Леуіліктер 10
Надаб пен Әбиһудің еркінсіп күнә жасауы
1
Һаронның Надаб пен Әбиһу есімді ұлдары шоқ салатын табаларын қолдарына алып, оларға оттың шоғы мен хош иісті шайыр салды. Алайда олар Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынды.
2
Сол себепті Жаратқан Иенің алдынан бір от лап етіп шығып, оларды жалмап қойды. Осылайша олар сол жерде Жаратқан Иенің алдында өлді.
— Жаратқан Иенің «Маған жақындап келетіндер арқылы Өзімнің киелі екенімді көрсетемін, барлық халықтар алдында салтанатты ұлылыққа кенелемін» дегені осы туралы болатын, — деп түсіндірді. Содан Һарон үндемеген күйі қала берді.
4
Мұса сонда Һаронның әкесінің інісі Ұзиелдің ұлдары Мишайл мен Елсапанды шақырып алып, оларға: «Мұнда келіңдер, мына туысқандарыңды киелі орыннан алысқа, ел қонысының сыртына алып кетіңдер», — деп тапсырды.
5
Олар келіп, екі өлікті үстеріндегі ұзын көйлектерімен бірге көтеріп алып кетіп, Мұсаның бұйрығы бойынша, қоныстың сыртына шығарды.
6
Содан соң Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары Елазар мен Ітамарға: «(Аза тұтып жалаң бас жүріп) шаштарыңды жайып жібермеңдер және көйлектеріңнің өңірін айыра жыртпаңдар! Әйтпесе өздерің де өлесіңдер, әрі Жаратқан Ие бүкіл қауымға да қаһарын шашатын болады. Алайда бауырластарың — Исраилдің бүкіл халқына Жаратқан Ие өртеп құртқан сендердің ағайындарыңды жоқтап аза тұтуларына болады.
7
Жаратқан Ие сендерді осы қызметке май жағу рәсімімен тағайындағандықтан, кездесу шатырының кіреберісінен шықпаңдар, әйтпесе өлесіңдер», — деді. Содан олар Мұсаның жеткізген бұйрығына сай істеді.
Діни қызметкерлердің халыққа киелілік туралы үйретуі
8
Содан соң Жаратқан Ие Һаронға нұсқау беріп былай деді:
9
— Сенің өзіңе де, ұлдарыңа да кездесу шатырына кірген әрбір кездеріңде не шарап, не басқа да ашытылған сусындарды ішулеріңе болмайды! Әйтпесе өлесіңдер. Бұл өздеріңе, болашақ ұрпақтарыңа берілген тұрақты ереже.
10
Сендер ненің киелі, ненің киелі емес жай екенін және ненің таза да адал, ненің арам екенін ажырата білулерің керек.
11
Исраил халқына Менің, Жаратқан Иенің, Мұса арқылы тапсырған барлық ережелерімді үйретуің де қажет.
12
Кейін Мұса Һарон мен оның қалған ұлдары — Елазар мен Ітамарға тіл қатып былай деді:
— Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған тартулардан қалған астық тартуын алыңдар. Оны ашытқысыз дайындап, құрбандық үстелінің жанында жеңдер, себебі бұл — Жаратқан Иеге бағышталған ерекше киелі тарту.
13
Оны тек киелі орында ғана жеңдер! Бұл — Жаратқан Иеге өртелу арқылы жасалған тартулардан өзіңе және ұлдарыңа арналған үлес. Маған берілген бұйрық осындай.
14
Ал құрбандықтың Жаратқан Иеге әрі-бері тербеп ұсынылған төсін және жоғары көтеріп ұсынылған санын өздеріңе және ұл-қыздарыңа жеуге болады. Себебі сол бөліктер исраилдіктердің Жаратқан Иемен қарым-қатынастарына ризашылық білдіретін құрбандықтарынан саған және ұлдарыңа берілген үлес. Осы етті тазару рәсімі жасалған бір жерде жеңдер.
15
Исраилдіктер құрбандықтың өртелу арқылы ұсынылатын майлы бөліктерімен бірге жоғары көтерілетін санын және тербеп ұсынылатын төсін де әкелсін. Оларды Жаратқан Иенің алдында әрі-бері тербеп ұсынсын. Жаратқан Иенің бұйрығына сай құрбандықтың оң жақ саны мен төсі — сендердің өздеріңе және ұлдарыңа берілген тұрақты сыбаға.
16
Мұнан кейін Мұса күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде ұсынылған теке туралы сұрастырып, оның өртеліп кеткенін білді. Сонда ол Һаронның қалған екі ұлы Елазар мен Ітамарға ашуланып, былай деді:
17
«Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты неге киелі орында жемедіңдер? Осы құрбандық ерекше киелі. Ол қауымның күнәларын арқалап, Жаратқан Иенің алдында халықты күнәнің арамдығынан тазарту үшін сендерге берілген еді ғой.
18
Оның қаны киелі шатырдың ішіне апарылмады. Сондықтан сендер менің бұйырғанымдай оның етін қасиетті орында жеуге тиісті едіңдер».
19
Сонда Һарон Мұсаға былай деп жауап берді: «Бүгін олар Жаратқан Иенің алдында күнәнің құнын өтейтін және түгелдей өртелетін құрбандықтарын ұсынды. Ал енді осы жайт басыма түсті! Бүгін күнәнің құнын өтейтін құрбандықтан жегенімде Жаратқан Ие маған риза болар ма еді?»
20
Осыны естігенде Мұса онысын мақұл көрді.