Жоқтау  2
Жаратқан Иенің алдын ала ескерткендерінің орындалуы
1
(Пайғамбар:)
Жаратқан Ие Сион халқын қалайша
Өз қаһарының бұлтымен тұмшалауда!
Исраилдің даңқты ұлылығын Өзі
Аспаннан жерге лақтырғандай етті!
Қаһарын ашық білдірген сол күні
Иеміз ешқандай мүсіркемеді
Аяғының тұғыры — киелі үйді.
2
Жаратқан Ие Жақыптың жеріндегі
а
Бар үйлерді аяусыз құртып жіберді.
Ол ашуланып, Яһуда еліндегі
Қамалдарын бұзып тастап бүлдірді,
Патшалықты әрі әміршілерді
Арамдап аяқасты етіп жіберді.


3
Ием қатты қаһарланып, Исраилдің
Талқанын шығарды, барлық күштерінің.
ә
Жау шапқанда Тәңір құдіретті қолын
Еш созған жоқ бізді қорғау үшін.
Ол лапылдаған оттай түкпір-түкпірін
Жалмап тұр Жақыптың бүкіл елінің.


4
Жаратқан мергендей тартты садағын,
Оң қолымен қыруға тұрды дайын.
Ол қас жауы сияқты халқымыздың
Құртып жіберді қымбат жастарын.
б
Жаратқан Қыз Сионның шатырының
в
Үстіне оттай төге берді қаһарын.


5
Жаратқан Ие қарсыласқа айналды,
Түгел жұтып жібергендей Исраилді.
Бар сарайының күл-талқанын шығарды,
Бекіністерін жермен-жексен қылды.
Қыз Яһудаға
г
қайғылы жоқтау айттырды.
6
Өзінің киелі үйін Ол қиратты
Бақшадағы күркені күйреткен сияқты,
ғ
Халқының мейрамға жиналған жерін құртты.
Ием Сионға өзінің мейрамдары
Мен діни демалыс күндерін ұмыттырды.
Қатты ашуланған Ол тіпті патшаны
Аяған жоқ әрі діни қызметкерді.
д
7
Тәңір Ие өз құрбандық үстелінен
Безіп кетті әрі киелі үйінен.
Ол Сион шаһарындағы сарайларды
Дұшпандарының қолына тапсырды.
Солар Жаратқанның ғибадатханасында
Мейрам болып жатқандай айқай салуда.


8
Жаратқан Ие Сион шаһарының
Қамалын да бұзуды жоспарлаған.
Ол өлшеуіш жіп тартып, түгел құртамын
Деп, қайтқан жоқ ойына алғанынан.
Бар бекіністер мен қабырғалардан
Қаладағы түк қалмады сондықтан.
9
Шаһардың қақпалары жерге шөкті,
Ысырмаларын Ол сындырып күйретті,
Қаланың патшасы мен әміршілері
Бөтен жұрт арасына айдалып кетті.
Оларда мүлдем жоқ Таурат заңы,
Жаратқаннан аян көрмейді пайғамбарлары.
10
Жерде үнсіз отыр Сионның ақсақалдары,
Азалы киініп, бастарына топырақ шашты.
Ұялып бас иіп жүр Иерусалим қыздары.


11
Халқым құрып, бала мен бөбектің көшелерде
Аштан өліп жатқандарын көргенімде,
Төгілген жасымнан талды көздерім де,
Жаным қиналды, ақтарылғандай боп жерге.
12
Сәбилер: «Тамақ, сусын қайда?» — деп аналарына,
Жаралы адамдай көшелерде талықсуда,
Жан тапсырады аналарының құшағында.


13
Иерусалим, не дейін саған, неге теңейін сені?
Уа, Сион халқы, немен салыстырып жұбатам сені,
Жараң теңіздей терең, кім жаза алар өзіңді?
14
Пайғамбарларыңның хабарлары пайдасыз, жалған,
Айдаудан сақтап олар күнәңді ашпады саған,
Өтірік аяндар паш етіп сені адастырған.
15
Өткен-кеткеннің бәрі қол шапалақтауда,
«Мінсіз әсем, бар жердің қуанышы деген қала
Осы ма?» — деп ысқыра бастарын шайқауда.
16
Күллі жауың саған арандарын ашуда,
Ысқыра тіс қайрап: «Оны жалмап тындық та!
Көп күткен күнді, міне, көрдік!» — деп мақтануда.
17
Жаратқан жоспарын орындап, баяғы сөзін
Іске асырды: сені аяусыз қырып, жаудың
Табалауына жол беріп, молайтты оның күшін.


18
Жан сала халқың Тәңір Иеге үн қатады,
Өзің де, көзің де тыншымай, уа, Сион қамалы,
Күні-түні өзендей қып ағыз көз жасыңды!


19
Тұр да айқайла, уа, Сион, түнгі күзет басталғанда,
Тәңір алдында жүрегіңді ақтар әр көше басында!
Аштан өлер халқың үшін қолыңды жай жалбарына!


(Иерусалим:)
20
«Қарашы, Ием, қай халыққа істедің мұндайды,
Туып-өсірген балаларын әйелдер жалмайды!
Қызметкер, пайғамбар өз киелі үйіңде құриды!
21
Көше бойы жерде жатыр жас та, кәрі де,
Семсерден қырылды қыз-жігіттерім де,
Бәрін аямай құрттың қаһарланған күніңде.
22
Жан-жақтан апат шақырдың тойға жиған сияқты,
Ием, қаһарлы күніңде ешкім қашып құтылмады,
Мәпелеп өсіргендерімді жау құртып тастады».

а  1:17.

ә  Немесе: Исраилдің мүйіз іспетті күштілерінің бәрін сындырып тастады.

б  Немесе: көзге ең қымбаттыларын.

в  Яғни Иерусалим қаласының (1:6).

г  Яғни Яһуда халқына (1:15; 2:2).

ғ  Иш 1:8; 5:5-7; Ерм 5:10.

д  1:4; 4:16; Ерм 17:27; 52:13; Соф 3:18.