеміз шәкірттеріне былай деп тапсырма берді:
2
— Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!
3
Ендеше барыңдар! Естеріңде болсын: Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қозылар сияқты жіберіп отырмын.
4
Ақша салатын қалта, жолдорба, артық аяқкиім алмаңдар. Жолда біреуге сәлем береміз деп кідіріп те қалмаңдар.
5
Бір үйге кіргенде әуелі: «Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!» деп бата беріңдер.
6
Егер онда амандық пен тыныштықты қабылдауға дайын кісі болса, берген баталарың соған қонады, әйтпесе өздеріңе қайтып келеді.
7
Сол үйде тұрып, олардың берген тамағын ішіп-жеңдер. Себебі еңбек еткен ақысын алуға лайық. Үйден-үйге көшіп жүрмеңдер!
8
Барған қалаларыңның тұрғындары сендерді қабылдаса, берген тамақты ішіп,
9
ондағы ауруларды сауықтырыңдар. Кісілерге: «Құдайдың Патшалығының араларыңда орнайтын кезі таяп қалды!» деп білдіріңдер.
10
Ал егер сендер барған бір қаланың тұрғындары өздеріңді қабылдамаса, жолға шығып, былай деңдер:
11
«Сендерге ескерту болсын деп қалаларыңнан аяғымызға жұққан шаң-тозаңды қағып тастап кетеміз. Алайда Құдайдың Патшалығының таяп қалғанын біліңдер!» —
12
Сендерге шын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом халқының жазасы жеңілірек болады!
13
Ей, Хоразин қаласы, қасіретке қаласың! Ей, Бетсайда қаласы, сен де қасіретке қаласың! Егер сендерде жасалған кереметтер (шетелдік) Тир мен Сидон қалаларында орын алған болса, олардың халқы әлдеқашан азалы киім киіп, күлге отырып, теріс жолдарынан қайтқан болар еді.
14
Қиямет сотында Тир мен Сидон елдерінің тартатын жазасы сендердікінен жеңілірек болады!
15
Ал, Қапарнаум қаласы, сенің атың мақталып, көкке шығарыла ма? Жоқ, сен түпсіз тұңғиыққа құлайсың!
16
Кім сендерді тыңдаса, соның Мені тыңдағаны. Кім сендерді қабылдамаса, оның Мені де қабылдамағаны. Ал кім Мені қабылдамаса, оның Мені Жібергенді де қабылдамағаны.
17
Жетпіс хабаршы Исаға қайтып келгенде қуана-қуана:
— Иеміз, Сіздің атыңызды атағанда тіпті жындар да бізге бағынады! — деді.
18
Сонда Иса оларға былай деп жауап берді:
— Әзәзіл шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім.
19
Естеріңде болсын: Мен сендерге жыландар мен шаяндарды таптап басып, жаудың барлық күшін жеңетін билік бердім. Енді сендерге еш нәрсе де зиянын тигізе алмайды.
20
Дегенмен жындардың өздеріңе бағынғандығына емес, есімдеріңнің көктегі кітапқа тіркелгендігіне қуаныңдар.
21
Иса сол кезде Киелі Рухтың қуанышына кенеліп: «Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайттарды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды нәресте іспетті қарапайымдарға ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін. Иә, Әке, Саған осылай болғаны ұнап тұр», — деп (көктегі Әкесіне) мақтау айтты. Иса:
22
— Маған бәрін де Әкем сеніп тапсырған. Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де жалғыз рухани Ұлы ғана біледі, әрі Ол Әкесін кімдерге білдіргісі келсе, солар да Оны жақыннан таниды, — деді.
23
Содан кейін Ол шәкірттеріне бұрылып, оңаша былай деді:
— Сендер көріп жүрген керемет нәрселерді көргендерің үшін бақыттысыңдар.
24
Сендерге айтамын: көптеген пайғамбарлар мен патшалар сендердің көріп жүргендеріңді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады.
Қайырымды самариялық туралы астарлы сөз
25
Сол кезде Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болды. Ол орнынан тұрып:
— Ұстаз, мәңгілік өмірге жетуім үшін не істеуім керек? — деп сұрағанда,
26
Иса оған:
— Таурат заңында не деп жазылған, не оқып жүрсің? — деген сауал қойды.
27
Сол адам былай деп жауап берді:
— «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, бар күш-қуатыңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!» Және «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!» делінген.
— Дұрыс жауап бердің. Осылай істейтін бол, сонда (мәңгі) өмір сүресің, — деді.
29
Бірақ өзін ақтағысы келген ғұлама Исадан:
— Сонда «маңайымдағы адам» кім болғаны? — деп сұрады.
30
Иса оған былай жауап берді:
— Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті.
31
Бір діни қызметкер сол жолмен кездейсоқ келе жатып, оны көре тұра қасынан өтіп кетеді.
32
Дәл солай жаңағы жерге келген ғибадатхана қызметшісі де оған қарап, қасынан өтіп кетеді.
33
Содан кейін бұл жерге жолаушылап бара жатқан бір самариялық келеді. Әлгі адамды көргенде оған жаны ашып,
34
қасына барады да, жараларын маймен және шараппен жуып-шайып, таңады. Оны есегіне мінгізіп алып, қонақүйге апарып, күтеді.
35
Самариялық адам ертеңінде жолға шығарда, қонақүйдің иесіне екі күміс теңге беріп: «Мына кісіге қамқорлық жасай гөр. Егер артық шығын шығарсаң, мен қайтып оралған кезде төлеймін», — дейді.
36
Ал енді, қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы «маңайындағы адам» болды деп ойлайсың? — деп Иса сол ғұламаға сұрақ қойды. Ол:
37
— Әрине, оған қайырымдылық көрсеткені, — деді. Сонда Иса оған:
— Сен де солай істейтін бол! — деп тапсырды.
Марта мен Мәриям: адамға шынында не керек?
38
Иса шәкірттерімен бірге жол жүріп бара жатып, бір ауылға кірді. Сол жерде Оны Марта есімді әйел үйіне шақырып, қонақ етті.
39
Мартаның Мәриям деген сіңлісі бар еді. Ол Иеміз Исаның аяқ жағына отырып алып, сөзін құлақ салып тыңдады.
40
Ал қонақты жақсылап күтудің қамын ойлаған Марта зыр жүгіріп қызмет етті. Арасында Исаға келіп:
— Мырза, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанына жайбарақат қарап отырасыз ба? Ол маған көмектессін, айтыңызшы! — деді.
41
Ал Иеміз Иса:
— Әй, Марта, Марта-ай, сен көп нәрсенің қамын ойлап, уайымдайсың.
42
Ал керегі бір-ақ нәрсе ғой: Мәриям игілікті жағын таңдап алды, оны содан ешкім айыра алмайды, — деді.