Еремияның жоқтауы
Жазба туралы мәлімет
Бұл жазба б.з.д. 586 ж. Иерусалим қаласы талқандалған кездегі яһуди халқының орасан зор қайғысын жоқтау жыры түрінде бейнелейді. Бабыл әскері қаланы он сегіз ай бойы қоршауға алғанда қатты азап шеккен халық бір-біріне қайырымсыз болды. Ақырында жау қала қамалының қабырғасын бұзып құлатты. Олар халық Құдайға мінажат еткен сәулетті ғибадатхананы тонап, қорлап, талқандады, сондай-ақ қаладағы сарайларды да өртеп жойды. Патша мен әміршілер және халықтың басым көпшілігі алыстағы Бабыл еліне айдалып әкетілді.
Жырау бұл апаттың халықтың Құдайға мойын бұрмағанының кесірінен екенін түсінді. Халық Жаратқан Ие өздерінің ата-бабаларымен жасаған қасиетті Келісімді ғасырлар бойы бұзып, күнәға батқан еді. Сондықтан да Хақ Тағала Өзі бұрын ескерткендей, халықты жауларының қолдарына тапсырды. Енді терең қайғырған халық өздерінің жасаған теріс қылықтарына өкініп, шын жүректен Жаратқан Иеге қайтып келу қажеттігін ұғынуға тиіс болды. Өйткені жалғыз Оның Өзі ғана — берік рақым мен үміттің, құтқарылу мен ақталудың қайнар көзі (3:22-23).