Лұқа жазған Ізгі хабар
Жазба туралы мәлімет
Інжіл шарифтегі осы үшінші жазбаны б.з. бірінші ғасырының 60-85 жылдары Лұқа есімді дәрігер әрі тарихшы жазып қалдырған. Осы білімді де құдайшыл ғалым Мәсіх Исаның алғашқы он екі шәкіртінің бірі болмаса да, ол Мәсіхтің тура жолымен жүріп, Пауыл елшімен және оның қызметтестерімен сапарлас та тағдырлас болды (Қол 4:14; Флм 24; Тім2 4:11; Елш 16:10; 20:5; 21:1; 27:1). Лұқа ғұлама Мәсіхтің елшілерінің айтқандары мен жазғандарын тәптіштеп жинап, реттеп, соған тағы басқа куәгерлердің де өз көздерімен көріп, құлақтарымен естігендерін қосты. Куәгерлердің арасында Исаның шешесі Мәриям да болып, басынан өткізген жайттардың бәрін Лұқаға айтып берген болса керек (2:19,51; Елш 1:14; 21:17). Ғалым осылайша Құдайдың Киелі Рухының жетелеуімен Мәсіхтің өмірі мен ілімі туралы қолыңыздағы аса құнды естелікті жазып қалдырды. Алла Тағаланың еркіне сай бұл жазба Інжіл шарифтің құрамдас бөлігі болып, күні бүгінге дейін сақталып келеді.
Лұқа осы еңбегін құрметті досы Теофилге арнап, сол кісіге және өзге де оқырмандарға өздері танып білген Мәсіх Исаның ізгілікті ілімінің берік негізін ұғындыруды мақсат етті (1:1-4).
Ғұлама өзінің түбегейлі, тарихи дәл суреттеуінде Мәсіхтің барлық елдердегі адамдарды күнәнің құлдығынан және Құдайдың қаһарынан құтқару үшін осы дүниеге келгенін көрсетуге ерекше мән берді. Мәсіхке сенімдерін артқандар күнәлары кешіріліп, аурулары жазылып, қайрат-жігерге кенелген бақытты адамдар болды. Сондықтан да сенушілердің Ізгі хабарға деген шексіз зор қуанышы шығарманың өн бойынан сезіліп отырады.