Леуіліктер 24
Киелі шатырдағы шамдар
1
Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
2
— Исраилдіктерге кездесу шатырындағы шамдардың сөнбей жанып тұруы үшін зәйтүннен сығып алынған таза майды алып келуді тапсыр.
3
Шамдар кездесу шатырындағы ең қасиетті бөлменің және ондағы Келісім айғақтары (сақталған сандықтың) алдында ілінген шымылдықтың сыртқы жағында орналасқан. Һарон осы шамдардың Жаратқан Иенің алдында күн батқаннан таң атқанша жанып тұруын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл — кейінгі ұрпақтарыңа да берілген тұрақты ереже.
4
Һарон саф алтын шам қойғыштағы шамдарды Жаратқан Иенің алдында ұдайы реттеп, сөндірмей жандырып қоюы керек.
Алтын үстелге қойылатын нан тартулары
5
Таңдаулы бидай ұнынан он екі күлше пісір. Олардың әрқайсысына пұттың оннан екісіндей мөлшерде ұн қолдан.
6
Нанды Жаратқан Иенің алдындағы саф алтын үстелдің үстіне, алты-алтыдан екі қатар етіп қой.
7
Әр қатарға таза да хош иісті шайырды қой. Осы хош иісті шайыр кейін Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын естелік іспетті нанның орнын басады.
8
Бұл күлшелерді Һарон Жаратқан Иенің алдына әр сенбі сайын қоятын болсын. Мұны ол Исраил халқының атынан мәңгілік Келісімге сай істеуге тиіс.
9
Осы нан Һаронға және оның ұлдарына тиесілі, олар сол күлшелерді киелі орында жеулері қажет. Бұл — Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын тартулардан оларға тиісті үлестің ерекше киелі бөлігі.
Әділ жазалаудың мысалдары
10
Бірде мысырлыққа күйеуге шыққан исраилдік әйелдің ұлы исраилдіктердің арасына келді. Ол ел қонысында жүргенде бір исраилдікпен төбелесіп қалды.
11
Сонда осы исраилдік әйелдің ұлы Жаратқан Иенің есімін балағаттап қарғады. Сол себепті оны Мұсаның алдына әкелді. Сол жігіттің анасының аты-жөні Дан руынан шыққан Дибри қызы Шеломит болатын.
12
Бұл жігіт туралы Жаратқан Иенің еркі анық болғанша ол қамауға алынды.
13
Содан соң Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деп бұйырды:
14
— Жаратқан Иенің есімін қарғағанды ел қонысының сыртына алып шығыңдар. Оның айтқандарын естігендердің бәрі қолдарын оның басына қойсын. Бұдан кейін Исраилдің бүкіл қауымы оны таспен атқылап өлтірсін.
15
Исраил халқына тағы мынаны айт: Құдайын қарғаған әркімнің күнәсі өз мойнында.
16
Жаратқан Иенің есімін балағаттаған әркім өлтірілсін! Исраилдің бүкіл қауымы оны таспен атқылап өлтіруге тиіс. Егер жат жұрттық не исраилдік болып туған біреу Менің есімімді балағаттаса, соны өлтіру керек.
17
Кісіні ұрып өлтірген әркім де өлтірілсін.
18
Өзге біреудің малын ұрып өлтірген әркім басқа бас төлеп, оның орнын толтырсын.
19
Өзге біреуді жарақаттаған әркімге оның соған істегені өзіне істелінсін:
20
сыныққа — сынық, көзге — көз, тіске — тіс. Ол өзге адамды қалай жарақаттаса, оның өзіне де солай істелінсін.
21
Сонымен бір малды ұрып өлтірген әркім оның орнын толтырсын. Бірақ кісіні ұрып өлтіргеннің өзі өлтірілсін.
22
Исраилдік болып туған адамды да, жат жұрттықты да бірдей заңмен соттауларың керек. Себебі Мен сендердің Құдайларың — Жаратқан Иемін.
23
Мұса осы ережелерді Исраил халқына айтып жеткізді. Олар Жаратқан Иенің есімін қарғағанды ел қонысының сыртына алып шығып, тас лақтырып өлтірді. Мұны Жаратқан Иенің Мұсаға берген бұйрығына сай істеді.