Леуіліктер  3
Қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықты ұсыну тәртібі
1
Егер біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандыққа еркек не ұрғашы мүйізді ірі қара малдан ұсынса, онда Жаратқан Иенің алдына еш мінсіз бір малды алып келсін.
2
Адам құрбандығының басына қолын қойсын. Оны кездесу шатырының кіреберісінде шалсын. Діни қызмет атқарушы Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
3
Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдірген осы құрбандығынан Оған мына бөліктерді өртеу арқылы ұсынсын: малдың бүкіл ішмайы мен шарбы майын,
4
қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
5
Һаронның ұлдары осы бөліктерді құрбандық үстелінде жанып жатқан отынның үстінде түгелдей өртелетін тартумен бірге түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
6
Егер біреу Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандығына еркек не ұрғашы бір ұсақ малын алып келсе, онысы еш мінсіз болуға тиіс.
7
Егер ол тоқты ұсынса, онысын Жаратқан Иенің алдына алып келсін.
8
Адам құрбандығының басына қолын қойсын. Оны кездесу шатырының алдында шалсын. Һаронның ұлдары тоқтының қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
9
Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығынан Оған өртеу арқылы мына бөліктерді тарту етсін: барлық майын, яғни құйымшағының қасынан кесіп алған майлы құйрығын түгелдей, бүкіл ішмайы мен шарбы майын,
10
қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
11
Діни қызметкер осы бөліктерді құрбандық үстелінде тамақ іспетті түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тарту.
а
12
Егер біреу құрбандыққа ұрғашы ешкі ұсынса, ол онысын Жаратқан Иенің алдына алып келсін.
13
Адам ешкінің басына қолын қойып, содан кейін оны кездесу шатырының алдында шалсын. Һаронның ұлдары малдың қанынан құрбандық үстеліне барлық жақтарынан бүркіп шашсын.
14
Адам Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылығын білдіретін құрбандығынан Оған мына бөліктерді өртеу арқылы тарту етсін: малдың бүкіл ішмайы мен шарбы майын,
15
қос бүйректі, олардағы майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті. Ол соңғысын бүйректермен бірге бөліп алып қойсын.
16
Діни қызметкер осы бөліктерді құрбандық үстелінде тамақ іспетті түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған хош иісті де ұнамды тарту.
Құрбандықтың бар майы Жаратқан Иеге бағышталсын!
17
Өздерің және болашақтағы ұрпақтарың барлық мекендеріңде сақтауға тиісті тұрақты ереже мынау: сендерге құрбандықтың ешқандай майын және қан атаулыны ішіп-жеуге болмайды.

а  Әрине, бүкіл әлемді жаратқан Құдай Тағалаға ешқандай тамақ қажет емес. Адамдардың Оған ұсынатын құрбандықтары мен басқа да сый-тартулары тек Оны мадақтап, Онымен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін сыртқы белгі ғана (Жыр 49:7-15; 68:31-32).