Леуіліктер 22
Жаратқан Иеге бағышталған тартулар жайлы ережелер
1
Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп бұйырды:
2
— Һарон мен оның ұлдарына мынаны жеткіз: Менің киелі есімімді қорламаулары үшін олар исраилдіктердің Маған бағыштайтын киелі тартуларына құрметпен қарайтын болсын! Мен Жаратқан Иемін.
3
Оларға тағы былай деп ескерт: Егер болашақта өздеріңнен тараған діни қызметкер арамданған күйінде исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларына жақындайтын болса, ондай адамды Менің алдымнан аластату керек. Мен Жаратқан Иемін.
4
Һаронның бір ұрпағы жұқпалы тері ауруымен ауыратын болса немесе бір аурудың себебінен денесінен ірің ағатын болса, онда оның содан тазармайынша киелі тартулардан жеуіне болмайды. Сондай-ақ, егер Һаронның ұрпағы не өлі денемен, не шәуеті ағып кеткен біреумен жанасу арқылы арамданған бір нәрсемен жанасса
5
немесе арамдайтын құжынаған жәндікпен не қандай да себептен арамданған кісімен жанасса онда ол таза емес болып саналады.
6
Осындай нәрселермен жанасқан діни қызметкер кешке дейін таза емес болады. Кешке ол денесін сумен жусын. Бұған дейін оның киелі тартулардан жеуіне болмайды.
7
Тек күн батқан соң ғана ол таза болып, оның киелі тартулардан жеуіне болады. Себебі бұлар — оның үлесіне тиген тамақ.
8
Діни қызметкер арам өлген не жыртқыш аңдарға таланып өлген ешқандай хайуанның етін жемесін! Себебі бұл оны арамдайды. Мен Жаратқан Иемін.
9
Діни қызметкерлер Менің бұйрықтарымды орындаулары керек. Ал егер соларға немқұрайды қарап бұзатын болса, онда олар кінәлі болып, өлім құшады. Оларды Өзіме бағыштап киелі еткен Мен Жаратқан Иемін.
10
Діни қызметкердің отбасына жатпайтын кез келген адамға киелі тартулардан жеуге тыйым салынған. Ол діни қызметкердің не қонағы, не жалшысы болсын, бәрібір оның сол тартулардан жеуіне болмайды.
11
Ал діни қызметкердің өз ақшасына сатып алған немесе оның үй ішінде дүниеге келген басыбайлы қызметшісіне оның арнайы тамағынан жей беруіне болады.
12
Егер діни қызметкердің қызы діни қызметкерлер әулетінен шықпаған басқа біреуге күйеуге шықса, онда оның бұдан былай киелі тартулардан жеуіне болмайды.
13
Ал егер діни қызметкердің қызы жесір қалып не күйеуімен ажырасып, баласы болмай әкесінің үйіне қайтып келіп, жас кезіндегідей бірге тұратын болса, оған оның арнайы тамағынан жеуіне болады. Бірақ сырттан келген ешбір адамның одан жеуіне болмайды.
14
Ал егер қайсыбір адам киелі тартуды білмей жеп қойса, ол діни қызметкерге сол тартудың орнын толтырып, үстіне құнының бестен бір бөлігін қосып қайтарсын.
15-16
Діни қызметкерлер өзге исраилдіктердің Жаратқан Иеге бағыштаған киелі тартуларынан жеп, оларды арамдауларына жол бермесін! Әйтпесе әлгі адамдар кінәлі болып, солары үшін оның төлемін төлеуге тиіс болады. Сол тартуларды киелі ететін Мен Жаратқан Иемін.
Лайықты және лайықсыз құрбандықтар
17
Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
18
— Һаронға, оның ұлдарына және бүкіл Исраил халқына мынаны айт: Егер кейбіреулерің, исраилдік болсын, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттық болсын, ант етілген немесе өз еркімен Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық ұсынатын болса,
19
ол ешбір мінсіз бір бұқаны, қошқарды немесе текені алып келсін. Сонда ғана құрбандығы қабылданады.
20
Кемістігі бар еш малды Жаратқан Иеге ұсынбаңдар, әйтпесе оларың қабылданбайды.
21
Егер біреу берген антын орындау үшін немесе өз еркімен Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандық ұсыну үшін мүйізді ірі қара не ұсақ малынан алып келсе, Жаратқан Ие ондай малды ешбір мінсіз болса ғана мақұлдап қабылдайды.
22
Сондықтан мынадай малдарды: соқыр немесе бір мүшесі сынған, не тілік жарақаты, не сүйелі, не іріңді жарасы, не қышыма-қотыр, есекжем секілді ауруы бар малдарды шалып, құрбандық үстелінде Жаратқан Иеге түтетіп өртеп ұсынуға болмайды.
23
Ал егер өз еркіңмен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалғың келсе, бір мүшесі нысаналы немесе дұрыс өспей қалған мүйізді ірі қара не ұсақ малды құрбандыққа шалуға болады. Бірақ сондай мал ант етілген құрбандық ретінде қабылданбайды.
24
Ұрық безі зақымданған, езілген, жұлынып қалған немесе кесіп тасталған малды Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға болмайды. Елдеріңде осылай еш істемеңдер!
25
Мұндай кемістігі бар малдарды Құдайға тамақ іспетті тарту ретінде ұсынуға жат жұрттықтан да қабылдап, алып келмеңдер! Олар кемістігі бар зақымданған мал болғандықтан, құрбандығың ретінде қабыл болмайды.
26
Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді:
27
— Жаңа туған бұзау, қозы не лақты анасынан жеті күн айырмаңдар. Сегізінші күннен бастап сол жас малды Жаратқан Иеге өртеу арқылы ұсынылатын құрбандық ретінде қабылдауға болады.
28
Сиырды бұзауымен немесе қойды қозысымен бір күнде соймаңдар!
29
Жаратқан Иеге шүкірлік құрбандығын шалғанда, оны қабылданатындай етіп ұсыныңдар.
30
Малдың етін сол күні жеп бітіріңдер, келесі күнгі таңға дейін ештеңесін қалдыруға болмайды. Мен Жаратқан Иемін.
31
Менің өсиеттеріме бағынып, оларды орындаңдар! Мен Жаратқан Иемін.
32
Менің киелі есімімді қорламаңдар! Исраилдіктер Менің киелі екенімді мойындап қастерлей берсін! Мен сендерді Өзіме бағыштап киелі ететін Жаратқан Иемін.
33
Сендерге Құдай болу үшін өздеріңді Мысыр елінен алып шықтым. Мен Жаратқан Иемін.