Жоқтау 3
Халықтың мұңын шағуы әрі жұбанышының себебі
1
(Пайғамбар не қайғырған басқа адам:)
Иемнің қаһарынан таяқ жеген адаммын мен,
2
Ол айдап жүргізді мені жарық емес, түнекпен.
3
Күн ұзағына Ол өзімді ұрғылай береді,
4
Ет пен терімді шірітіп, сындырды сүйектерімді,
5
Зор азап, ауыртпалықпен мені қоршап алды,
6
Ежелде өлгендердей түнекте отырғызды.
7
Шықпастай қоршап, Ол мені қоламен шынжырлады.
8
Қатты шақырсам да, дұғама құлақ салмады.
9
Жолымды Ол ирелеңдетіп қисық қылды,
Қашалған қойтастар қойғандай бөгет салды.
10
Ием мен үшін аңдып жатқан аюдай,
Әрі жасырынып жатқан арыстандай,
11
Ол мені жолдан сүйреп, талап тастады,
Мүлдем дәрменсіз қылып оңаша қалдырды.
12
Жаратқан мергендей садағын тарта берді,
Жебелері үшін нысана етті мені,
13
Осылайша Ол бүйректеріме менің
Атқылады қорамсағының жебелерін.
14
Мен бүкіл халқымның күлкісіне айналдым,
Олар мазақтап мені ән салады күн сайын.
15
Ием мені ащы күйінішпен тойдырды,
Удай ащы жусаннан ішкізіп мас қылды.
16
Тәңір тістерімді таспен сындырып тастады,
Күл-топыраққа Ол мені басып таптады.
17
Тыныштық атаулыдан айырылды жаным,
Амандықтың не екенін мүлдем ұмытқанмын.
18
Былай дедім: ғайып болды Менің бар күшім,
Жаратқан Иеге артқан бүкіл үмітім.
19
Мүшкіл халім мен мүсәпір жағдайымды
Еске алсам, күйініш толтырады жанымды.
20
Олар жадымда берік сақталып қалады.
Содан жаным түңіліп, қатты қайғырады.
21
Алайда мына жайтты есіме аламын,
Соған мен енді үмітімді артамын:
22
Түгелдей құрып кетпегеніміз біздің
Берік рақымынан Жаратқан Иенің,
Өйткені рақымы Оның сарқылмас дәйім,
23
Жаңара береді ол таң атқан сайын.
Уа, Ием, сондай зор Сенің адалдығың!
24
Өзіме: «Жаратқан Ие — үлесім менің,
Сондықтан үмітімді артам Оған!» деймін.
25
Иеміз ізгі Өзіне үміт артқанға,
Шындап Оған бет бұрып сиынатын жанға!
26
Жаратқанның оны құтқарып азат етуін
Сабыр сақтап күткені игі адам үшін.
27
Жас кезінен Тәңірге мойынсұнып жүргені
Адам баласы үшін сондай игілікті!
28
Оңашада отырсын ол тыныштықпен,
Өйткені Жаратқан Ие соны оған жүктеген.
29
Тәңірге бағынып жерге дейін бас исін,
Әлі де үміт бар шығар сол адам үшін,
30
Өзін соққан жауға бетін ұсынсын,
Соның көрсеткен көп қорлығына көнсін.
31
Өйткені өз халқын Жаратқан Ие
Өзінен аластатпайды мәңгілікке.
32
Ол қайғыртса да, кейін рақым көрсетеді,
Соншалықты зор Оның берік мейірімі!
33
Адам баласына қайғы-қасіретті
Ол өз жүрек қалауымен жібермейді.
34
Қайта, елдегі бар тұтқынды басып жаншуды,
35
Хақ Тағала алдында адам құқығын бұзуды,
36
Адамға тиісті әділдікті бұрмалауды:
Жаратқан Ие көрмей ме сол сұмдықтарды?
37
Жаратқан Ие солай болсын демесе,
Адам қолынан мұндай нәрсе келе ме?
38
Ауыртпалық пен амандық екеуі де
Жаратқан Иенің айтуымен келмей ме?
39
Адам өз күнәсі үшін қасірет шексе,
Оның шағым айтуы керек несіне?
40
Жүрген жолдарымызды байқап сынайық,
Жаратқан Иеге қайтадан оралайық!
41
Көктегі Құдайға жүрегімізді ашайық,
Оған сиынып қолымызды жаяйық:
42
«Біз опасыз болып бағынбай кеттік Саған,
Әрі Сен кешірім берген жоқсың бұған.
43
Қаһарыңа бөленіп, бізді қудаладың,
Еш мейірімділік көрсетпей қырып-жойдың.
44
Өзіңе өтпеуі үшін дұғамыздың,
Сен бұлтпен тұмшаланып жасырындың.
45
Бізді халықтар арасындағы «қоқысы»
Етіп жібердің әрі «сыпырындысы».
46
Күллі қарсыластарымыз да бізді
Ауыздарын кең ашып келемеждейді.
47
Бар көретініміз — үрей мен тұзақ,
Қырылу мен ойранға душар болдық».
48
Ойран түсті қымбат халқымның басына,
Содан көз жасым көл болып ағылуда.
49
Көз жасым еш тоқтамай аға береді де,
50
Жаратқан Ие көктен қарап көрмейінше.
51
Қаланың бейбақ әйел затына бола
Жаным қайғы-қасіретке батуда.
52
Дұшпандарымның хақысы болмағанмен,
Құс аулағандай соңымнан қуып жеткен.
53
Құдық ішінде олар жанымды алмақ болды,
Сонымен қатар мені таспен атқылады.
54
Су ағыны асып кетті сонда басымнан,
Мен: «Құрыдым енді!» деп түңіліп ойлағам.
55
Атыңды сенің терең құдық түбінен
Уа, Жаратқан Ием, атап шақырдым мен.
56
«Құлағыңды көмек сұраған үнімнен
Жаппашы!» деген жалынышымды естідің Сен.
57
Солай шақырғанымда жақындап келдің,
«Еш қорықпа!» деп мені жігерлендірдің.
58
Уа, Жасаған Ие, Сен мүддемді қорғадың,
Құнын өтеп менің өмірімді құтқардың.
59
Ием, шеккен зорлығымды көріп келесің.
Әділдікпен шеше гөр ісімді менің!
60
Сен көресің дұшпандардың кекшіл қылықтарын,
Олардың маған қарсы ойлаған сұмдықтарын,
61
Уа, Ием, мені мазақтап қорлағандарын
Маған қарсы құрып қойған жоспарларын,
62
Қарсыластарымның күнде күбірлескендерін,
Маған қарсы сөз байласып жүретіндерін.
63
Назар аударшы: олар отырса да, тұрса да,
Мені ылғи әнге қосып келеке қылуда.
64
Уа, Жаратқан Ие, осы дұшпандарыма
Істеріне тиісті жаза тартқызасың,
65
Жаулардың жүректерін қасарыстырасың,
Оларды қарғысыңа ұшыратасың,
66
Уа, Ием, қаһарлана қудалайсың,
Аспаныңның астынан аластатасың.